Еңбек адамы - 2024: Мейрамбек Кулназаров

«Бүгінгі күннің батырлары» дегенде бірден ойға түсетін мамандық бұл – өрт сөндірушілер мен құтқарушылар. Бейбіт заманда өз өмірін қауіпке тігіп, аяуды да, қорқу да білмейтін тілсіз жаумен алысатын батырлар алғыс пен құрметке лайық. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде айтып өткен болатын: «Құтқарушы болу – қиын әрі қатерлі жұмыс. Шын мәнінде, бұл – нағыз ержүрек азаматтардың кәсібі. Төтенше жағдай мамандары жұмыс барысында талай ерлік көрсетті. Басқа адамдардың өміріне араша түсіп, қаза тапқан құтқарушылар аз емес. Батырлардың ерлігі ешқашан ұмытылмауы тиіс». Көп жылдар бойы алдыңғы шепте тілсіз жаумен алысып, талай адамның аман қалуына себепші болған алматылық құтқарушы, нағыз еңбек адамы – Мейрамбек Кулназаров. Бейбіт заманның батыры Алматы қаласы Қоғамдық даму басқармасының қолдауымен Жастар Үні Республикалық Қоғамдық Бірлестігі ұйымдастырған «Еңбек адамы» жобасының тізіміне енді. Ол бүгінгі күні Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаменті Өрт сөндіру және авариялық құтқару жұмыстары қызметінің Мемлекеттік құпияларды қорғау жөніндегі топтың бас маманы ретінде жұмыс істейді.


фыф.jpg

 

Мейрамбек Кулназаров өрт сөндіруші ретіндегі жұмысын 2002 жылы бастаған. Қалалық Төтенше жағдайлар департаментінде бас маман қызметіне ауысқанға дейін көптеген қауіпті төтенше жағдайлардың қақ ортасында жүріп, талай адамның өмірін құтқарып қалды. Атап айтқанда, 2017 жылы мегаполистегі «Red Scorpion» кешенінде болған алап өрт кезінде баспалдақ арқылы бір топ адамды алып шыққан. Бұл оқиға кезінде құтқарушылар барлығы 30 адамның өмірін аман сақтап қалды. Тілсіз жаудан тайынбаған құтқарушы ержүрек ерлігі үшін Президент қолынан «Айбын» орденімен марапатталды. Бүгінгі күні өз ұжымында ғана емес, алматылықтардың арасында үлкен құрметке ие болған маман бала кезде басқа арманы болғанын айтады.

 

- Мен 1980 жылы қараша айының 6-шы жұлдызында Жамбыл облысы, Жуалы ауданы, Қошқар-ата ауылында дүниеге келдім. Әкем – Кемелбек Пернебайұлы колхозда көлік қозғалтқыштарын жөндейтін механик болса, ал анам – Ақбалғын Бөтейқызы ауылдағы мектепте шаруашылық меңгерушісі болып жұмыс істеді. Отбасында бес бала болдық. Осындай шаңырақта өскен менің бала кезде армандарым көп болды. Бірде әнші, бірде экономист болғым келді. Бірақ Өрт сөндіру қызметіне келіп өмірдегі өз орнымды таптым деп ойлаймын, – деді құтқарушы.

 

Мейрамбек Кемелбекұлы туған жері – Қошқар-ата ауылында орналасқан Абай атындағы орта мектепті 1997 жылы бітірді. Одан кейін жас жігіт Отан алдындағы борышын өтеуге Өскемен қаласына аттанады. Әскерден соң ол Алматы қаласына арман қуып келеді. Алғашқыда сауда ісімен айналысады. Бірақ жиен ағасының кеңесімен абыройлы да жауапты жұмыс – өрт сөндіруші болуға шешім қабылдайды. Осылайша, ол 2002 жылы Алматы қаласының №6 өрт сөндіру бөліміне өрт сөндіруші-құтқарушы болып жұмысқа кіріседі.

 

- Өрт сөндірушінің жұмысы оңай емес. Қанша оттан өткен тәжірибелі маман болсаң да, келесі оқиға кезінде алдыңда не күтіп тұрғанын білмейсің. Қанша уақыт, қандай қиындықтан өтетініңді таңдамайсың. Тілсіз жаудан демалыс сұрай алмайсың. Бірақ ештеңеге қарамай арпалысуың қажет. Себебі адамдар саған үміт артады. Сен адамдардың өмірін сақтап қалуға себепші боласың, – деп атап өтті ол.

 

Мейрамбек Кемелбекұлы 2012 жылы М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің «Қоршаған ортаны қорғау және адам өмірінің қауіпсіздігі» факультетіне сырттай оқуға түсіп, оны 2017 жылы тәмәмдайды. 17 жыл алдыңғы шепте жүріп, қаламыздың түкпір-түкпірінде жалынның жайылуына жол бермеген құтқарушы кейінгі жылдары Өрт сөндіру және авариялық құтқару жұмыстары қызметінің бас маманы қызметіне ауысады. Жалпы осы салада жүргеніне 23 жыл болған.

 

Тәжірибелі маман бүгінгі күні негізінен құжатпен жұмыс істейді. Бірақ жас өрт сөндірушілер өз тәжірибесімен бөлісіп, қажетті ақыл-кеңес беруді де ұмытпайды.

 

- Өрт сөндіруші болу үшін адамның бойында жігер мен қажыр-қайрат болуы керек. Сондай-ақ жұмысқа психологиялық тұрғыдан дайын болғаны дұрыс. Бізде алғашқы дайындық мектебі бар. Біздің кезде 45 күн осында оқып, физикалық-психологиялық тұрғыдан дайындалатынбыз. Бүгінгі күні де өрт сөндірушілер осында дайындалады. Бұл қызметке келетін адамның бойында бастысы – батылдық болуы қажет, – деді ол.

 

Мейрамбек Кулназаров бүгінгі күні жан жарымен бірге бір ұл, бір қыз тәрбиелеп отыр. «Екеуі де мемлекеттік қызметші болғанын қалаймын» дейді ол. Жұмыс уақытында сабырлы да салмақты қызмет атқаратын маман үйде балалық арманын орындап, домбырамен ән айтқанды ұнатады.



Ұқсас тақырыптар