Зерттеу: Қазақстанда ана мен бала қаншалықты қорғалады?

2024 жылдың қаңтар айындағы ресми ақпараттарға сүйенетін болсақ бүгінгі таңда Қазақстанда 10 миллионнан аса аналар мен қыз балалар бар.  Ал сол қыз-келіншектердің құқығы қалай қорғалуда, мемлекет тарапынан ана мен баланың мүддесін қорғау жүйеге қойылған ба? Дәл осы сұрақтардың жауабын біздің редакция іздеп көрді.

1727783534544740.jpg

(Сурет Араша сайтынан алынды)

Кез келген мәселені зерттегенде ең алдымен оның заңнамалық негізін қарастырған жөн. Нәзік жандыларды құқықтық қорғау тақырыбы аясы Конституцияда бекітілген құқықтардан бөлек, ана мен баланы қорғау мәселелері келесідей негізгі заңнамаларда көрсетілген: Қазақстан Республикасындағы балалар құқықтары туралы Заңы – бұл заң балалардың құқықтарын қорғау, олардың денсаулығын, білім алуын, әлеуметтік қамтамасыз етілуін қолдау мақсатында қабылданған. Ал, Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы Кодексі – отбасы институтын нығайтуға және аналардың құқықтарын қорғауға бағытталған. Сонымен қатар, бала құқығын қорғайтын басты құжат Біріккен ұлттар ұйымымен бекітілген бала құқықтары туралы Конвенция қабылданған. Демек, осы заңдардың барлығын сүзгілей келе, Қазақстанда ана мен баланы қорғау туралы заңнамалар қабылданған, оған қоса аталмыш заңдарға жыл сайын түзетулер енгізіліп отырылуда. Әлбетте, ол түзетулер ана мен баланың мүддесіне қарай оңтайлануда.

Келесі басты назар қоятын бағыт ол әлеуметтік сала. Қазақстанда ана мен баланы әлеуметтік қолдау – мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарының бірі болып табылады. Бұл қолдау түрлі әлеуметтік төлемдер мен жәрдемақыларды қамтиды, сонымен қатар аналардың құқықтарын қорғауға және балалардың өмір сүру жағдайларын жақсартуға бағытталған бағдарламаларды іске асырады. Қазақстанда әйелдерге жүктілік кезінде және босанғаннан кейін берілетін түрлі жәрдемақылар қарастырылған. Мысалы, Бір реттік босану жәрдемақысы бар. Бұл жәрдемақы барлық босанған әйелдерге төленеді. Оның мөлшері балалар санына байланысты өзгереді. 2024 жылға қарай бірінші, екінші және үшінші балаға берілетін жәрдемақы шамамен 160 000 теңгені құрайды, ал төртінші және одан көп балаға шамамен 170 000 теңге. Сонымен қатар, жұмыс істейтін әйелдер орташа айлық жалақысына сәйкес жүктілікке және босануға байланысты бір реттік жәрдемақы алу құқығына ие.

Ана мен баланың денсаулығын сақтау – Қазақстандағы әлеуметтік саясаттың негізгі басымдықтарының бірі. Мемлекет босанған аналарға, жүктілік кезінде және босанғаннан кейінгі кезеңде медициналық көмек көрсетуді қамтамасыз етеді. Перинаталды орталықтар мен ауруханаларда әйелдерге және балаларға сапалы медициналық көмек тегін ұсынылады.

Мемлекеттік «Ана мен бала денсаулығын қорғау» бағдарламасы аясында Қазақстанда жүктілікті бақылау, балалардың дамуына мониторинг жасау, бала туу кезіндегі асқынуларды алдын алу бойынша шаралар қабылданады. Вакцинация және алдын алу медициналық қызметтері де кеңінен қамтылған.

Босанғаннан кейін балаңыздың күтіміне қажетті жөргектер мен тамаққа қажетті шығындарды өтеу мақсатында бала 1 жасқа толғанға дейін төленетін жәрдемақы да қарастырылған. Оған қоса, жергілікті тіркеуіңізге байланысты медициналық қызмет көрсететін емханаларда үйіңізге арнайы дәрі-дәрмек пен ана мен балаға қажетті дәрумендері бар арнайы себетті әкеліп береді екен.

