2024 жылдың 27 наурызы күні еліміздің бірнеше аймақтарындағы тұрғындар үйлерін су басқандығын айтып дабыл қақты. Осы күннен бастап еліміздің 10 облысында орын алған апат дүйім жұртты дүрліктіргені рас. Ең ауыр апаттар наурыз және сәуір айларында орын алып, Солтүстік және Батыс Қазақстан, сондай-ақ Атырау, Ақтөбе және Қарағанды облыстары қатты зардап шекті. Тілсіз жаудың қарқынды көтерілуінің негізгі себебі – қардың жылдам еруі және қатты жауын-шашынның нәтижесінде өзендердің деңгейі көтеріліп, бірнеше бөгеттердің жарылуы.
(Суреттер: Тұрар Қазанғапов, Абай атындағы ҚазҰПУ)
Су тасқыны салдарынан қалыптасқан ауыр жағдайға байланысты Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа үндеу тастады. Үндеуін мемлекет басшысы тілсіз жаудың көлемі жағынан соңғы 80 жылдан бергі ең ірі табиғи апат екендігін мәлімдеумен бастады. Президент халыққа арналған үндеуде көтерген басты мәселе еліміздің он аймағында төтенше жағдайдың жариялануы, яғни Абай, Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Ұлытау облыстарында. Үкімет тілсіз жаумен күреске барлық күшін жұмылдырды. Нақтылап айтатын болсақ, ел басшысының тапсырмасы бойынша Премьер-Министрдің басшылығымен Республикалық штаб құрылып, онда Төтенше жағдайлар министрлігімен қоса Ішкі істер министрлігі, Ұлттық ұлан, Қарулы Күштер және Ұлттық қауіпсіздік комитетінің жұмысы бір арнаға жұмылдырылды. Сонымен қоса, Қ.Тоқаев алапат сумен күрес кезіндегі кеткен олқылықтарды түзеу үшін жедел шаралар қабылдауды тапсырды. Өз сөзінде мемлекет басшысы: «Біз алапат су тасқынынан тиісті қорытынды шығаруымыз керек. Яғни, жіберілген олқылықтарды түзетіп, тиісті сабақ алуымыз қажет. Ал ондай сабақтар аз емес. Апаттардың алдын алу жұмысындағы кемшіліктен бастап, су шаруашылығы мамандарының тапшы болуы, табиғатқа немқұрайлы қарауға дейін көп мәселені реттеу қажет. Үкімет және жергілікті атқарушы органдар су тасқынымен күресті тиімді үйлестіріп отыруға тиіс. Су басқан аумақтарда құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету қажет»,- деп маңызды мәселелерді атап өтті.
Президент су тасқынына дер кезінде шара қолданбағаны үшін Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Склярға және Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовке қатаң сөгіс берді. Сонымен қатар, бірқатар облыстарының әкімдеріне де қатаң сөгіс жариялап, қызметтік міндеттерін толық орындамағаны үшін ескерту жасады.
Су тасқыны еліміздің талай аймағын жайпап өткені бәрімізге мәлім. Халыққа және мемлекетке келтірілген шығын орасан зор. Атап айтсақ, су тасқынының әсерінен елдің жеті аймағында, әсіресе Атырау, Ақтөбе және Солтүстік Қазақстан облыстарында 13 мыңнан аса адам эвакуацияланды. Төтенше жағдайлар министрлігі мен жергілікті әкімдіктер су тасқынынан зардап шеккен аймақтарда 4,6 миллион текше метр еріген суды сорып, 370 000 құм қаптарын орналастырды. Сонымен қатар, 728 000 тонна инертті материал пайдаланыла отырып, бөгеттер күшейтілді. Төтенше жағдайлар қызметі су тасқынынан кейінгі қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу үшін 9 мыңға жуық адамды, екі мыңнан аса техника бірлігін, 800-ден аса су сору құрылғыларын және 65 су көлігін жұмылдырды. Үкімет зардап шеккен инфрақұрылымды қалпына келтіру үшін арнайы шараларды қолға алып, жолдар мен көпірлерді қайта салу жұмыстарына кірісті. Сонымен қатар, азық-түлік пен дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету бойынша жергілікті әкімдіктермен бірлесе отырып халыққа керек жабдықтарды жеткізіп отырды.
