Еңбек адамы - 2024: Ақтөреқожа Нұрқожа

Қазақстан секілді іргетасы бекіген, бірақ өркениет пен даму жолындағы мемлекет үшін білікті мамандар ауадай қажет. Мұны Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та жиі айтып келеді. Биылғы Жолдауында «еліміздің кадрлық әлеуетін біртіндеп арттыру өте маңызды» деді Президент. Яғни, қазіргі уақытта бар білімі мен қажыр-қайратын еліміне арнаған жоғары білікті мамандардың еңбегін ерекше атап өтуге болады. Мұндай мамандар мемлекеттің дамуына өз үлесіп қосып қана қоймай, жылдармен жинаған тәжірибесін бөлісу арқылы жаңа кадрлардың жетілуіне көмектеседі. Ақтөреқожа Нұрқожаны осы санаттағы еңбек адамдарының қатарына жатқыза аламыз. Ол – «АлматыБасЖоспар» ғылыми-зерттеу институтының аға сәулетші болып жұмыс істейді. Мегаполистің өсіп-өркендеуі жолында жұмыс істеп жүрген білікті маман Алматы қаласы Қоғамдық даму басқармасының қолдауымен «Жастар Үні» Республикалық қоғамдық бірлестігі ұйымдастырған «Еңбек адамы» жобасының жеңімпаздар тізіміне қосылды.


впв.jpg

 

Ақтөреқожа Нұрқожа Павлодар қаласында дүниеге келген. Әкесі – тамақ өнеркәсібі жөніндегі инженер технолог болса, анасы – педагог. Өзінен үлкен 3 әпкесі мен бауыры бар. Үйдегі үлкен әпкесі бүгінгі күні дәрігер болып жұмыс істейді, ал қалған бауырлары – кәсіби музыкант-скрипкашылар. Өзі бала кезінен архитектор болуды армандапты.

 

- Ес білгелі бері сәулетші болуды армандадым. Оқушылар сарайында сәулетшілік үйірмесі болды. Біз оған қатысып, әртүрлі ғимараттардың пішінін жасайтынбыз. Бұл жұмыс маған қатты ұнап, архитектор болғым келетінін ата-анама айттым. Олар менің таңдауымды қолдады, – деп еске алды маман.

 

Арман қуған Ақтөреқожа 2012 жылы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіне «сәулетші» мамандығына оқуға түсіп, 2017 жылыны оны үздік бітіреді. Дегенмен, ол студенттік кезеңде тек оқумен шектелмей, жұмыс практикасымен айналысқан.

 

- Мен еңбек жолымды 2014 жылы бастадым. Бізге сабақ беретін мұғалімнің жеке компаниясы болатын. Мен өтініш білдіріп, алдымен сол компанияда тәжірибе жинадым, кейін жұмысқа орналастым. Оқуымды тәмамдаған соң, компаниядағы жұмысымды жалғастырдым. Бір кездері фрилансер де болдым. Бірақ осы жолдарды өткеннен кейін маған қалалық аймақты жоспарлау және урбанистика ұнайтынын түсіндім. Осылайша, мен Астана қаласының архитектура бөліміне келдім, – деді ол.

 

Елордада біраз тәжірибе жинаған маман кейін Алматы қаласына көшіп келген. Бүгінгі күні Ақтөреқожа Нұрқожа «АлматыБасЖоспар» ғылыми-зерттеу институтының аға сәулетшісі болып жұмыс істейді. Өзінің айтуынша, қазіргі уақытта қаланы дамыту үшін маңызы бар көптеген жобалармен айналысады.

 

- Институтымыз қаламыздың полиорталықты дамуын көздейтін «Алматы қаласының 2040 жылға дейінгі Бас жоспарын» әзірледі. Сондай-ақ, біз Райымбек көшесін жаңғырту бойынша жобаны дайындап жатырмыз. Ол қоғамдық көлік жолын ретке келтіруге және жалпы көшенің бір дизайн-кодқа сәйкес келуіне әкеледі, – деді ол.

 

Ақтөреқожа Еркінқожаұлы сәулетшілердің жұмысын хирургтардың жұмысына теңестіреді. Айтуынша, екі мамандықтың да жауапкершілік көп және жұмыс барысында асқан дәлдік пен есепті талап етеді.

 

- Хирург білімі арқылы адамның өмірін сақтап қала алады немесе оған зияны тиіп кетуі мүмкін. Сол секілді архитектор қаланың тыныш-тіршілігін жақсартып, оған оң әсер ете алады. Алайда асығыс шешім қабылдаса қала мен оның тұрғындарына зияны тиюі де мүмкін. Сондықтан сәулетші әр сызбасы, жобадағы әр нысаны арқылы не істегісі келетінін, қандай мақсаты бар екенін түсінуі қажет. Жалпы жұмысымыздың қызығы мен қиындығы қатар жүреді. Әр жоба бойынша жеке ізденіп, жаңа шешімдер іздейміз. Жобалау кезінде адам өміріне әсер ететін барлық салаларды есепке аламыз, – деп атап өтті ол.

 

Сондай-ақ, сәулет саласында 10 жылға жуық еңбек етіп келе жатқан алматылық маман жас архитекторларға барынша көмектесіп, олардың жұмысын бақылағанды ұнатады.

 

- Сәулетші жұмысын IT маманның жұмысымен де салыстыруға болады. Екеуінде де көп ізденіп, көп еңбек ету қажет. Бірақ IT саласында нәтиже жылдам келетін болса, сәулет саласында бәрі керісінше. Сондықтан кез келген адам архитектор бола алмайды. Маған жас сәулетшілердің ой-пікір, ұсыныстарын тыңдап, жобаларын бақылаған ұнайды. Себебі жас мамандардың әр нәрсеге өзіндік ерекше көзқарастарды болады, – деді сәулетші.

 

100-ден астам жобаны әзірлеген маман бүгінгі де жұмысқа деген қызығушылығы мен ынтасы азаймаған. Ол жұмыс уақыты аяқталса да, басталған істі соңына дейін жеткізу үшін жиі түнге дейін қалады. Ал бос уақыты бола қалса, қала көшелерінде серуендейді. «Жаяу жүріп қаланы сәулетші ретінде зерттеген ұнайды» дейді ол.


Mezgil.kz



Ұқсас тақырыптар