Еңбек адамы - 2024: Манатбек Сейдуалиев

Көзге көп көріне бермейтін, бірақ оларсыз халықтың тұрмыс-тіршілігін елестетуге болмайтын мамандықтар бар. Олардың бірі – слесарь жұмысы. Асқан шеберлік пен қажырлы еңбекті қажет ететін бұл мамандық иелерін – нағыз еңбек адамдары деп айтуға болады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында: «Елімізде еңбекқор адам, кәсіби маман ең сыйлы адам болуға тиіс. Біз қарапайым еңбек адамына құрмет көрсетуіміз керек. Қандай кәсіппен айналыссаң да, оны сапалы атқару маңызды» деп атап өтті. Алматыда көп жылдан бері өз кәсібімен адал айналысып жүрген жұмысшылардың бірі – Манатбек Сейдуалиев. Ол «Алматы жылу жүйесі» ЖШС-ында жылу желілерінің құрылыстары мен жерасты жылу құбырларына қызмет көрсету бойынша слесарь болып жұмыс істейді. Маманның көпжылдық еңбегі бағаланып, ол Алматы қаласы Қоғамдық даму басқармасының қолдауымен Жастар Үні Республикалық Қоғамдық Бірлестігі ұйымдастырған «Еңбек адамы» жобасының тізіміне енді.


цуц.jpg

 

«Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» дегендей, алдыңғы буынның жолын қуып, бір салада әкесі мен баласы жұмыс істейтін отбасылар Қазақстанда баршылық. Олардың бірі әрі бірегейі – Сейдуалиевтер отбасы. Отбасының тірегі Манатбек Рахымбайұлы жылу беру саласында жұмыс істеп жүргеніне 35 жыл болса, жұбайының бұл саладағы еңбек өтілі 15 жылға жақындаған. Қазіргі уақытта тәжірибелі маманның қызы да осы салаға аяқ басып, жұмыс істеп жүр. Техникалық салада отбасы ішінде алғашқы болып жол салған Манатбек Сейдуалиев Жамбыл облысы Шу өңірінің тумасы.

 

- Әкем бала кезімде қайтыс болды. Өзім ата-әжемнің тәрбиесін алып, сол кісілердің қолында өстім. Кішкентай күнімде машинист болуды армандадым. Кейін уақыт өте келе осы мақсатыма жетіп, «қазандық машинисті» мамандығын алып шықтым, – деді ол.

 

Еңбек адамы атағына лайықты маман еңбек жолын әскерден келгеннен кейін Алматыда бастаған. Шаһарды жылумен қамтамасыз ететін екінші Жылу электр орталығына (ЖЭС) алғашқыда қараушы слесарь ретінде жұмысқа тұрады. Мұнда жылдар өте тәжірибе жинаған маман 2001 жылы «Алматы жылу жүйесі» компаниясына ауысады. Бүгінде Манатбек Сейдуалиев 5 разрядтағы слерась-бригадир болып еңбек етеді.

 

- Жұмысымыз өте жауапты. Мұнда қателесуге болмайды. Әйтпесе барлық қалаға зияны тиіп кетуі мүмкін. Сондықтан біз қызметімізге мұқият қараймыз. Десе де, жұмысым өзіме ұнайды – осында жүріп үйлі болдым, балаларым өсіп, немере сүйдім, – деп алматылық еңбек адамы ағынан жарылды.

 

  Манатбек Рахымбайұлының жұмыс күні таңғы 8-де басталады. Ол келе салып, жылу желілерінің құрылыстары мен жерасты жылу құбырларында ақаудың бар-жоқтығын қарап шығады. Егер қандай да бір төтенше жағдай бола қалса, жылу мен су беруді тоқтатады.

 

- Біз ПИК, яғни Пәтер иелері кооперативтерімен бірлесе жұмыс істейміз. Егер бір жерде құбыр жарылса не басқа оқиға болса, жөндеу жүргізетін бригадаларымыз оқиға орнына барып, бәрін қалпына келтіреді. Біздің қызметіміз –  жылу мен су беруді өшіріп, бәрі болған кезде қайта қосу. Менің жұмыс күнім 17:00-де аяқталады. Бірақ мекемеде жұмыс тоқтап қалмайды. Түнгі уақытта төтенше жағдайлар қызметіне болады. Олар түнде болған оқиғалар не істелген жұмыс жөнінде жазба қалдырады. Оны таңертең қабылдап, ары қарай жылу құбырлары мен жылу желілерін өзіміз қадағалаймыз, – деп атап өтті ол.

 

  Тәжірибелі маман өзінің негізгі міндеттерінен бөлек жас мамандарға қамқорлық көрсетіп, білгенін үйретеді. Оның айтуынша, бұл салада жақсы маман болудың сыры – күнделікті жұмыстың қыр-сырын үйренуге талынып, тәжірибе жинау.

 

- Жұмысқа келіп жатқан жас мамандар көп. Бірақ көбінің әлі икемі жоқ. Оларды үйретуге де біраз уақыт кетеді. Олардың разрядтары бізден төмен болады. Тәжірибе жинағаннан кейін біртіндеп емтихан тапсырып, разрядтары өсе береді. Мен жастарға қолдан келгенге ақыл-кеңес беріп, үйретуге тырысамын. Біздің жұмыста жақсы маман болу үшін бастысы уақыт пен үйренуге деген құштарлық қажет деп ойлаймын, – деді маман.

 

Манатбек Сейдуалиев – жұмысына сыйлы маман әрі үлгілі әке. Жұбайымен бірге 4 қыз тәрбиелеген. Бүгінгі күні немерелері бар. «Алматы жылу жүйесінде» жұмыс істейтін ата-анасына қарап, қыздарының бірі техникалық мамандықты игеріп шыққан. Ол қазіргі уақытта  «Алматыжылужайэнерго» компаниясында инженер-техник болып жұмыс істейді. Ал алматылық еңбек адамының өзі «қыздарымыз жұбайым екеуміздің жолымызбен жүргеніне қуанамын» дейді. Сондай-ақ, Манатбек Рахымбайұлы бос уақытын жақындарымен өткізгенді ұнататынын атап өтті.


Mezgil.kz



Ұқсас тақырыптар