Дүйім жұртты дүр сілкіндірген су апаты салдарын жою, зардап шеккен халыққа көмек көрсету мақсатында көптеген компаниялар мен кәсіпкерлер гуманитарлық көмектерін аянбады. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» -, деген дана халқымыз да қалыс қалмады. Еліміздің түкпір-түкпірінен 50 мыңнан астам ерікті жұмысқа жұмылдырылды. Сонымен қатар, алыс-жақын көрші елдер де өздерінің көмек қолын созды.
Су тасқынынан зардап шеккен аймақтарға гуманитарлық көмек жинауға оқу орындарындағы студенттер де аянып қалмады. Соның бірі, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ұжымы су тасқынынан зардап шеккен өңірлерге көмек көрсету мақсатында қайырымдылық жәрмеңкесін ұйымдастырды.
Жәрмеңкеге университет оқытушылары мен студенттер белсене ат салысып, нәтижесінде қайырымдылық жәрмеңкесінен жиналған қаржыға гуманитарлық көмек ретінде тұрмыстық керек-жарақтар, азық-түлік өнімдері, жеке гигиеналық құралдар мен төсек жабдықтары және өзге де қажетті заттар сатып алынған. Барлық жиналған заттар мен азықтарды Алматы қалалық гуманитарлық көмек қабылдау пунктіне жеткізген. ілді. Аталған көмек көрсету пункті жиналған гуманитарлық көмекті су тасқынынан зардап шеккен Атырау облысындағы Құлсары қаласына жөнелтті. Гуманитарлық көмек көрсетуге ат салысқан Абай университетінің Жастар ісі жөніндегі комитет төрағасы Пірәлі Райымбек былай дейді: «Ел басына күн туған осындай қиын-қыстау кезеңде бір-бірімізге қолдау көрсету – азаматтық парызымыз. Су тасқынынан зардап шеккен отандастарымызға көмек көрсету мақсатында Абай университеті ұйымдастырған қайырымдылық шарасы ізгілік пен адамгершілік ниетінен туындап отыр. Осындай ауыр сәтте күш біріктіріп, қиындықтарды бірге еңсеру аса маңызды екенін атап өту қажет».
Әлбетте, ел болып әрқашан кез-келген жағдайда бір-бірімізді қолдауға дайынбыз. Бірақ, дегенмен де азаматтық қоғамның қолдауына арқа тұтпай төтенше жағдайлардың алдын алу қызметі жақсарады деген үмітіміз бар.
Су тасқыны кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін келесі шараларды есте сақтаңыздар:
Алдын ала дайындық:
Су тасқыны туралы хабарламаларды үнемі қадағалаңыз.
Төтенше жағдайлар жоспарын жасаңыз, отбасымен бірге қауіпсіз эвакуация маршруттарын анықтаңыз.
Құжаттарды, бағалы заттарды және дәрі-дәрмектерді су өткізбейтін қапшықтарға салыңыз.
Су тасқыны кезінде:
Үйден шығып, биік жерлерге көшіңіз.
Электр қуатын, газ және су жүйелерін өшіріңіз.
Автокөлікті су деңгейі төмен жерге қоймаңыз.
Терезелер мен есіктерді жауып, қауіпсіз жерге көшіңіз.
Эвакуация кезінде:
Төтенше қызметтер мен билік өкілдерінің нұсқауларын орындаңыз.
Көлікпен эвакуациялансаңыз, судың тереңдігін тексермей, су басқан жолдардан өтпеңіз.
Су басқаннан кейін:
Қайтып оралғанда үйдің қауіпсіздігін тексеріңіз, электр жүйелеріне абай болыңыз.
Ластанған суды тұтынбаңыз, қайнаған немесе тазартылған суды ғана пайдаланыңыз.
Осы қарапайым ережелерді ұстану арқылы су тасқыны кезінде өзіңіздің және жақындарыңыздың қауіпсіздігін қамтамасыз ете аласыз.
Mezgil.kz