Мемлекеттік сатып алу – жаңашылдықтарды, озық технологиялар мен отандық өндірісті ілгерілетуге ықпал ететін тиімді тетік. Осыған орай ҚР Қаржы министрлігі өңірлерде «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңдағы негізгі өзгерістерді түсіндіруге арналған бизнес өкілдерімен, мемлекеттік сектормен және азаматтық қоғаммен өкілдерімен кездесулер өткізуді жалғастырып келеді.
Бұл жолы кезекті кездесу Өскеменде өткізіліп, Қаржы вице-министрі Дәурен Кеңбейл мен Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Дархан Сапанов мемлекеттік сатып алу арқылы отандық тауар өндірушілерді қолдау түрлері туралы айтып берді. Іс-шараға Шығыс Қазақстан мен Абай облыстарының бизнес қауымдастығы, сондай-ақ мемлекеттік органдардың, бюджеттік ұйымдардың, ШОБ пен «Атамекен» ҰКП өңірлік филиалының өкілдері қатысты.
Дәурен Маратұлы айтқандай, Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында отандық бизнестің сапалы дамуын ынталандырып, қолдауды тапсырған болатын. Осы тұрғыдан алғанда «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заң аталған міндетті орындаудағы маңызды құрал болып саналады.
«Мемлекеттік сатып алудың ашық және жақсы ұйымдастырылған жүйесі процестің барлық мүдделі тарабына, оның ішінде мемлекеттік секторға, бизнес пен азаматтарға тиімді. Өйткені бұл бәсекелестіктің артуына және көрсетілетін қызметтер мен тауарлардың сапасын жақсартуда септігі зор. Мысалы, сатып алуға қатысушылардың біліктілігін арттыру үшін тиісті беделі бар өндірушілер арасында сатып алуды жүзеге асыру ұсынылады. Өндіруші туралы ақпарат түрлі дерекқорларды пайдалана отырып қалыптастырылады. Бұл қызмет көрсетушілерді автоматты түрде таңдауға көшуге мүмкіндік береді», деді Қаржы вице-министрі.
Бұдан басқа отандық тауар өндірушілерді қолдау мақсатында Қаржы министрлігі тек шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінен сатып алынатын тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің жекелеген тізбесін бекітті.
Заңның бірнеше бөлімі сатып алу процедурасын жеңілдетуге бағытталған, бұл оларды қысқа мерзімде өткізуге мүмкіндік береді. Бұдан бөлек тапсырыс берушілердің жоғары талаптарды белгілеу фактілерін болдырмау мақсатында қолданыстағы камералды бақылауды сақтау жоспарланған. Бұл ретте уәкілетті орган тарапынан сатып алу қорытындыларының күшін жою құқығы алынып тасталғанын айта кетейік.
Мұндай кездесулер министрліктің іскер ортамен өзара іс-қимылды нығайту мен барлық мүдделі тарап үшін қолжетімді ақпаратты қамтамасыз ету жөніндегі стратегиясының маңызды бөлігі болып саналады. Ведомство Қазақстан экономикасын дамыта отырып, мемлекеттік сатып алу жүйесінің тиімділігін арттыру мен өзекті мәселелерді бірлесіп шешу үшін кәсіпкерлермен, ірі бизнес өкілдерімен және қоғамдық бірлестіктермен жүйелі диалог орнатуды жалғастырып келеді.
Іс-шарадан кейін Д.Кеңбейл екі кәсіпорынға аялдады: Өскемен өнеркәсіп арматура зауыты мен «Рауан» тігін компаниясы.
Өскемен өнеркәсіп арматура зауыты (ӨӨАЗ) – мұнай және газ құбырлары, химия және металлургия кәсіпорындары, энергетика кешені және ТКШ кәсіпорындарына, сондай-ақ мұнай саласына арналған жабдықтар мен құбыр арматурасын өндірумен айналысады. Зауыттың жобалық қуаты жылына 1834 тонна дайын өнім шығаруға қауқарлы. Кәсіпорын Қазақстанның көмірсутегі секторының ірі компанияларын: «Өзенмұнайгаз» АҚ, «Қазгермұнай» БК ЖШС «Ембімұнайгаз» АҚ, «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ, «ҚазТрансОйл» АҚ, «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ, «Қаражанбасмұнай» АҚ, «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг Б. В.» ЗТ АҚ, «МұнайТас Солтүстік-Батыс құбыр компаниясы» ЖШС, «Интергаз Орталық Азия» АҚ және басқалар ұйымдарды жабдықтармен қамтамасыз етіп келеді.
«Рауан» ӨКК» ЖШС – арнайы киім тігетін кәсіпорын, сондай-ақ Қазақстандағы ерекше балаларға арналған киім шығаратын жалғыз өндіруші болып саналады. Мұнда церебралды сал ауруы бар балаларға белсенді өмір салтын жүргізуге көмектесетін бейімделу заттары жасалып, тігіледі. Өнімді жасау кезінде қолданылатын барлық зат ыңғайлы және ерекше балалардың қажеттіліктерін ескереді. Өскемен титан-магний комбинаты «Рауан» ӨКК арнайы киімдерін көтерме бағамен алатын тапсырыс берушілерінің бірі. Қазақстандағы тағы бір ірі кәсіпорны үшін мұнда арнайы киім топтамасы жасалып дайындалған.
Mezgil.kz