Еңбек адамы - 2024: Айдос Серік

Кез келген мемлекеттің тірегі – тұрақтылық, тәртіп және заң. Ал ел ішінде заң үстемдігінің орнауын тікелей қамтамасыз етіп, оның тұрақты дамуына жол ашатын қызметкерлер бұл – тәртіп сақшылары. «Полицияда жоғары дайындықпен келген және өз ісіне шынайы берілген мамандар жұмыс істеуі қажет. Тәртіп сақшылары азаматтарға үлгі болуға тиіс», – деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев. Өзінің адал жұмысымен өзгелерге үлгі болып, Алматының тыныштығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етіп жүрген тәртіп сақшыларының бірі – Айдос Серік. Ол – Алматы қаласы Полиция департаменті Патрульдік полиция полкінің взвод командирі. Көп жылдары бойы жұмыс барысында өзінің біліктілігімен көзге түскен тәртіп сақшысы Алматы қаласы Қоғамдық даму басқармасының қолдауымен «Жастар Үні» Республикалық қоғамдық бірлестігі ұйымдастырған «Еңбек адамы» жобасының тізіміне енді.


кыкы.jpg

 

Айдос Серік 1996 жылы 9 ақпан күні Қарағанды облысы Ақтоғай ауданы Сарышаған ауылында дүниеге келген. Ата-анасы темір жол саласына жұмыс істеген. Ал өзі бала кезден заң және құқық саласына жақын болып, «Алматы» университетін «құқықтану» мамандығы бойынша бітірді.

 

Бүгінгі күні талай тұрғынның алғысына бөленген қызметкер еңбек жолын Қазақстан Қарулы күштерінің қатарында бастапты.

 

- Еңбек жолымды 2015 жылы Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің қызметінде бастадым. Бір жылдан кейін Алматы қаласы ІІД ЖПҚБ жанындағы жол-патрульдік полиция полкіне полицей-тағылымдамашы ретінде ауыстым. Тағы бір жылға жуық уақыттан кейін жол-патрульдік полиция полкінің полицейі ретінде ресми жұмыс істей бастадым, – деді ол.

 

Жол-патрульдік полиция полкінің полицейі ретінде Айдос Болатұлы өзінің адал қызметімен көзге түседі. Ол әрдайым мемлекет мүддесін қорғап, құқығы бұзылған азаматтарға көмектеседі. Өзі де аталмыш полиция полкінде жұмыс істей жүріп, үлкен жауапкершілік пен білімді талап ететін мамандықтың қыр-сырын меңгереді.

 

Алматылық тәртіп сақшысының мұндай еңбегі басшылық тарапынан да ескерусіз қалмайды. Қажетті тәжірибесі бар білікті қызметкер алдымен,  Алматы қаласы Полиция департаменті Патрульдік полиция полкінің қызмет инспекторы, одан кейін осы полктің аға инспекторы лауазымдарына тағайындалады. Ал осы жылдан бастап Айдос Серік Алматы қаласы ПД Патрульдік полиция полкінің взвод командирі ретінде қызмет етіп келеді.

 

- Мен өз Отанды сүйемін және оған қалтқысыз қызмет етемін. Еліміздің мүддесі мен оның қауіпсіздігін қорғау – тікелей міндетіміз. Менің қарауымдағы взводта 20-ға жуық адам бар. Біз қала аумағы мен көшелерінде тәулік бойы ауа-райы мен уақытқа қарамай тәртіп сақталуын бақылаймыз. Полиция қызметкерлерінің тәртіп сақшылар деп аталуы бекер емес. Тәртіп пен заң бұзылған жерге барып, құқығы бұзылған азаматтарды қорғау біздің жұмысымыз, – деп атап өтті ол.

 

Алматы қаласы Полиция департаментінің мәліметіне сәйкес, бір жыл ішінде Алматы полициясы 200 мыңнан астам қоңыраулар мен хабарламаларды өңдейді. Ал Патрульдік полиция полкінің қызметкерлері қаладағы қылмыстың 60 пайызын «ізін суытпай» ашады. Бұл көрсеткіште «еңбек адамы» атағына лайық қызметкер – Айдос Серіктің де үлесі үлкен. Ол құқық қорғау органдарында жұмыс істеп жүрген 9 жылға жуық уақыт ішінде 3 мыңнан астам қылмыстық және әкімшілік құқық бұзушылықтың жолын кескен.

 

- Мен дәл осы мамандықты таңдағаныма ешқашан өкінген емеспін. «Тәртіпке бағынған құл болмайды, тәртіпсіз ел болмайды» дейді халқымыз. Қызметімді атқарып жүрген осы жылдардың ішінде өз ісімнің қаншалықты абыройлы әрі маңызды екенін түсіндім. Көмегіміз тиген азаматтар әрдайым алғыс айтады, ал ол біздің ішкі сенімділігімізді арттыра түседі. Әрине, жұмысымыздың ауыр тұстары да бар. Бірақ бастысы – мен өз ісімді сүйемін және адал еңбегім арқылы отбасымды асыраймын, – деді Айдос Болатұлы.


Mezgil.kz



Ұқсас тақырыптар