«Ұстаздар – ұлттың зияткерлік қуаты. Олар білімді ұрпақ тәрбиелеу арқылы еліміздің өркендеуіне жол ашады». Бұл – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Қазақстан халқына Жолдауындағы сөзі. Президенттің ұстаздары «ұлттың зияткерлік қуаты» деп бағалауы бекер емес. Себебі ұстаз бұл – тек білім берумен шектелетін маман емес, ол қоғамға өлшеусіз үлес қосып, ел ертеңі болатын адал азаматтарды тәрбиелетін еңбек адамы. Өз жұмысы арқылы бір жағы шәкірт тәрбиелеп, бір жағы ғылымды қатар алып жүрген үлгілі маман – Мөлдір Абдраймова. Ол Қазақ Ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Ғылым департаментінің директоры болып жұмыс істейді. Қажырлы еңбегімен көзге түскен ұстаз Алматы қаласы Қоғамдық даму басқармасының қолдауымен Жастар Үні Республикалық Қоғамдық Бірлестігі ұйымдастырған «Еңбек адамы» жобасының тізіміне қосылды.
Халқымыз «жақсыдан жақсы туар жарқылдаған» деп айтқандай, Мөлдір Абдраймова жақсылардың отбасында дүниеге келген. Алматылық еңбек адамының әкесі – Рашид Абдраймов химия пәнінің мұғалімі болған. Кейіпкердің анасы – Нұрсұлу Абдраймова да өмірін ұстаздыққа арнаған адам. Ұстаздар отбасында 5 бала болса да, бауырларының ішінде әке мен ана жолын қуып, педагог болған Мөлдір Рашидқызы екен.
- Әкем өмірін ұстаздыққа арнаған адам еді. Ол кісі өте салмақты, білімді тұлға болды. Абай атындағы ҚҰПУ бітірген. Анам да өмір бойы ұстаз болып еңбек етті, қазіргі таңда зейнеткер. Ата-анамыз педагог кісілер болғандықтан, біздің тәрбиемізге көп көңіл бөлді. Өзімізде «мұғалімнің қызы» деген атқа лайық болуға тырыстық. Сол кісілерден алған тәлім-тәрбиеміз бізді бүгінгі жетістіктерге жеткізіп отыр, – деді ол.
Бүгінде ғылым мен ұстаздықты қатар алған маман бала кезде журналистикаға жақын болған. Жоғары сыныптарда Қазақ-түрік лицейіне түсіп, математикалық топты таңдаса да, әдеби туындылар мен шығармашылықтан алыстамапты. Тіпті «мектеп атынан қазақ тілінің олимпиадаларына баратынмын» дейді ол. Алайда 11 сыныпта техникалық мамандықтарға бет бұрып, нәтижесінде 2004 жылы Қазақ Ұлттық қыздар педагогикалық университетіне «химия пәнінің мұғалімі» мамандығы бойынша оқуға түседі.
- 2008 жылы университетті үздік тәмәмдап, ары қарай «химия» мамандығы бойынша магистратурамен білім алуды жалғастырдым. Ал 2014 жылы өз бағытым бойынша докторантураға түсіп, 2017 жылы диссертациялық кеңесте докторлық диссертациямды қорғап, дипломымды алдым, – дейді маман.
Мөлдір Абдраймованың айтуынша, ол еңбек жолын 2010 жылы Қазақ Ұлттық қыздар педагогикалық университетінінің «Химия» кафедрасында оқытушы ретінде бастайды. Ол жоғарғы оқу орнында 2 жыл жұмыс істейді. Одан кейінгі жылдары жоғарыда атап өткендей, білімін толықтырады. Ал 2018 жылы ҚазҰҚПУ-да Оқу үдерісі бөлімінің басшысы қызметіне келеді.
- Докторантурада оқып жүргенде көптеген ғылыми конференцияларға қатысып, ғылыми жобаларда жұмыс атқарғандықтан, Оқу үдерісі бөлімінің жұмысы маған жақын болмады. Мұнда негізінен құжаттармен айналысу қажет. Ал мен жаңа синтездер жасап, әлемдегі ғылыми жаңалықтар бойынша тәжірибе өткізгім келді. Сондықтан бұл қызметтен өз еркіммен кетіп, Ғылым бөліміне жоба-менеджері қызметіне ауыстым, – деп атап өтті Мөлдір Рашидқызы.
Ғылым бөлімінде нәтижелі жұмыс істеген маман еңбегіне сай жаңа қызметтерге көтерілді. Қазіргі уақытта ол ҚазҰҚПУ Ғылым департаментінің директоры қызметін атқарады және ҚР Ұлттық ғылым академиясының жанынан құрылған Жас ғалымдар кеңесінің президиум мүшесі.
- Департмент басшысы ретінде мен магистратура және докторантура тәлімгерлерінің білім бағдарламасына жауаптымын. Бірақ әкімшілік жұмыстан бөлек «Химия» кафедрасында қауымдастырылған профессор ретінде жас ғалымдармен бірге ғылыми зерттеулер жүргіземіз, ғылыми жобалар дайындаймыз, – деп нақтылады маман.
Мөлдір Абдраймова білімін жетілдіруді бүгінгі күні де тоқтатпаған. Ол Ғылым және жоғары білім министрлігінің «500 ғалым» бағдарламасының иегері атанып, 2022 жылы Ыстамбұл қаласындағы университеттің «Наноматериалдар және нанотехнология» институтында ғылыми тағылымдамадан өткен. Қазіргі уақытта бос уақытында рухани кітаптарды оқудан бөлек, ғылыми мақалалармен танысып, олар бойынша тәжірибе жасағанды ұнатады.