Еңбек адамы - 2024: Сағынкүл Иманбаева

«Күш – білімде, білім – кітапта». Бұл нақыл сөз – талай жылдармен дәлелденген ақиқат. Кітапқа жақын болған ел әрқашан өз бақталастарынан алда болған. Ғылым мен технология алдыңғы қатарға шыққан қазіргі заманда бұл сөздердің өзектілігі тіпті артты. Ал талай білімнен хабар беретін кітаптардың сандығы – кітапхана. Алматыдағы №4 кітапханада жұмыс істейтін Сағынкүл Иманбаева осы сандықтағы қазынаны сақтап, оны қала тұрғындарына ұсынатын маман. 40 жылға жуық кітапхана саласында жұмыс істеп келе жатқан ол Алматы қаласы Қоғамдық даму басқармасының қолдауымен Жастар Үні Республикалық Қоғамдық Бірлестігі ұйымдастырған «Еңбек адамы» жобасының тізіміне қосылды. Кітапханашы маманның еңбегі жоғары бағалануы бекер емес. Себебі кітапханалардың маңызын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында ерекше атап өтті: «Кітапхана – мемлекеттің, ұлттың негізгі жады. Еліміз үшін құнды тарихи деректер мен материалдардың дені кітапханада сақталады. Сондықтан кітапхана ісін дамытуға бей-жай қарауға болмайды. Кітап оқырманға қолжетімді болуы керек. Алматыда кейбір кітапханалар заман талабына сай жаңғыртылды. Онда жастардың шығармашылықпен айналысып, білімін ұштауына толық мүмкіндік бар».


fsffs.jpg

 

Сағынкүл Иманбаева Жамбыл облысы Меркі өңірінде әкімшілік қызметте істеген Каден Иманбаев пен 7 бала тәрбиелеген ардақты ана Сандыгүл Ағатайқызының отбасында дүниеге келген. Ауылдық №18 мектепте үздіктердің бірі болып, қоғамдық жұмыстарға белсене араласты. Оқушы кезінде ұстаз болып, балаларға білім беруді армандады. Маманның бұл арманы тікелей орындалмаса да, «балалар мен жастарға білім беремін» деген тілегі бүгінде шындыққа айналды.

 

- Бала кездегі басты арманым – мұғалім болу еді. Өз сыныптастарыма диктант жазғызып, баға қойғанды ұнататынмын. Бірақ мектеп бітіргеннен кейін 1982 жылы Қазақ Ұлттық қыздар педагогикалық университетінің «Кітапханатану және библография» факультетіне оқуға түстім. Жоғары оқу орынды 1986 жылы қызыл дипломға тәмамдап, сол жылы Жамбыл облысы Меркі ауданының орталық кітапханасына жұмысқа тұрдым. Кітапханашы ретіндегі еңбек жолым осылай басталды, – деді еңбек адамы.

 

  Сағынкүл Каденқызы аудандық кітапханада күнделікті жұмысынан бөлек көптеген мәдени іс-шараларға қатысып, тәжірибе жинаған. Осында кітапхана ісінің қыр-сырын үйреніп, мықты маман болып қалыптасты. Білімге шөлдеп келген оқырмандарға көмектесіп, өз жұмысын үлгілі атқарды. Нәтижесінде аудан халқы қажырлы еңбегімен көзге түскен сүйікті кітапханашыларын Меркі аудандық мәслихаттың депутаты қылып сайлаған.

 

Десе де, кітапханашы маман студент кезінде білім алған Алматыға тағы да жол түсіп, 1989 жылы қалалық Орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің №36 жастар кітапханасының абонимент бөліміне жұмысқа тұрады. Мұнда 3 жыл еңбек етіп, 1992 жылы №4 кітапхананың бөлім меңгерушісі қызметіне ауысады. Жаңа кітапхананы екінші үйіне айналдырған Сағынкүл Каденқызы жылдар өте жоғары қызметке келеді. Бүгінгі күні ол – Алмалы ауданында орналасқан №4 кітапхананың директоры. Білікті басшысының мұнда жұмыс істегеніне биыл 32 жыл толады.

 

- Мен басқарып отырған №4 кітапхана – қаламыздағы жастарға ақпараттық білім, ұлттық-рухани тәрбие беретін ірі мәдениет ошағы, қаламыздағы үлгілі кітапханалардың бірі. Ғимаратымыз заман талаптарына сай жаңа ақпараттық технологиялармен жабдықталған, 70 мыңнан астам кітап қоры бар. Жыл сайын 12 мыңнан астам оқырманға қызмет көрсетіледі, – деп мақтанады бүгінде маман.

 

Сондай-ақ, Сағынкүл Иманбаева кітапхана саласында жүрген 40 жылға жуық еңбек жолында талай қызық пен қиындықты басынан өткізгенін атап өтті. Оның айтуынша, қала орталығында орналасқан, бүгінде өзі басқаратын кітапхананы сүріп, оның орнына бас пайдасы үшін өзге нысан салғысы келген адамдар да болған.

 

- 1995-1997 жылдары қала ортасында орналасқан кітапханамыздың орнына банк, дүкен, мейрмахана ашпақ болған қалталы азаматтар көп болды. Тек оқырмандардың және зиялы қауым өкілдерінің көмегімен ғана киелі шаңырағымызды сақтап қала алдық. Кітапхана кіру үшін таңғы сағат 8-де келіп, кезекке тұрған студенттер әлі көз алдымда. Қай кезде болмасын мен жұмыс істейтін №4 кітапхана білім іздеген жастар үшін киелі де құтты руханият ордасы болды және әлі де болып келеді. Менің өмірлік ұстанымым – кітапханашы деген мәртебелі атқа әрқашан лайықты болу, – деді мекеме бастығы.

 

Бүгін күні Сағынкүл Каденқызының ұлы мен келіні және сүйсіне «әже» дейтін немерелері бар. Жұмыстан қолы босай бермейтін басшыс бос уақытын үй кішкентайларына арнайды.


Mezgil.kz



Ұқсас тақырыптар