Еңбек адамы-2024: Рая Ескендірдің лайықты еңбегі бағаланды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылдың 1-қыркүйегіндегі Қазақстан халқына Жолдауында қарапайым еңбек адамына құрмет көрсету керек екенін баса айтты. «Кәсібилік пен еңбекқорлық қоғамымызда ең жоғары орында тұруы қажет. Елімізде еңбекқор адам, кәсіби маман ең сыйлы адам болуға тиіс. Біз қарапайым еңбек адамына құрмет көрсетуіміз керек. Қандай кәсіппен айналыссаң да, оны сапалы атқару маңызды», – деді Прездент. Мемлекет басшысы айтқандай, қанша жылдан бері адал жұмыста аянбай тер төгіп, халқына қызмет етіп келе жатқан еңбек адамдары еліміздің оңтүстік астанасы – Алматыда да баршылық. Атап айтқанда, Алматы қаласы Қоғамдық даму басқармасының қолдауымен Жастар Үні Республикалық Қоғамдық Бірлестігі ұйымдастырған «Еңбек адамы» жобасының тізіміне енген тәжірибелі мамандардың бірі – Рая Ескендір.


sfs.jpg

 

Журналистика саласында 30 жылға жуық еңбек етіп келе жатқан ол Жамбыл облысы Сарысу ауданы Байқадам ауылында дүниеге келген. Бүгінгі медиа маманның бұл салаға қызығушылығы бала кезінде оянған, кейіпкердің әкесі Ескермес Ескендіров те журналист әрі ақын болған. Ал анасының мамандығы – тарихшы.

 

- Отбасымда 6 баламыз, мен ортаншысымын. Әкем Ескермес Ескендіров – өңірге белгілі журналист-ақын. Тұманбай Молдағалиев, Қадыр Мырза Әли, Мұзафар Әлімбаевтың қарамағында «Балдырған» журналында жұмыс істеген. Анамның негізгі мамандығы тарихшы, бірақ балабақшада тәрбиеші болды. Үйде ортақ әңгімеміз ылғи да осы журналистика төңірегінде болатын. Әкемнің жұмысына қызығып, бала кезден өзімді журналист сезінетінмін. Бұл сөздің не екенін білмесем де, «кім боласың» дегенде мамандығым журналист деп айтатынмын. Ал 4 сыныпта алғашқы өлеңім газетке шықты. Ол былай еді:

Біздің үйде мысық бар,

Кіп кішкентай сүйкімді

Қасыңа кеп пырылдап,

Кейде бұзар ұйқыңды, – деп балалық шағын еске алды маман.

 

Бала кезден шығармашылық пен журналистикаға бейімі болған Рая Ескендір 1990 жылы бүгінгі Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетіне оқуға түседі. Онда қазақ журналистикасының корифейлері – Тауман Амандосов, Темірбек Қожакеев, Әбілфайыз Ыдырысов, Серікқали Бәйменше сынды тарихи тұлғалардан тәлім алады. Сондай-ақ университет қабырғасында жүріп, жұмыс мансабында бастап кетеді.

 

- Университетте өндірістік тәжірибе болады, оны өтетін кезде мен «Зерде» журналына бардым. Сонда жүргенде редактордың орынбасары Әшірбек Амангелдиев маған «жазуға икемің бар екен, бізге жарты ставкаға кел» деп жұмысқа алды. Мен әртістер туралы жазғым келетін. Бірақ журналдың бағыты ғылыми болғандықтан, көбіне ғылым-білім туралы жазып үйрендім, – деді Рая Ескермесқызы.

 

1995 жылы журналист Қазақ Ұлттық университетін тәмамдайды. Оның айтуынша, бұл уақытта газет-журналдар жабылып, қиын кезең орнайды. Соған қарамастан жас маман алдымен «Заман Қазақстан», одан кейін «Ана тілі» басылымдарында жұмыс істейді. «Ана тілінде» жүріп екінші рет ана атанған Рая Ескендір декреттік демалыстан кейін 2003 жылы «Алматы ақшамы» газетіне жұмысқа тұрады. Сол уақыттан бері ол Алматының тыныс-тіршілігінен хабар беретін басылымның үлгілі тілші ретінде жұмыс істеп келеді. Бүгінде Рая Ескермесқызы газеттің «Жаңалықтар мен ақпарат бөлімін» басқарады.

 

- Мен жұмысқа келгенде Ерғали Сағат деген ағамыз бас редактор болды. Ол кісі әр журналистерді бөлім-бөлімге бөліп қоятын. «Мен біреудің бақшасына түскенді ұнатпаймын» деп айтып отыратын. Сол кісінің тәрбиесімен өз саламды таңдап, қаланың тіршілігі және Алматының жаңалықтарын жазуға атсалысып, қалам тербеп келе жатырмын. Бұрын мақаланы қолмен жазып, оны жазу машинасына тердіретінбіз. Кезекші болған кезде типографияға барып, газет шыққанша түнге дейін сонда жүретінбіз. Қазір жұмыс біршама жеңілдеді. Көп жұмыс электронды түрде атқарылады, – дейді журналист.

 

Сонымен қатар, ол журналистика мамандығының қызығы мен шыжығы қатар жүретінін атап өтті. Рая Ескендірдің пікірінше, журналист әрдайым ізденісте жүреді.

 

- Журналист әр саланың ішіне еніп, ондағы жұмысшылардың орнына өзін қойып көре алады. Мысалы, бір күні мұғалім болады, келесі күні композитордың жан-күйіне енеді. Оған қоса, көптеген мықты тұлғалармен танысып, көзқарасы кеңейеді. Кейде кейіпкерлер өз басындағы оқиғаларын баяндап бергенде, солардың қателігінен сабақ алуға, оң тұстарынан үлгі алуға тырысамын. Ал бұл саланың қиындығына келсек, қыз бала үшін бір қолымен қалам, бір қолына қазан ұстап жүру оңай емес. Бірақ қазір журналистикада мықты қыздар көбейді. Сондай-ақ журналист күні-түні ізденісте, белгілі тақырыпты ойлап жүреді. Қауіп-қатерге, уақыт пен мезгілге қарамай оқиға орнынан хабар таратуға барады. Індет кезінде 400-ден астам журналист қайтыс болды. Олар ақпарат тарату үшін осы індеттің ортасында жүрген мамандар, – деді ол.

 

Тәжірибелі маман қазақ баспасөзінің болашағына нық сеніммен қарайтынын да айтты.

 

- Бір халықаралық кездесуде шетелдің сарапшылары «кезінде бізде де газет-журнал, кітап оқылмай қалған кез болды. Бірақ оның бәрі уақытша, біз қазір газет пен кітапқа қайта келдік» деп айтқаны бар. Мен де қазақ басылымдарының оқырманы қайта көбейетініне сенімдімін. Өйткені тасқа түскен жазу адамның жадында сақталады. Қолымен ұстап оқыған бір басқа да, телефоннан көрген бір басқа. Кітап және газет-журналдың дәуірі қайта келеді деп ойлаймын. Қазірдің өзінде оқитын оқырмандарымыз баршылық. Олар мәселесін айтып, хабарласып жатады. Алғысын айтады. Біз қолдан келгенше көмек береміз, – деді кейіпкер.

 

Жұмысын адал атқарып жүріп екі қыз тәрбиелеп өсірген ана бүгінгі күні немере сүйіп отыр. Кішкентай бүлдіршіннің қызығына тоймай жүрген жас әже бос уақытында ән айтқанды және дастархан жасап, қонақ күткенді ұнатады.


Mezgil.kz



Ұқсас тақырыптар