«Ауыл аманаты»: Шаруаларға қолайлы жағдай жасау басты мақсат!

Қазақстанның ауыл шаруашылығын дамыту мен ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттыру мақсатында 2023 жылы «Ауыл аманаты» атты ауқымды мемлекеттік бағдарлама іске қосылды. Бұл жоба халықтың табысын арттыруға, ауылда кәсіпкерлікті дамытуға және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, «Ауыл аманаты» бағдарламасы ауылдық елді мекендерде әлеуметтік-экономикалық жағдайды жақсартуды көздейді.

1727883304660459.jpg

(Сурет: zhaikpress.kz)

«Ауыл аманаты» жобасының басты мақсаты – ауыл тұрғындарының табысын арттыру болып табылады. Бұл мақсатқа жету үшін бірнеше міндеттер қойылған. Атап айтса, бірінші міндет ол ауыл тұрғындарына бизнесті бастауға немесе дамытуға қажетті шағын несиелер беру. 2023 жылы 17 мың шағын несие беру жоспарланып, оның 14 мыңнан астамы берілген. Бағдарлама өз алдына қойған тағы бір міндет - ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру. Ауыл шаруашылығы кооперативтері ресурс жинау мен ауыл тұрғындарының табысын арттыруға көмектесетін бірден-бір құрал. Бүгінгі таңда жоба аясында 400-ден астам кооператив құрылып, 321-і 6,7 миллиард теңге көлемінде қаржыландырылды. Тағы бір міндет жаңа жұмыс орындарын құру. 2023 жылы бағдарлама аясында 15,5 мың жұмыс орны құрылды, ал 2024 жылы 18,2 мың жұмыс орнын ашу жоспарлануда. Бұл елімізде белең етек жайып отырған жұмыссыздықпен күресуге бағытталған бірден бір қадам.

«Ауыл аманаты» жобасы өңірлерде жергілікті басқару органдары мен әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялары арқылы жүзеге асып келеді. Жобаны жүзеге асыру үшін 2024 жылы бюджеттен 100 миллиард теңге бөлінген. Бүгінгі таңда беріледі деп жоспарланған 17 мың шағын несиенің 14 мыңнан астамы берілген. Сонымен қоса, бұл 15 мыңнан аса жаңа жұмыс орнының ашылуына септігін тигізді. Алдағы уақытта бюджеттен бөлінген қаражатты толық игеру жұмыстары жүргізілуде.

Жобаға 18 бен зейнет жасына толмаған барлық кәсіпкер қатыса алады. Шағын несие алу үшін өтінім беруші міндетті түрде жеке кәсіпкер болып тіркелуі қажет және басқа несиелер бойынша берешегі болмауы қажет. Сонымен қатар, бағдарлама қатысушысында шаруашылығын жүргізуге арналған жер телімі, қора және де басқа қажетті жағдайы жасалған болуы керек. Бағдарлама бойынша шағын несие ұсыну көктемгі егістік саласындағы жобалар үшін – 3 жылға дейін, бизнестің басқа бағыттары үшін – 5 жылға дейін, ал мал шаруашылығы саласы үшін – 7 жылға дейінгі мерзімде ұсынылады. Берілетін шағын несиенің сомасы да анық. Ауылдық елді мекендер мен қалалардағы жеке кәсіпкерлер үшін 2,5 мың айлық есептік көрсеткішке дейін болса, ал шаруашылық кооперативтері үшін 8 мың айлық есептік көрсеткіш көлемінде болмақ. 2024 жылы 1 айлық есептік көрсеткіш 3692 теңгені құрайтынын ескеретін болсақ, онда несие сомасы кез келген кәсіпті дөңгелетіп әкетуге жеткілікті болары анық. Несие шaрттaры кәсіпкер үшін өте тиімді, жылдық сыйақы мөлшерлемесі небәрі 2,5 пaйызды құрaйды. Қазақстандағы банк жүйесін зерттейтін болсақ, ауыл шаруашылығына мұндай төмен пайызда несие ұсынатын банк мүлдем жоқ. Егер де кәсіпкер аталмыш бағдарламада бағын сынап көргісі келсе, онда жергілікті басқару органына немесе әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясына тиісті құжаттарды өткізуі қажет. Жоба туралы қосымша ақпараттар үкіметтің ресми порталдарында толық жарияланған.

