Қоғамдық қатынастарды реттеудiң ерекше түрi ретiнде құқық басты орында тұрады. Міне біз жоғарыда сөз еткен қоғамдық қатынастарды реттеудiң ерекше түрi болып саналатын құқық бастапқыда Ежелгi Римде, содан кейiн Батыс Еуропа елдерiнде ерекше дамыды. Міне осы даму одан өзгелердің үлгі алуына тағантас болды. Бұл тағантастық үлгі Қазақстанда да құқықтық даму процесіне елеулі әсер етіп, ұлттық төл заңнаманың қалыптасуына және ірге тебуіне әсер етті. Осы құқықтық заңнамалық бағдаршам Қазақстан Республикасында жер үшін жалдау ақысының қалыптасуына әсер еткені анық.
(Сурет Википедиядан алынды)
Қазақстан Республикасы өз мемлекеттiк тәуелсiздiгін алғаннан кейiн салыстырмалы түрде қысқа мерзiм iшiнде жер қатынастарында түбегейлi өзгерiстер болды және бұрынғы социалистік құрылыстан мәнi мүлдем бөлек жаңа жер құрылымы құрылды. Жерге айрықша мемлекеттiк меншiк пен тегiн жер пайдаланудың орнына республикада мемлекеттiк меншiкпен қатар жеке меншiк танылып, жерге ақы төлеу енгiзiлдi, басқа да жер өзгерiстерi әлі күнге дейін жүргiзiлу үстіндеде. Нарықтық экономикаға көшу объективті түрде жерге меншіктің әртүрлі нысандарын, жер пайдаланудың ақылы болуын, құқықтық реттеу нысанасы (объектісі) ретінде жер жылжымайтын мүлігінің мәртебесі туралы заңнамалық шешімді енгізу қажеттілігін тудырды. Жер қатынастарын реформалау - бұл тұрақты және кезең-кезеңмен дамуды талап ететін ұзақ күрделі процесс. Тәуелсіздік алған сәттен бастап 30 жыл астам уақыт ішінде жер қатынастары белгілі бір өзгерістерге ұшырады.
Нарықтық жер заңнамасы өз дамуында бес кезеңді басынан өткерді. Осы кезеңдердің негiзiнде жер өзгерiстерiнiң түйiндi мәселелерi бойынша негiзгi нормативтiк-құқықтық актiлердiң тұжырымдамалық көзқарастары мен функционалдық-нысаналы бағыттар қалыптасты.
Нарықтық экономикаға көшу, аграрлық секторды жекешелендiру, қайталама жер рыногын құру, мемлекеттiк және жеке меншiк жер ресурстарын тиiмдi басқару қажеттiлiгi олардың арасында құқықтық қайшылықтар болмай-ақ, жер учаскелерi айналымының өркениеттi негiздерiн жасайтын тиiстi құқықтық нормалар жасауды талап еттi.
Қазақстан - әлеуметтiк-экономикалық, этномәдени және табиғи-географиялық ерекшелiктерiне негiзделген өзiнiң құқықтық дәстүрлерi бар бiрегей ел. Сондықтан жер телімдерін жалға беруді дамытудың дайын «батыс еуропалық рецептілерін» қазақ еліне өте сақтықпен, екі шоқып, бір қарап ендіру керек. Қазақстандық заңнама тарихында бірнеше рет болғандай, батыстық тәжірибенің көзсіз көшіріліп алынуы көптеген жағымсыз салдарларға әкеп соқтыратындығын ұмытпағанымыз жөн.
Mezgil.kz