Еңбек адамы - 2024: Нұрмұха Шаймерденов

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік қызмет жөнінде: «мемлекеттік қызмет дегеніміз – жеке бастың бақ-дәулетін арттыратын жер емес. Бұл – туған халқыңның алдында айрықша жауапкершілік арқалау деген сөз» деп атап өткен болатын. Бұл – екінің бірі атқара алмайтын, мемлекетке деген сүйіспеншілік пен іске адалдықты талап ететін қызметтің нақты анықтамасы. Осындай қиындығы мен жауапкершілігі мол жұмысты адал атқарып, жарты ғасырға жуық қазақ елі өркендеруі жұмыс істеп келе жатқан алматылық мамандардың бірі – Нұрмұха Шаймерденов. Алматы әкімі аппаратында бас маман болып жұмыс істейтін ол елеулі еңбегі үшін қалалық Қоғамдық даму басқармасының қолдауымен «Жастар Үні» Республикалық қоғамдық бірлестігі ұйымдастырған «Еңбек адамы» жобасының тізіміне енді.


фвцв.jpg

 

Нұрмұха Шаймерденовтің 50 жылдық еңбек өтілі бар. Оның 25 жылы білім саласында болса, 25 жылы – мемлекеттік қызметте. «Әр жұмыстың өзіне тән қиындығы да, қызығы да мол», – дейді ол. Маман Алматы облысы, Ұйғыр ауданы, Ақтам ауылында дүниеге келген. Айтуынша, ата-анасы қарапайым еңбек адамдары болған.

 

- Әкем Ырысбай Шаймерденов пен анам Нұрихан Шаймерденова қарапайым еңбек адамдары болды. Екеуі де шаруашылықпен айналысса да, көзі ашық, көкіректері ояу еді. Әкем барлық фольклорды, этнографияны, шежірені өте жақсы білетін. Анам Нұрихан өте көрікті жан болды. Ауылдағылар ақ келін деп атайтын. Біздің кезімізде театр болмады, дегенмен дала театры болатын еді. Той-томалақта ақындар айтысы, халық әндері мен жыр-дастандары шырқалатын. Біз сондай дүниемен сусындап өскенбіз. Содан болса керек, әулетіміздің барлық мүшесі өнерге, оның ішінде әдебиетке жақын болып өстік, – деді ол.

 

Алматылық еңбек адамы көпбалалы отбасында дүниеге келген. Бір ана, бір әкеден 10 бала тараған. Бауырларының ішінде оған үлкен ағасының ықпалы зор болыпты.

 

- Бауырларымының ең үлкені – Зікірия Шаймерденов 25 жасында мектептің директоры болды. Кейін екі ауылдың әкімі болды. Ал қалғанымыз сол кісінің артынан ілесіп, өмірге қанат қақтық. Мен бала кезімнен өнер адамы болуды армандадым. Актер болғым келгені рас. Бірақ үлкен ағам мұғалім болғандықтан, менде сол кісінің жолын қудым, – деп атап өтті ол.

 

Мектептен түлеп ұшқан Нұрмұха Ырысбайұлы университетке бірден іліге алмай, колхоздың шаруашылық ұжымында алғашқы еңбек жолын бастайды. Жай қарапайым шаруа болып, құрылыс, шөп шабу, егін жинау секілді жұмыстарды істейді. Дегенмен, өз мақсатынан таймай Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығына оқуға түсіп, оны үздік тәмамдайды. Ал 1982 жылы Отан алдындағы борышын өтеп, әскерден келгенсін ұстаздық жолға бет бұрды. Қызығы, мектептегі жұмысын көркем өнер үйірмесінің жетекшісі болып бастаса, кейін мұғалім болып, сосын сол мектептің директоры, одан кейін аудандық білім бөлімінің басшысына дейінгі қызметтерде жұмыс істеді.

 

- Беларуссияның Брест қаласында Отан алдындағы борышымды өтеп келгеннен кейін аудандық мәдениет бөлімінде автокөлік меңгерушісі болып жұмысқа тұрдым. Бірақ ол жерде ұзақ тұрақтамай, кейін мектепке ауыстым. 2000 жылы сол мектептің директоры, ал 2002 жылы  аудандық білім бөлімінің басшылығында қызмет атқардым. 2008 жылдың ақпан айынан Талдықорған қаласында (бұрынғы Алматы облысының) қазіргі Жетісу облысының әкімдігіне қарасты білім бөлімінің басқармасында жұмыс істедім, – деп еске алды маман.

 

Қажырлы еңбек пен мол ізденісітерінің арқасында көзге түскен ол Алматы қаласында жаңадан құрылған Алатау ауданының Мәдениет және тілдерді дамыту бөліміне арнайы шақырту алады. Нұрмұха Ырысбайұлы бұл ұсынысты қабыл алып, айтылған бөлімді бес жылдай басқарады, ал 2013 жылы Алматы қаласы әкімдігіне қарасты Білім басқармасына жұмысқа ауысады. Сол уақыттан бері күні бүгінге дейін ол Алматы әкімінің аппараты Тілдерді дамыту ономастика бөлімінде бас маман болып келеді.

 

- Мамандық деген – адамның тағдыры. Мен өз еңбек жолыма, тағдырыма ризамын. Мемлекеттік қызметте жүргеніме 25 жылға жуықтап қалыпты. Бұл жұмыстың өзіне тән қиындығы да, қызығы да мол. Себебі халықпен, көпшілікпен жұмыс істейміз. Бұқара халықтың көңілін тауып, бәрінің бірдей көңілінен шығу – өте күрделі дүние. Ол үшін адамға білім, табандылық, парасаттылық керек, – деп атап өтті ол.

 

Нұрмұха Шаймерденовтің негізгі жұмыстарының бірі – қазақ тілінің біліктілігі тексеретін «Қазтест» емтиханын өткізу. Ол осы уақытқа дейін 15 мың адамды тестілеуден өткізген. Сонымен қатар, қазақ тілін дамытуға да өлшеусіз үлес қосып келеді. Шетелден келген мамандар мен қазақ тілін үйренуге құлшыныс білдіргендер адамдарға тілдік курс ашқан. Биылдың өзінде 700-ге жуық адам аталған курстан білім алып жүр.

 

- Жұмыс өте көп. Хат-хабарға жауап береміз. Елдің өтінішіне назар аударамыз. Сондай-ақ, жоспар жасап, іс-шаралар ұйымдастырамыз. Қазақ тілін меңгеруге арналған курсымызды жүргіземіз. Қазіргі уақытта 700-ге жуық адам біздің курстан білім алып жатыр. Осы еңбегіміз кішігірім болса да қоғамға пайдасы тиіп жатыр деген ойдамыз, - деді маман.

 

Нұрмұха Шаймерденовтің бір ұл, бір қызы және 6 немересі бар. Жары - Гүлмира Шаймерденова табысты еңбек еткен ардагер ұстаз. Жұмыс уақытында сабырлы да салмақты қызмет атқаратын маман үйде балалық арманын орындап, домбырамен ән айтқанды ұнатады. Сондай-ақ, отбасымен бірге жиі табиғатқа шығып, қаланың тынымсыз тіршілігінен демалғанды жақсы көреді.


Mezgil.kz

 



Ұқсас тақырыптар