Еңбек адамы - 2024: Гаухар Махамбетованың лайықты еңбегі бағаланды

Кез келген елдің өсіп-өркендеуіне күнделікті жұмысын адал атқаратын еңбек адамдарының әсер етеніні ешкімге жасырын емес. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Қазақстан халқына Жолдауында атап өтті. «Елімізде еңбекқор адам, кәсіби маман ең сыйлы адам болуға тиіс. Біз қарапайым еңбек адамына құрмет көрсетуіміз керек. Қандай кәсіппен айналыссаң да, оны сапалы атқару маңызды», – деді Прездент. Мемлекет басшысы ерекше атап өткен мұндай еңбек адамдары еліміздің түкпір-түкпірінде қоғамға өз үлесін қосып келеді. Олардың бірі – Алматы қаласының тұрғыны әрі мектеп мұғалімі Гаухар Махамбетова. Ол Алматы қаласы Қоғамдық даму басқармасының қолдауымен Жастар Үні Республикалық Қоғамдық Бірлестігі ұйымдастырған «Еңбек адамы» жобасының тізіміне енді.


фыыф.jpg

 

Бүгінгі күні ерекше қажеттіліктері бар балаларға білім беріп жүрген ұстаз Алматы облысының қазіргі Тұздыбастау (Калинин) ауылында –  мұғалімдер отбасында дүниеге келген. Әкесі Болат Махамбет – Ыбырай Алтынсарин медалінің иегері, талай шәкірт тәрбиелеген үлгілі ұстаз, Алматы қаласының  бірнеше мектебін басқарған директор. Анасы Құрманкул Есдаулетқызы да  өмірін ұстаздыққа арнаған үлгілі мұғалім-географ, сондай-ақ қалалық халыққа білім беру бөлімінде жұмыс істеген маман. Екі мұғалімнің арасында өскен Гаухар Махамбетованың жүрегі бала кезден ұстаздық пен мектепке жақын тартқан. Алайда мектепті бітірген соң өмір ағысымен Темір жол техникумына түсіп, онда 4 жыл тәлім алады.

 

- 1978-1982 жылдары Темір жол техникумында оқыдым. Оны тәмамдаған соң бес жыл темір жол саласында жұмыс істедім. Жұмыс істеп жүріп 1984 жылы Алматыдағы Теміржол институтына түсіп, кейін бүгінгі Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетіне ауыстым. Осылайша, 1992 жылы орта мектептің математика мұғалімі мамандығын алып шықтым. Біраз жыл өтсе де, бала кездегі арманымнан алыстамай өзім қалаған маман иесі бола алдым. Кейін Абай атындағы ҚҰПУ-да мұғалім-дефектолог мамандығы бойынша үшінші дипломымды алдым, – деді ол.

 

Гаухар Болатқызы білім саласындағы еңбек жолын балабақшада бастайды. Алайда бір жылға жетпей Алматының №8 мектеп-интернатына мұғалім ретінде жұмысқа тұрады. Бұл білім ордасында 1988-1994 жылдары бала тәрбиелеп, адал еңбек етеді. Білікті маман ретінде көзге түскен Гаухар Махамбетова 1994 жылы №7 арнайы мектеп-интернатына ауысады. Биыл мұғалімнің дәл осы білім ордасында жұмыс істеп жатқанына 30 жыл толды!

 

- 1994 жылдың тамыз айынан бастап бүгінгі күнге дейін 7 арнайы мектеп-интернатында мұғалім-дефектолог қызметін атқарып келемін. Жалпы еңбек жолым бастағаныма – 42 жыл, педагогика саласында жүргеніме – 36 жыл болды. Ұстаздық – жауапкершілігі мол, қызметі күрделі, даңғайыр даңғыл жол. Сол жолда ерекше балалармен жұмыс жасау – аса  мейірімділік пен жауапкершілікті талап етеді. Қызығы мен шыжығы көп мамандығым өзіме қатты ұнайды. Ұзақ бір мекемеде жұмыс атқаруым – мектептегі ұжым ынтымағының және ұйымшылдығының арқасы деп білемін, – деп ағынан жарылады бүгінде маман.

 

«Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деп данышпан Абай айтқандай, тәжірибелі ұстаз қанша жыл өтсе де, бала оқытудан жалыққан емес. Гаухар Болатқызының айтуынша, ол таңертең ерекше қажеттіліктері бар балаларды қабылдап, оларға асқан ықтиярлықпен білім береді. Ал мектептегі жұмыс аяқталған кезде үйден оқитын оқушысына барады.

 

- Таңғы 8:00-де балаларды қабылдап аламын. 1-сабақтан кейін балаларды таңғы асқа апарамын.  Таңғы астан кейін балалар негізгі сабақтарын оқуға кіріседі. Мен заманауи технологияларды пайдалана отырып, сабақтарды қызықты өтуге тырысамын. Арасында сергіту жаттығуларын жасаймыз. Балалардың психофизикалық ерекшеліктеріне байланысты оқушының көңіл күйі әртүрлі болады: бірде жылайды, бірде күледі. Осы ерекше балалардың тілін тауып, сапалы білім мен тәрбие беру – менің басты мақсатым. Түсте тәрбиеші келіп, оқушыларды қабылдап алған соң мен үйден оқитын оқушыма барамын, – дейді мұғалім.

 

Сондай-ақ Гаухар Махамбетова ұстаздық қызметі арқылы қоғамға өз үлесін қосқысы келетінін атап өтті.

 

- Болашақ ұрпақ қоғамдық өмірге тез әрі жеңіл қосылу үшін мен оларды тәрбиелеп оқытуға тырысамын. Балалардан елімізге игілігі тиетін тұлға шығару үшін еңбек етемін. Осы арқылы мен қоғамға өз үлесімді қосып келемін. Ұстаз болу – абыройлы міндет. Мұғалім мамандығы ешқашан қоғам үшін өз өзектілігін жоғалтпайды, – деп түйіндеді Гаухар Болатқызы.

 

Талай баланы тәрбиелеп, біліммен сусындатқан ұлағатты ұстаздың бүгінде ер жеткен екі ұлы бар. Олардан немере сүйіп отырған әже үйдегі кішкентайларға ақ жол сілтеп, тәлім беруді ұмытпайды.


Mezgil.kz

 



Ұқсас тақырыптар