Сарапшылар: АЭС энергия мұқтаждығын өтеп, экономиканы өрге сүйрейді

Атом электр станциясы — баламалы энергия көзі. Стратегиялық нысан арқылы алынған энергияға салық салынбайды. Өйткені ол экологияны ластамайды. Ал, болашақта көмірден энергия өндіретіндерге карбон салығы салынады. Онда энергияның тарифі еселеп өседі. Өндіріс көлемі күрт қысқаруы мүмкін. Міне, сол кезде энергия тапшылығы мәселесі өзекті болады дейді сарапшылар. Ал атом электр станциясының экономикалық пайдасы қандай? Бұл мәселеге Jibek Joly жаңалықтарында жан-жақты шолу жасалды. 

1727694459703279.jpeg

(Сурет kstnews.kz сайтынан алынды)

Қазір геосаяси шиеленістен әлемде экономикалық ахуал шатқаяқтап тұр. Газ тапшылығынан Батыс елдерінің біразы қиын жағдайға тап келіп отыр. Оның ішінде АЭС-і бар Франция ғана көгілдір отынға тарығып отырған жоқ. Себебі Париж газдың жылуына зәру емес.

«Біз атом электр стансаларының игілігін 70 жыл бойы көріп келеміз. Осы жылдар аралығында ешқандай қауіп те, апат та болған емес. Бұл — нағыз қауіпсіз әрі тиімді энергия көзі. Бастысы барлық технология сақталып, дұрыс пайдалана білсе игі», — дейді EDF компаниясының Азиядағы бизнесті дамыту жөніндегі басшысы Пьер-Пол Отениссанс.

Энергия тапшылығы сезілген сайын ғаламдық энергетика жүйесінің АЭС-ке тәуелділігі арта түсті. Қазақстанда да мәселе өзекті. Халық саны мен кәсіпорындар көбейіп жатқандықтан электр қуатын тұтыну да өскен. Ал өндіріс үшін тұрақты энергия көзі керек.

Әсіресе оңтүстік өңірлерде электр қуаты қат. Мәселен, елде жарты жылда 6 мың мегават энергия тапшы болған. Елдегі станциялардың 70 пайызы көмірмен жұмыс істейді әрі басым бөлігі әбден тозған. Арагідік істен шығып, жөндеу жұмыстарын қажет етеді.

«Осы жылдың алты айында еліміз 60 млрд квт сағат электр энергиясын тұтынды. Оның 1 млрд-ын Ресейден сатып алдық. Былтыр бүкіл тұтынылған энергияның 2 пайызын Ресейден алуға мәжбүр болдық», — дейді Энергетика министрлігі атом энергетикасы және өнеркәсібі департаменті директорының орынбасары Гүлмира Мұрсалова. 

Ресейден бөлек, Қырғызстаннан да электр қуатын импорттаймыз. Әлбетте, бұл — мемлекет үшін артық шығын. Өзбек ағайын болса, өз атом станциясын салуды жөн көрді. Егер Қазақстан қазірден қамданбаса, оңтүстіктегі көршімізден де тоқ тасымалдауға тура келеді.

«Қазақстанда энергиядан тапшылық болса да байқамаймыз, себебі жетпегенін жан-жақтан импорттап алып жатырмыз. Ал егер атом электр станциясы салынса, біз өзіміздегі тапшылықты жабамыз, сонымен қатар электр қуатын экспорттауға мүмкіндік ашылады», — дейді «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиев.  

Экспорттау жағы уақыт еншісінде. Алдымен өзіміздің қажеттілігімізді өтеп алу керек дейді депутаттар. Қазір дүниежүзінде экологиялық қауіпті болғандықтан көмірден энергия алатын жобалар мүлдем іске асырылмайды әрі халықаралық ұйымдар тарапынан қаржыландырмайды.

Ал, жасыл экономикаға телитін жел және күн станциялары тұрақты энергиямен қамтамасыз етпейді.

«Қазір салынып жатқан жасыл энергия көздері өкінішке қарай, Қазақстанның бүкіл қажеттілігін жаба алмай отыр. Сондықтан атом электр стансасын салу қажет. Дегенмен ол станцияның қауіпсіздігі, жаңа технологиясы — бәрі халықаралық стандартқа сай болуы және халықаралық бақылауда болуы тиіс», — деп атап өтті Мәжіліс депутаты Ерлан Сайыров.  

АЭС-тің энергетикалық тиімділігінен бөлек экономикалық пайдасы орасан дейді экономистер. Олардың айтуынша, жоспар бойынша 2000 адам жұмыспен қамтылады. Оның ішінде 400 адам — ядролық сала мамандары.

«Ең жақсы мысал — Түркиядағы Аккую стансасы. Объект салынғаннан кейін сол аймақтың экономикасы 12 пайызға өсті. Өйткені ол жерге мыңдаған жұмыскер келді, инвестиция құйылды, сөйтіп жергілікті халықтың әл-ауқаты жақсарды», — дейді экономист Жәнібек Абдулла.  

Алып станцияның жүйелі жұмыс істеуі — мамандардың жауапкершілігі. Қазақстан үшін атом энергетикасы саласы таңсық емес. Әрі елімізде осы сала үшін мамандар даярланып та жатыр. Енді шетелдік университеттермен серіктестікті нығайту — кадр даярлаудың жоғары деңгейін қамтамасыз етпек.

«Ең негізгі контингентіміз — физиктер. Оның ішінде ядролық физика мамандарын даярлауға жыл сайын мемлекеттік білім тапсырысын бөліп келеміз. Қазір жылына шамамен 5 мыңдай грант бөлінеді. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасын табады», — деді Ғылым және жоғары білім минстрлігінің комитет төрағасы Жанна Есімбаева.  

Сонымен, АЭС-тің халық пен өндірістің қажеттілігін өтеуден бөлек, экономикалық тиімділігін тізбектесек, отандық өнеркәсіп, бизнес, білім мен ғылым салалары дамиды. Жаңа жұмыс орындары ашылады. Табиғи байлығымыздың пайдасын өзіміз көреміз. Жаңа технологиялар мен инвестициялық жобалар көптеп келе бастайды. 

Өзімізден артылған электр энергиясын сыртқы нарыққа сатамыз. Ал бұған дейін электр импортына жұмсаған қаражат ел ішіндегі маңызды жобаларға бағытталады. Көлік инфрақұрылымының жақсаруына да сеп болады.

Mezgil.kz


Ұқсас тақырыптар