Әлемде жыл сайын экологиялық сұрақтардың өзектілігі артып келеді. «Экология мәселесі әрқашан өзекті, тіпті, ұлттық қауіпсіздік мәселесі десек болады. Себебі, тұрғындардың денсаулығы, тұрмысы қоршаған ортаның жағдайына тікелей байланысты» деді Президент. Еліміздің ең ірі мегаполисі – Алматыда да мұндай мәселелердің бар екені анық. Бірақ қаланы адамдардың тұру үшін қолайлы әрі қауіпсіз ету үшін еңбек етіп жүрген мамандар да аз емес. Олардың бірі – Алматы қаласы Экология және қоршаған орта басқармасында штаттас тыс техникалық маман болып жұмыс істейтін сарапшы-эколог Назия Аухинова. Мегаполистегі экологиялық мәселелердің нақты шешімдерін іздеумен айналысатын маман Алматы қаласы Қоғамдық даму басқармасының қолдауымен Жастар Үні Республикалық Қоғамдық Бірлестігі ұйымдастырған «Еңбек адамы» жобасының тізіміне қосылды.
Ақтөбе облысында дүниеге келген Назия Аухинова мектеп бітіргеннен кейін қазіргі Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде механика-математика факультетінде білім алған.
- Әкем жол құрылысымен айналыстан құрылысшы, ал анам сатушы болды. Мен өз еңбек жолымды – С.М.Киров атындағы машина жасау зауытында бастадым. Онда бас технолог бөлімінде жұмыс істедім. Біраз уақыт өткен соң, Қазақ автомобиль-жол институтына ауысып, бұл жерде автокөлік кәсіпорындары үшін шекті рұқсат етілген шығарындыларды белгілеу бойынша мәселелермен айналыстым. Яғни, экология саласындағы жұмыс осы кезде басталды, – деді маман.
Институтта жоғары біліктілігімен көзге түскен Назия Нұртазқызы бүгінгі Ғылым және жоғары білім министрлігінің Мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама басқармасына арнайы шақыртуымен барып, онда 9 жылдай жұмыс істеді. Басқармада физика-математика, биология бағыттарына жетекшілік етті.
- Қазір Алматы қаласы Экология және қоршаған орта басқармасында штаттан тыс техникалық маман, сарапшы-эколог болып жұмыс істеймін. Басты міндеттерімнің бірі – экология мәселесіне байланысты сұрақтарды қарастырып, олардың шешімін іздеу. Жұмысымызға байланысты көптеген нормативтік құқықтық құжаттарды оқуға тура келеді. Себебі экология қоғамдағы өзге салалармен тікелей байланысқан. Құрылыс, қаланы жоспарлау, білім, экономика – бәрінің экологияға әсері бар, – деп атап өтті ол.
Назия Нұртазқызы еңбек жолын 1979 жылы бастаған, биыл тәжірибелі маманның ғылым мен экология саласында жұмыс істеп жүргеніне 45 жылға жақындады. Оның ішінде Алматының Экология және қоршаған орта басқармасында еңбек еткенін 18 жыл болды.
- Экология басқармасы 2005 жылы құрылды, ал мен оған 2006 жылы келдім. Осы жылдардың ішінде Экологиялық ақпарат бөлімін басқардым. Қазіргі уақытта зейнетке шықсам да, штаттан тыс маман ретіне жұмыс істеп келемін. Себебі бағыттап, көмектесуді қажет ететін жас мамандар өте көп. Оларға біз секілді тәжірибелі мамандар экологиялық мәселелерді шешудің жолдарын, заңнамаға қажетті өзгерістер енгізу үшін ұсыныс жасаудың мүмкіндіктерін көрсетуіміз керек, – деді Назия Нұртазқызы.
Тәжірибелі маман эколог мамандығының қоғам үшін маңыздылығына тоқталып өтті. Оның айтуынша, Экология басқармасы және одан жұмыс істейтін қызметкерлер қаланың ластанбай, адамдар үшін қолайлы әрі таза болуы үшін еңбек етеді.
- Біздің басқарма ауа мен өзен-көлдеріміздің тазалығын сақтап, қаланың жасыл қорын көбейтуді және өзге экологиялық сұрақтарды шешуді алдына мақсат етеді. Мысалы, Алматыда 40-тан астам үлкенді-кіші өзен мен 44 су қоймасы. Оның барлығы Экология және қоршаған орта басқармасының бақылауында. Табиғат пен тазалық адамды емдейді. Бүгінгі күні қаланың күйбең тіршілігінен шаршаған алматылықтар мегаполисі ішіндегі Тұңғыш Президент атындағы саябақ, Бас Ботаникалық бақ сынды жасыл аймақтарда демала алады. Ал мұндай жасыл желектің сақталып, ұрпақтан ұрпаққа жетіп, көбейе беруіне тікелей экологтар атсалысады, – деді ол.
«Еңбек адамы» атына лайық маманның 2 баласы және 6 немересі бар. «Олар менімен көрісу үшін демалыс күнді асыға күтеді, үй табалдырығынан аттамай жатып, «әже» деп күтіп алады» дейді ол. Сондай-ақ, Назия Аухинова балалардың бойына табиғатқа деген сүйіспеншілік сезімін сіңіру маңызды екенін атап өтті. Немерелерімен бірге жиі уақыт өткізетін әже оларға осы құндылықтарды әрдайым айтып жүреді.
- Балаларымызға кішкентай күнінен табиғатты аялау керек екенін үйретуіміз керек. Сонда бізде экологиялық мәдениет қалыптасады. Мен жиі немерелерімен бірге табиғатқа шығып, көрінген жерге қоқыс тастамау керек екенін, өсімдіктерді бей-берекет жұлуға болмайтынын айтамын, – деді Назия Аухинова.
Mezgil.kz