Өзбекстанда салынатын АЭС «құрғақ» салқындату жүйесімен жұмыс істейді

Өзбекстанда салынатын атом электр стансысына «құрғақ» салқындату жүйесі енгізілмек, деп хабарлайды 24KZ.

1727694761934970.jpg

(Сурет Анадолы агенттігінен алынды)

Мұндай шешім өңірде болуы мүмкін су тапшылығына байланысты қабылданып отыр. Көрші елдің салаға жауапты физик-ядрошылары тың технологияның мүмкіндігін жан-жақты зерттеген. Соның нәтижесінде энергетикалық нысан тұтынатын су мөлшерін бірнеше есе азайту жолы ұсынылды.

Өзбек жерінде АЭС салу идеясы көптен бері талқыланып келеді. Қазірге дейін АҚШ, Қытай, Франция, Ресей және Оңтүстік Корея сынды елдердің ұсыныстары зерделенген. Түпкілікті келісім ресейлік тараппен жасалды. Нәтижесінде Джизак өлкесінде 6 реактордан тұратын 330 мегаваттық аз қуатты атом электр стансысы салынатын болды.

Шохмирзо Умаров, Өзбекстан Ұлттық ядролық зерттеу университеті филиалының оқытушысы:

- АЭС салу шешімін қабылдаудың бірнеше себебі бар. Біріншіден, біз цифрлық экономикаға ойысып жатырмыз. Бұған дейін «Цифрлық Өзбекстан» стратегиясы қабылданды. Оған сай барлық саланы цифрландыру процесі жүріп жатыр. Сонымен қатар Өзбекстан аграрлық-өнеркәсіптік елден өнеркәсіптік мемлекетке айналуға ниетті. Сондықтан бұлардың барлығы үздіксіз электр энергиясын қажет етеді.

Енді көршімізде атом энергетикасы үшін маман даярлауға ерекше назар аударылып отыр. Ташкентте физика-техникалық институттың филиалы ашылып, арнайы кафедралар қызметін бастады. Шетелде білім алуға ниетті жастар үшін де жағдай жасалған. Жергілікті физик-ядрошылардың айтуынша, АЭС жылу электр стансыларымен бір мөлшерде су тұтынады. Себебі екеуінде де біркелкі термодинамикалық процесс жүреді.

Шохмирзо Умаров, Өзбекстан Ұлттық ядролық зерттеу университеті филиалының оқытушысы:

- Жүйе турбинаға орнатылады. Ал турбиналық механизм атом және жылу электр стансысында бірдей. Яғни, су буға айналады, кейін ол турбинаны іске қосады да әрі қарай ол бу конденсат күйінде тұнады. Көпшілігі АЭС көп су тұтынады деп ойлайды. Дегенмен бұл – жаңсақ пікір. Егер қуаты бірдей болса, онда АЭС те жылу электр стансыларымен бір мөлшерде су тұтынады.

Қазір Джизак облысында ірі энергетикалық нысанға қажетті инфроқұрылым қалыптаса бастады. Ең әуелі құрылысшыларға арналған қалашық бой көтермек. Өткен айда тараптар арасында тиісті хаттамаға қол қойылды. Еске салайық, стансының алғашқы реакторы 2029 жылдың соңында іске қосылады. Ал толық қуатта 2033 жылдан бастап жұмыс істейді.

Дегенмен Өзбекстан өңірде су тапшылығы болуы мүмкін екенін ескеріп отыр. Сондықтан құрылысы таяу арада басталатын атом электр стансысына «құрғақ» салқындату жүйесін енгізуге ниетті. Мамандардың есебі бойынша ол реакторларға қажетті суды шамамен 10 есе азайтады.

Авторы: Рауан Мыңбаев.

Mezgil.kz


Ұқсас тақырыптар