Алтын Юсупқызы: Кәсіподақ атқаратын жұмыстың маңызы зор

Елімізде әр саланың мүддесін қорғайтын кәсіподақ ұйымдары бар. Ол ұйымдардың мақсаты мен міндеті, жоспары мен арнайы бағдарламасы да бар. Біз республика бойынша ақ халатты абзал жандардан құралған «Ақниет» медицина қызметкерлері кәсіподақ ұйымының Алматы қаласы бойынша төрайымы Алтын Юсупқызымен арнайы сұхбаттасып, кәсіподақ атқаратын жұмыстар жайында әңгіме өрбіттік.

1727782943678381.jpg

- Алтын Юсупқызы, «Ақниет» медицина қызметкерлері кәсіподақ ұйымы жайында айтып берсеңіз? Кәсіподақ қандай міндеттерді атқарады?

- «Ақниет» кәсіподақ ұйымын ғасырға жуық тарихы барын айтып өткім келеді.  Біздің кәсіподақ еліміз бойынша ең ірі. Бүгінде Алматы, Астана мен Шымкент қалаларынан бөлек  еліміздің 14 облысының орталығында бөлімшелеріміз бар. Бүгінде кәсіподақ құрамында 70 мыңнан астам медицина қызметкері мүшелік етеді. Сонымен қатар Алматы қаласындағы 30-дан астам медициналық мекеме біздің кәсіподаққа  қарайды. Бүгінде біз ұйымның жұмысын бекітіп, нақты бағытын айқындап, жаңа деңгейге көтердік. Біз қазір 60/40 ережесімен жұмыс істейміз. Түсіндіретін болсам, 60 пайыз мекемелерге қайта қайтарылады, ал 40 пайыз кәсіподақ шотына жиналады. Ал оның ішінен 10 пайызы резерв ретінде сақталып тұрады. Бұл резервтегі қордың мақсаты-медицина қызметкерлері қиын жағдайға тап болса, немесе төтенше бір жағдайларға ұшырап қалса, сол қызметкерлерге көмек ретінде аударылады.  Жұмыс кезінде жол апаты, немесе әуе апаты болып қызметкерлеріміз қаза болған жағдайда, оладың отбасына көмек қаржы аударылады. Біз осындай өмірдің оқыс сәттеріне де назар аударамыз, кәсіподақ ұйымы болғаннан кейін ең басты мақсатымыз біздегі мүшелік ететін дәрігердің құқығын қорғау. Оның әлеуметтік жағдайын көтеру.  Өз саласында жұмыс істеуге  кедергі келтірмеу, маман ретінде дамуына,  қосымша білім алуына демеу болу. Одан бөлек тұрғындар тарпынан түсетін шағымдармен жұмыс істейміз. Егер ол мәселеге медицина қызметкері тарапынан олқылық  жасалатын болса, біз сол қызметкермен жұмыс істейміз. Одан бөлек біздің медицина қызметкерлері  адамдармен қарым-қатынас жасау, көпшілікпен жұмыс істеу бойынша арнайы тренингтерден өтеді. Яғни біз дәрігер мамандығын таңдап, сол салада жұмыс істейтін маманның жан-жақты болуына, тосын жағдайларға дайын болуына мән береміз. Ақыл кеңесімізді береміз.

- Ұйымның алға қойған мақсаты мен өз бағыты бар дедіңіз. Сол жайында  толықтырып кетсеңіз?

- «Ақниет» медицина қызметкерлері кәсіподақ ұйымының мақсаты мен міндетін, жалпы жұмыс барысын жоғарыда атап өттім.  Ал негізгі бағыттарына тоқталатын болсам, ұйым өзі бекіткен бірнеше бағыт бойынша жұмыс істейді. Бірінші бағыт-  халықаралық деңгейдегі ұйымдармен бірлесіп жұмыс істеу.  Былтыр Алматы қаласына 12 мемлекеттен біз сияқты кәсіподақ ұйымының жетекшілері келді. Олармен тәжірибе алмасу, түрлі семинар мен кездесулер өтті.  Шетелдік жетекшілер біздің кәсіподақтың жұмысымен танысты. Сонымен қатар кәсіподақ тарапынан берілетін қайырымдылық бағыттағы жұмыстармен де танысты. Екінші бағыт-біздің медициналық қызметкерлерді жан-жақты қолдау. Өздеріңіз білесіздер дәрігерлер адам өмірінің арашасы дейміз. Кейде адам өмірін сақтап қалуға мүмкіндік болмай қалады. Осындай кездерде адам өліміне дәрігерлерді кінәлап сотқа сүйрелейтін сәттер кездеседі. Міне, осындай сәттерде  дәрігерді заңгерлік қорғау. Соттың барлық инстанцияларында қызметкерге заң жағынан көмек беру. Бұл тұрғыда кәсіподақтың өзінің заңгерлері бар. Біздің білікті закңгерлер жан-жақты көмек береді. Сонымен қатар қайырымдылық бағытта, Алматы қаласының медицина колледжінде оқитын әлеуметтік осал топтар мен көп балалы отбасыдан шыққан балаларға кәсіподақ атынан арнайы стипендия бөлеміз. Медицина саласының дамуына, медицина маманының өз мамандығын сүюіне ықпал етеміз. Өздеріңіз білесіздер, медицина саласы күрделі сала. Қателікке жол берілмейді. Одан бөлек жыл сайын медицина мамандарына деген сұраныс артып келеді. Алыс, шалғай ауылдарда медицина қызметкерлері өте аз. Мемлекеттік  түрлі бағдарламалар арқылы ауылдық жерлерге мамандар тарту көзделуде. Бізде осы бағытқа өз үлесімізді қосып, медицина мамандығын таңдаған студенттермен арнайы кездесулер өткіземіз. Мамандығының ерекшелігін айтып түсіндіреміз.

