Бас мүфти республикалық конференцияға қатысты

Бүгін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы Талдықорған қаласында «Ислам және отбасы құндылығы» тақырыбында өткен республикалық конференцияға қатысты.

1732802250226699.jpg

(Сурет: muftyat.kz)

Қасиетті Құран аяттарын оқумен басталған жиында Бас мүфти ел мен жердің амандығын тілеп, дұға жасады.

«Қазір біздің қоғамда отбасындағы зорлық-зомбылық мәселесі өте өзекті. Дегенмен ерлі-зайыптылардың өзара жақсы мәміледе болып, мейірімділіктің аясында қарым-қатынас жасаулары отбасы бақытының негізгі кілті саналады. Алла Тағала Қасиетті Құранның «Рум» сүресінде: «Сендерге жандарың жай тапсын деп, өз болмыстарыңнан жұбайлар жаратып, араларыңа сүйіспеншілік пен мейірім сезімін ұялатқаны Оның (Алланың) нақ белгілерінен. Міне, осының өзін ақылға салып ойланатын қауым үшін айқын дәлелдер бар», – деп айтқан. Сондай-ақ «Тәубе» сүресінің 71-аятында: «Мүмін ерлер мен мүмін әйелдер – бір-біріне шын жанашыр дос. Олар елге ізгілікті, жақсылық жасауды бұйырып, жамандық атаулыдан тыяды...» делінген. Бұдан түсінетіміз, жақсы ер мен әйел – бірін-бірі толықтырып, айыбы болса жасырып, жақсылығын асырып отыратын игі жандар», - деді ҚМДБ Төрағасы.

Конференцияда Жетісу облысы әкімінің орынбасары Диас Рахметұлы, дінтанушы профессор Шәмшәдин Тұрсынұлы, Жетісу облыстық ардагерлер үйінің төрағасы Ермек Әбілмәжінұлы және өзге де зиялы қауым өкілдері қатысып, отбасы құндылығын арттыру жайлы ұсыныс-пікірлерін бөлісті. Сонымен қатар Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы БАҚ өкілдеріне бүгінгі конференция жөнінде сұхбат берді. 

Mezgil.kz


Ұқсас тақырыптар