Әлем алдында өзіңді мойындатудың бірден бір жолы – спорттағы жетістіктер. Олимпиада, әлем чемпионаты сынды дүниежүзілік додаларда топ жарып, әнұранын әлем алдында шырқататын елдердің мерейі әрдайым үстем болмақ. Осы тұста, әлемдік жарыстарда жеңісті жұлып алатын шебер де мықты спортшыларды тәрбиелейтін бапкерлердің орны бөлек. Жақсы жаттықтырушы қыз-жігіттердің бойынан таланатты байқап, олардан чемпион шығара алады. Еліміздегі мұндай бапкерлердің бірі – Долкунжан Камеков. Ол биыл Париж Олимпиадасындағы шәкіртінің жетістігі үшін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолынан «Құрмет» орденімен марапатталды. Өмірін спорт пен боксқа арнаған алматылық маман Алматы қаласы Қоғамдық даму басқармасының қолдауымен Жастар Үні Республикалық Қоғамдық Бірлестігі ұйымдастырған «Еңбек адамы» жобасының тізіміне енді. Ол бүгінгі күні Мамандырылған жоғарғы спорт шеберлігі мектебінде Әйелдер боксы бойынша жоғары санатты біліктілігі жоғары деңгейдегі жаттықтырушы ретінде жұмыс істейді.
Долкунжан Камеков Алматы облысы, Ұйғыр ауданы, Добын ауылында дүниеге келген. Жеті баланың арасында өскен ол бала кезінен спортқа бейім болыпты. Бірақ өзге қатарластары секілді спортшы болуды емес, бірден бапкерлікті мақсат еткен.
- Бала кезімнен бапкер болғым келді. Себебі әкем – Тұрсын мұғалім болды. Әкемнің бауырлары да білім беру саласында жұмыс істеді. Осы салаға бет бұрғаным содан болар, – дейді бүгінде бапкер.
Долкунжан Камеков туған жері – Добын ауылында орналасқан орта мектепті бітіргеннен кейін Өзбекстанның Ангрен қаласында Дене шынықтыру техникумның бокс бағытында 2 жыл білім алған. Кейінірек, Алматыдағы Спорт және туризм академиясында оқыған. Алғашқы жұмысын 1990-шы жылдары Республикалық мамандандырылған олимпиадалық резерв мектебінен бастапты.
- Бапкер ретінде еңбек етіп жүргеніме 30 жылдан астам уақыт өтті. Еңбек жолымның басында жас спортшылармен жұмыс істедім. Алғашқы шәкірттерімнің бірі – Ділмұрат Межитов. Ол Қазақстан чемпионы, Спартакиада чемпионы, Astana Arlans сапында әлем чемпионы болды. 2017 жылы Алматы қаласының Мамандырылған жоғарғы спорт шеберлігі мектебінде жұмысқа ауыстым. Жас спортшыларды баптап үйренгендіктен, ересектермен жұмыс істеуде қиыншылық болғаны рас. Енді әр саланың өзіндік қиындығы болады. Бізде жарысқа, оқу-жаттығуларға барған кезде қаражат жағынан қиындық туындайтын, – деп еске алды Долкунжан Камеков.
Талай халықаралық жарыстарға барып, талай кәсіби спортшыларды тәрбиелеген бапкер биыл алғашқы Олимпиадасына барып келді. Әлем көз тіккен төртжылдықтың басты додасы Долкунжан Камеков пен шәкірті Назым Қызайбай үшін сәтті болды. Бокстан Қазақстан намысын 51 келіде қорғаған Назым Олимпиаданың қола жүлдесін жеңіп алды. Бұл жеңістің артында қазақ қызының шеберлігі мен ерлігінен бөлек жеке бапкері Долкунжан Камековтің үлкен еңбегі жатқаны сөзсіз. Жаттықтырушының төккен тері мемлекет деңгейінде де мойындалып, оған «Құрмет» ордені берілді.
Жаттықтырушының айтуынша, Олимпиада өзге халықаралық жарыстарға қарағанда ерекше сезіледі. Ал Олимп шыңын бағындыратын спортшыларды дайындау бала кезден басталып кетеді.
- Олимпиадаға баратын жақсы спортшы бала кезден байқалады. Бапкерлер «жақсы материал» деп те айтады. Жоғары нәтижеге жету үшін спортшы мен бапкер басынан бастап үлкен мақсат қоюы қажет. Одан кейін тыңбай еңбек етіп, қиыншылықтарға көну керек. Олимп жолында көптеген тосқауылдар болады. Қиындыққа мойымай, мақсаты үшін аянбай еңбек еткен адамдар ғана осы шыңды бағындыра алады. Мен биыл Олимпиадаға бірінші рет бардым. Бұрын бұл жарыста Әлем, Азия чемпионаты секілді өтеді деп ойлайтынмын. Дегенмен, олай емес екен. Олимпиадада жауапкершілік пен бәсекелестік деңгейі өте жоғары болады. Спортшы да, бапкер де осындай қысымға дайын болуы керек. Спорттың шыңы Олимпада деген сөздің бекер еместігін сезіндім, – деді жаттықтырушы.
Осы уақытқа дейін 50-ден астам әртүрлі халықаралық жарыстардың чемпиондары қолынан өткен Долкунжан Камеков жан жарымен бірге екі ұл, бір қыз тәрбиелеп өсірді. Олардан төрт немересі бар. «Балаларымның барлығы қай салада жүрсе де, өз денсаулықтары үшін күнделікті спортпен айналысқанын қалаймын» дейді ол. Ал өзі жұмыстан бос уақытында сурет салғанды ұнатады.
- Бала кезімізден сурет салуды жаным сүйеді. Бос уақытымда сурет салып, миымды тынықтырамын. Сондай-ақ, кітап оқығанды, жарыстан кейін тауға шыққанды ұнатамын, – дейді еңбек адамы.
Mezgil.kz