- Кәсіподақ ұйымы несімен маңызды деп ойлайсыз?

- Әрине кәсіподақ ұйымы керек. Өйткені күш біріккен кезде барып, әр нәрсенің шешімін табуға болады.  Бір қарағанда кәсіподақ ұйымдарының жұмысы көрінбеуі мүмкін. Бірақ ішінде жүргеннен кейін алуан жұмыстар жасалып жатыр. Одан бөлек тағы бір айта кететін жайт біздің елде еміне шипа іздегендер шетелдік мамандарды жағалап кетеді. Елімізде өз саласының білікті де білімді мамандары барын білмейді. Бәлкім ақпарат пен насихаттың жақтығынан ба екен. Қазір біз осы бағытты дамытып жатырмыз.  Біздің тұрғындар елімізде мықты мамандардың барын білуі керек. Қазір әлеуметтік желі  дамыған. Барлық жағынан дамуға болады. Елдегі жұрт шетелден ем іздемеу үшін, білікті мамандарымыздың жұмысын көрсетуіміз керек.  Алдағы уақытта бұл бағытта жаңа деңгейге көтерілетін боламыз. Әрине әр салада түйткілді мәселелер бар. Біз барлық мәселені бірлесіп шешуге жүмыс істейтін боламыз.

- Бұл кәсіподақ медицина қызметкерлерінен құралғандықтан, олардың әлеуметтік жағдайымен денсаулығын жақсартуға қандай көмек пен жеңілдіктер қарастырылған?

- Әрине кәсіподақ ұйымы ретінде бұл біздің міндетіміз. Көбінесе біздің дәрігерлер ел қамы деп жүріп өз денсаулығына мән бермейтіндері бар. Ал біздің ұйымдағы әрбір мүше адам ол біздің байлығымыз. Сондықтан денсаулығына қатысты шағымданған ұйым мүшелерін арнайы санаторилерге, емдік-сауықтыру орталықтарына жіберіп тұрамыз. Біздің ұйымның Түрген шатқалында өз санаториі бар.   Одан бөлек келісімшарт арөқылы Бурабай мен Сарыағаш отбасылық демалыс орындарына жіберіп тұрамыз. Ал жаз маусымында біздің ұйымның мүшелері Алакөлде демалады. Биыл біз 100-ден астам кәсіподақ мүшелерінің балаларын жазғы лагерге жібердік. Ұйым тарапынан берілетін жеңілдіктерді ұсынғанда біз барлығын барынша қамтуға тырысамыз. Одан бөлек кәсіподақ мүшелері салауатты өмір салтын ұстанады. Бізде Алматылық медицина қызметкерлерінен құралған волейбол, футбол  командалары бар. Олар бір- бірімен жолдастық кездесулер, турнирлер ұйымдастырып тұрады. Жұмыстан тыс спортпен айналысуға уақыт табамыз. Ұйым алдағы уақытта да медицина қызметкерлерінің құқығын қорғап, осы бағытта жұмысын жалғастыратын болады, ең бастысы біздегі әрбір медицина қызметкеріне үлкен жауапкершілікпен қараймыз. Өздеріңіз білесіздер пандемия кезінде медицина қызметкерлеріне деген жауапкершілік екі есе артты. Тіпті қызметін тастамай, емханадан шықпай адам өмірі үшін күрескен дәрігерлеріміздің еңбегін айта кетуіміз керек. Дегенмен әр салада да мәселелер бар. Ол мәселе күш біріктіріп, шешімін тапқан кезде ғана түзеледі. Мен медицина қызметкерлеріне деген қоғам пікірінің өзгергенін қалаймын. Қазір әлемдік медицина дамып жатыр, біздегі мамандардан да шетелден білім алып тәжірибе жинап өз еліне келіп, өз елінің медицинасының дамуына үлес қосып жатыр. Сондықтан кәсіподақ ұйымы керек. Біз жауапты саланың кәсіподағы болғандықтан, алдағы уақытта жетілдіретін,  дамытатын бағыттар көп. Біз сол жолда қызмет ететін боламыз.

Mezgil.kz


Ұқсас тақырыптар