2023 жылы бастау алған бағдарлама бүгінгі күні нақты нәтижелер беруде. Мысалы, бағдарлама бойынша 12 мыңға жуық шағын несие мал шаруашылығын дамытуға, 500-ден аса шағын несие өсімдік шаруашылығына, 400-ден аса шағын несие техника мен жабдықтар сатып алуға, 1,6 мың шағын несие басқа қызмет салаларына бағытталып, сәтті жүзеге асуда.

Жоба тиімділігін растайтын тағы бір мысал Қазақстанда 3911 ауыл шаруашылығы кооперативі жұмыс істеп, олар 67,8 миллиард теңге сомасына шамамен 1,2 миллион тонна ауыл шаруашылығы өнімін өндірді. Бұл көрсеткіш 2022 жылмен салыстырғанда 30%-ға артып, ауыл шаруашылығындағы өнім өндірісін айтарлықтай көтерді.

Редакция «Ауыл аманаты» жобасы арқылы кәсібін дамытып жатқан кәсіпкермен тілдесті. Жанар Хасенова, Жамбыл облысы, Меркі ауданының тұрғыны болған, бүгінде ауданның белді кәсіпкері Ж. Хасенова: «Мен алғашында бизнеске қайтарымсыз грантты жеңіп алып, сол қаражатқа үйректер алған болатынмын. Бала күнімнен жануарларға деген махаббатым ерекше. Бүгін міне «Ауыл аманаты» бойынша бизнесті кеңейтуге несие алдым. Банктерден несие алғанға қарағанда осы бағдарлама мен үшін өте қолайлы болды. Өйткені банктердің пайызы өте жоғары, ал мұнда 2,5 пайыз ғана. Бұл мен үшін тиімді болды. Осы кәсібімнің арқасында отбасымды толық асырап отырмын, жоспарымда үйрек санын арттыру, ол үшін ең алдымен үйректерге арналған қораны кеңейтіп, оларға жағдай жасау. Үйректер күтімді қажет етеді. Отбасымызбен осы кәсіпті атқарып келеміз. Мүмкіншіліктер үшін мемлекет көп рахмет айтамын»,- деп бағдарлама туралы өз пікірімен бөлісті.

Шын мәнісінде, бүгінгі таңда талай азамат мемлекет ұсынатын шарттары тиімді бағдарламалар арқылы өзінің бойындағы кәсіпкерлікті дамытуда. Бұл сөзсіз ауыл халқының экономикасын арттыруда.

Ал енді болашаққа қойылған жоспарға келсек. Қaзaқстaн Республикaсы Aуыл шaруaшылығы министрлігінің мәліметіне сүйенетін болсақ 2024 жылы жобаны жүзеге асыру барысында барлық ауылдық округтер несиелендіріледі және 500-ден астам жаңа жұмыс орнын ашу жоспарлануда. Несиенің 50% мал шаруашылығына, 40% егін шаруашылығына, 10% ауыл шаруашылығынан тыс кәсіптерге бағытталатын болады деп күтілуде.

2024 жылы халыққа қолайлы жағдай ұсыну мақсатында Ауыл шаруашылығы министрлігі шағын несиелер қағидаларына өзгерістер енгізіп, өтінімдерді электронды түрде қабылдау жүйесін енгізу жұмыстарын жүргізуде. Бұл ауыл тұрғындарының жобаға қатысуын жеңілдетеді және қаржы ресурстарының ашықтығын арттырады.

«Ауыл аманаты» жобасы Қазақстанның ауыл тұрғындарының өмір сүру деңгейін арттыруға бағытталған маңызды бастама. Бұл жоба ауыл шаруашылығы мен кәсіпкерлікті дамыту арқылы ауылдардың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартып, халықтың табысын тұрақты түрде арттыруға мүмкіндік береді. Ауыл тұрғындарының жаңа мүмкіндіктерге қол жеткізуі, кәсібін ашуы және дамытудың тиімді жолдарын іздеуі – осы жоба арқылы жүзеге аспақ.

Айта кететін жайт, кәсіпкерге шағын несие берілген соң жергілікті әкімдіктер мен корпорациялар мониторинг жұмыстарын жүргізетін болады. Бұл қаражаттың тиісті мақсатта жұмсалғандығын бақылауда ұстауға мүмкіншілікті арттыратын болады.

Mezgil.kz


Ұқсас тақырыптар