Қазақстанның демографиясының өсуіне ат салысып жатқан көпбалалы отбасылар да қаржылай және әлеуметтік көмектен құр қалмаған. Оған дәлел, еліміздегі Төрт және одан көп баласы бар отбасыларға арналған ай сайынғы жәрдемақы, «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлеріне берілетін қосымша әлеуметтік жәрдемақылар. Тұрғын үй мәселесіне байланысты көп балалы отбасыларға тұрғын үй алу кезінде жеңілдіктер беріледі, соның ішінде жеңілдетілген несиелер мен жалға алынған тұрғын үй ұсынылады. Оның бірі, Отбасы банкі ұсынатын «Ұмай» әйелдер ипотекасы. Шарттары туралы ақпарат халыққа қолжетімді, ресми сайттар мен әлеуметтік желілерде үйдің құны мен ай сайынғы төлемді есептейтін калькуляторы да қосылған.  

Қазақстан халқының тұрмыс-тіршілігін жақсарту мақсатында мемлекет тарапынан қабылданған үздік бағдарламалардың бірі ол – Атаулы әлеуметтік көмек. Атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) – бұл аз қамтылған отбасыларға көрсетілетін мемлекеттік қолдау. Егер отбасының табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен болса, олар АӘК алуға құқылы. Бұл көмек отбасының кірісін толықтыруға және олардың қажеттіліктерін қамтамасыз етуге бағытталған. 2024 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша 59,8 мың отбасындағы 317 мың адамға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды. Биыл осы мақсатқа бюджеттен 75,9 млрд теңге қарастырылған.

Қазақстан Республикасының барлық азаматы орта білім алуға құқылы. Бұл біздің Конституциялық құқығымыз. Демек, мемлекет балаларға тегін білім алуды қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, ерекше білім алуды қажет ететін балаларға инклюзивті білім беру жүйесі аясында батыл қадамдар жасалуда. Оның бірі, барлық орта білім беру мекемелерінде инклюзия сыныптарының ашылуы. Оған қоса, балалардың физиологиялық және психологиялық дамуына да қолдау көрсетуде. Мысалы, 30 сынып комплектке 2 штаттағы психолог қызмет атқаратыны Үкіметпен бекітілген. Демек, мұқтаж кез-келген оқушы мектепте психолог маманға жүгіне алады. Балалардың бос уақытын тиімді пайдалану мақсатында мемлекет жыл сайын арнайы демалыс орталықтарын да іске қосуда. Бұл орталықтар балаларға арналған спорттық секциялар мен шығармашылық үйірмелерді ұсынуда.  Бұл балалардың жан-жақты дамуына және олардың шығармашылық қабілеттерін дамытуға үлкен мүмкіндік беретіні сөзсіз.

Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған азаматтарға жедел көмек көрсету мақсатында Қазақстанда кризистік орталықтар құрылған. Еңбек министрлігінің ақпараттарына сүйенетін болсақ, елімізде бүгінгі таңда 49 кризистік орталықтар қызмет атқаруда. Оның ішінде 14-і аймақтарда, ал 32 орталық қалаларда орналасқан.  Аталмыш орталықтар тегін психологтың, заңгердің көмектерін ұсынады. Керек болған жағдайда бұл орталықтарда уақытша өмір сүруге де болатындай жағдай жасалған. Сонымен қатар, орталықтарда түрлі әлеуметтік шаралар өткізіліп отырады. Мысалы, жағдайы төмен отбасыларға азық-түлік себеттерін таратады, жұмыссыздықтың алдын алу мақсатында тігін, маникюр сынды түрлі кәсіп түрлерін меңгертетін арнайы тегін курстар мен қаржылық, құқықтық сауатты арттыруға ықпалдасатын бағдарламалар да бар.

Қорытындылай келе, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Ұлт болашағы ұрпақ тәрбиесінен басталады» деген сөзін негізге ала отырып, мемлекет үшін ана мен баланың орны ерекше екенін сенімді түрде айта аламыз. Қазақстанның әлеуметтік саясаты ана мен балаға кешенді көмек көрсетіліп, олардың құқықтары мен денсаулығы заңды түрде қорғалуда. Алдағы уақытта да бұл бағыттағы шаралар жетілдіріліп, ана мен баланың әл-ауқатын арттыруға бағытталған жаңа бағдарламалар іске асырылатыны сөзсіз.

Mezgil.kz


Ұқсас тақырыптар