Әділетті Қазақстан құру жолында жастардың орны ерекше екені сөзсіз. Мемлекет басшысы биыл ақпан айында өткен Президенттік жастар кадр резервінің форумында: «Мен сіздерге зор сенім артамын. Экономикада, мемлекеттік қызметте немесе басқа секторда жұмыс істеп жүрген жастарымызға қолдау білдіру үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймын» деп айтқан болатын. Бүгінгі күні еліміздің барлық өңірлерінде, оның ішінде Алматы қаласында жастар мен еңбек жолын енді бастаған жұмысшыларды қолдау үшін жан-жақты іс-шаралар қолданылып жатыр. Атап айтқанда, қалалық Жастар саясаты басқармасы мегаполисте жастар жұмыссыздығының деңгейі 2024 жылдың I тоқсанында 5,2%-дан 4,6%-ға дейін төмендегенін хабарлаған болатын. Жас та болса бас болып, алматылық жастарға өз еңбегімен үлгі беріп жүрген еңбек адамдарының бірі – Жібек Бахитова. Ол бүгінгі күні Жастар саясатын дамыту мемлекеттік қорының Демалыс орталықтарымен жұмыс жөніндегі фронт офис басшысы ретінде жұмыс істейді.
Жібек – Алматы қаласының тумасы. Әкесі Ерлан Бахитов өндіріс саласында жұмыс істесе, ал анасы Дәмегүл Керімбаева кәсіби аспазшы ретінде еңбек етеді. Дегенмен, ата-әжесінің тәрбиесін көріп, екі інісімен бірге үлкен отбасында өскен алматылық маман үйдегі үлкендердің мамандықтарына ұқсамайтын шығармашылық жолды таңдауды армандаған. «Бала кезімде суретші болғым келді. Әлемге танылатын картиналар салып, дүниежүзіне атымды шығарғым келетін», – дейді ол. Алайда өсе келе Жібектің арман-мақсаты ауысқан.
- Атам бала кезде «осы қыз Президент болады» деп айтып отыратын. Бірақ шын мәнінде, әлеуметтік салада халық үшін қызмет атқарып жүретінімді білмедім. Бүгінгі мақсатым – елге пайдамды тигізіп, ел есінде адал еңбек еткен азамат ретінде қалу, – деп атап өтті ол.
Демалыс орталықтарымен жұмыс жөніндегі фронт офистің бүгінгі басшысы алдымен Алматы қаласындағы Ілияс Жансүгіров атындағы №130 гимназияда, одан кейін Алматы қаласы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде білім алған. 12 жылдық оқуын аяқтағаннан кейін Қазақ-Британ техникалық университетіне түсіп, мұнда «Қаржы» мамандығын игеріп шығады. Жібек Ерланқызы осы жылдары оқуымен қатар Еріктілер лигасы және Qamqor charity қорында волонтер ретінде жұмыс істеп, әртүрлі әлеуметтік жобаларды іске асыруға көмектеседі.
- Ерікті ретінде жұмыс істеп жүріп әлеуметтік салаға қызығушылығым артты. Әртүрлі іс-шараларды ұйымдастырудан тәжірибе жинай бастадым. Қоғамдағы неше түрлі адамдармен байланыс орнатуды үйрендім. Осылайша, бүгінгі қызметіме келдім. Жастар саясатын дамыту мемлекеттік қорында еңбек етіп жүргеніме екі жыл болды, – деді алматылық маман.
Оның айтуынша, 14 жастан 18 жасқа дейін жасөспірімдер айтылған Демалыс орталықтарында тегін түрде үйірмелерге қатысып, өмірге қажетті қасиеттерді қалыптастыра алады. Бүгінде Алматыда мұндай 100-ге жуық демалыс орталықтары бар. Оның ішінде Жібек Ерланқызы Алмалы, Медеу және Түрксіб аудандарындағы демалыс орталықтарының тиімді жұмыс істеуіне жауап береді.
- Әр жұмыстың өз қиындығы мен қызығы болады. Біздің жұмысымыздың бір ерекше тұсы – әр күніміз бір-біріне ұқсамайды. Бір күні қаламыздың қазынасы – қарттарға көмек берсек, ертеңіне балаларға арнап қызықты іс-шара өткізуіміз мүмкін. Сондай-ақ, жұмыс барысында көптеген жаңа адамдармен танысып, аралас-құралас боламыз. Бірақ біз әлеуметтік салада жұмыс істегендіктен, әр ісімізге мұқият болып, үлкен жауапкершілікпен қараймыз, – деді ол.
Демалыс орталықтарының жетекшісі бір жұмыс күніне қалай өтетінін баяндап берді. Маман түске дейін жобалау және жоспарлау жұмыстарын істесе, күннің екінші жартысында іс-шараларға қатысып, ұйымдастырушылық жұмыстармен айналысады.
- Таңғы асты ішкен соң, жұмыс басталар алдында күнделікті жоспарымды қарап шығамын. Әдетте, түске дейін маңызды жиналыстар өтеді. Жастармен жұмыс істегендіктен, осы кезде алдағы уақытта өткізетін іс-шараларды жоспарлаймыз, қажетті құрал-жабдықтарды аламыз, реттейміз және түгелдейміз. Қысқа түскі демалыстан кейін тікелей ұйымдастырушылық жұмыстарға кірісеміз. Ал тренинг не өзге де әлеуметтік жобалар болмаса, құжатпен жұмыс істейміз. Күнделікті мақсатымыз – жастар мен қала тұрғындарына жан-жақты көмектесу, – деді Жібек Бахитова.
Сондай-ақ, ол жұмыс барысындағы ерекше бір сәтті еске алды. Маман Алмалы комьюнити орталығында жасөспірімдерге арналған психологиялық тренинг кезінде өз арманын айтқан баланың сөзі ерекше есінде қалғанын айтады.
- Психологпен бірге Алмалы комьюнити орталығының алаңында жасөспірімдерге арнап психологиялық тренинг өткіздік. Іс-шараға 30-ға жуық бала қатысты. Оларға «болашақта қандай маман болуды армандайсыңдар» деген сұрақ қойылады. Бірі – мұғалім, екіншісі – дизайнер болғысы келетінін айтады. Осы сауалдың ортасына таяғанда балалардың бірі «әлемнің құтқарушысы болғым келеді» деп жар салады. Өзге балалар бұл сөзді әзілге айналдырып, күле бастайды. Бірақ ол «Өскенде ағаларым секілді Отан қорғаушы болғым келеді, сіздер секілді мұқтаж жандарға көмектескім келеді» деп өз сөзінің мәнін түсіндіреді. Сол кезде балалардың біразы ойланып қалды. Бізде сол күні өз жұмысымыздың салмағы мен жауапкершілігін тағы бір рет түсіндік, – деді Еңбек адамы.
Жібек жұмысынан бос уақытында Алматының тауларына шығып, уақыт өткізгенді ұнатады. «Таудың шыңына шыққанда жаным да тәнім де демалады» дейді ол. Жас та болса бас болған маман Алматы қаласы Қоғамдық даму басқармасының қолдауымен Жастар Үні Республикалық Қоғамдық Бірлестігі ұйымдастырған «Еңбек адамы» жобасының тізіміне енді.
Mezgil.kz