Қазақстен мен Ресей арасындағы білім саласындағы байланыстар қандай?

Кейде адамдар мәселесін шешу үшін камераға жалған айтады, өтірік жылап, еңіреген бейнежазбаны желіге жолдайды. Өткенде «Ресейге жұмысқа барып, құл болдық» деп шағымданған келіншек Астанада кафеде ыдыс жуып жүр. «Атымды жарияламаңыз, бетімді көрсетпеңіз», - дейді. Сұхбаттасуға да келіспеді.

1737188922870942.jpg

(Суреттер: ktk.kz, astanatv.kz)

Ресейде «ақшам жоқ, құжатымды тартып алды» деп, жылаған әйелдің шекарадан қалай өткенін, ақшаны қайдан тапқанын сұрадым. Үндемеді. Азап шеккен адам ешнәрседен тайсалмайды деп ойлаймын.

Сөйтіп «инстаграмды» ақтарып отырсам, өзімнің туысқанымның баласы Ресейде жүр. Бастапқыда саяхаттап жүр деп ойладым. Жұмыс істеп жатыр. Қалай десек те, Ресейге нәпақа табуға, білім алуға жастар ағылып жатыр. Көрші елде бейбіт заманда сіңлім, күйеу балам оқыды. Негізі сіңлім сол жақтан оралғысы келмеген. Өйткені білім сапасы, зертханалардың жұмысын біздің оқу орындарымен салыстырғанда, жер мен көктей екенін айтып, тамсанып қайтқан.

2023-2024 оқу жылында Ресейде 60 мыңға жуық қазақстандық студент аттаныпты. 1655 Ресей азаматы біздің елде оқыпты. Сонымен қатар, қазақстандық жоғары оқу орындарында сабақ беру үшін 178 ресейлік маман, ал Ресейдің жоғары оқу орындарына 58 қазақстандық оқытушы тартылған. Екі елдің жоғары оқу орындары арасында 1683 шарт жасалып, 29 бірлескен білім беру бағдарламасы, 94 қос диплом бағдарламасы және 24 ғылыми жоба іске асырылыпты. Сонымен екі елдің арасында білікті мамандарды даярлау, академиялық ұтқырлықты арттыру және ғылыми ынтымақтастықты нығайту мақсатында жобалардың нәтижесі осындай.

«Болашақ» бағдарламасы аясында 63 жерлесіміз Ресейдің жетекші оқу орындары мен ғылыми институттарында ғылыми тағылымдамаларды аяқтап, «Мемлекеттік басқару», «Құқық», «Биомедицина», «Мал шаруашылығы» және т.б. мамандықтарды меңгерген жастар елге оралып, қызмет етіп жүр.

Ал Қазақстанда ресейлік жоғары оқу орындарының 6 филиалы белсенді жұмыс істейді екен. М.В. Ломоносов атындағы ММУ, Мәскеу авиациялық институты, «МИФИ» Ұлттық ядролық зерттеу университеті және басқалары бар. Жыл сайын осы филиалдарда оқитын студенттерге мемлекеттік білім беру гранттары бөлінеді екен. Мысалы, М.В. Ломоносов атындағы университеттің қазақстандық филиалының студенттеріне арнап бакалаврлар үшін 125 грант және магистранттар үшін 40 грант, ал Мәскеу авиациялық институтының «Восход» филиалы үшін – 45 грант бөлінеді.

Ал Таразда Дулати университеті (DU), Д.И. Менделеев атындағы Ресей химия-технологиялық университеті (РХТУ) және «Қазфосфат» ЖШС арасында қос дипломдық бағдарламаларды іске асыру туралы үшжақты келісімге қол қойылыпты. Осы келісім негізінде Тараз қаласында РХТУ филиалын ашу туралы шешім қабылданып, Химиялық инженерия және аналитикалық химия», «Инженерия және инженерлік іс», «Физика және химия ғылымдары», «Техникалық саладағы тіршілік қауіпсіздігі» және «Санитарлық-профилактикалық іс-шаралар» бағыттары бойынша химия саласына мамандар дайындайды.

Бүгін 18 қаңтарда Қазақстан-Ресей мемлекеттік шекарасы туралы шартқа қол қойылғанына 20 жыл толыпты. Бұл шарттың мақсатының бірі екі елдің арасында техникалық және кәсіптік білім беру саласындағы ынтымақтастықты дамыту және студенттер мен оқытушылар үшін тағылымдамалар, біліктілікті арттыру бағдарламаларын әзірлеу және ғылыми-практикалық жобаларға қатысу сияқты бағыттарды қамтиды.

Шарт аясында атқарылған әлеуметтік, экономикалық және гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықтың, өзара қарым-қатынастардың нәтижесі осындай екен.

Жазира Бегалы, журналист

Mezgil.kz


Ұқсас тақырыптар