Жасыл экономиканы дамыту: Қазақстанның ұстанған саясаты қандай?

Қазақстан жасыл экономиканы дамытуға бар күшін салуда. Ресми Астана экологияны жақсартуға қатысты бірқатар халықаралық құжаттарға қол қойып, келісімдерді ратификациялады. Көптеген келісімдер ауаға бөлінетін зиянды газдарды азайту, энергияның лас түрінен бас тарту және жасыл экономиканы дамытуға итермелейді.

 

О развитии и перспективах зеленой экономики в Казахстане рассказала эксперт  - el.kz

(Сурет Еl.kz сайтынан)


Қазақстан энергияның қауіпсіз әрі экологиялық зияны аз түрін қолдану және дамыту саясатын қолдайды. Экологтар ауаға зиянды газ бөлетін энергия түрлерін азайтуды ұсынуда. Жылу және жарық кешенінің көп бөлігі көмір станцияларымен жұмыс істейтін Қазақстан үшін бұл үлкен мәселе. Алайда жасыл экономиканы дамыту арқылы Қазақстан осы бір міндетті оңтайлы шешу жағын қарастыруда. Шығыс Қазақстан аймағындағы Кеңестік билік тұсындағы ядролық сынақтар және Арал теңізі апаты мен Орталық Азиядағы құрғақшылық жасыл экономиканы дамытуға шақыратын көптеген факторлардың бірі саналады.

 

Қазақстандық сарашылар күн және жел станцияларын салу арқылы энергияның тапшылығын азайту керектігін айтуда және экологияны жақсартудың бір тетігі ретінде көрсетуде. Жасыл экономиканы дамыту идеясы Қазақстанда соңғы 10 жылда үздіксіз көтеріліп келе жатқан тақырыптың бірі саналады.

 

Қазіргі таңда Қазақстанның бірнеше аймағында жел электр станциялары бар. Жел электр станцияларының басты мәселесі бөлшектердің жиі тозуы болып отыр. Қазақстан жел электр станцияларына арналған бөлшектерді өз аумағында шығаруда жоспарлауда. Игі жоспарды іске асыру үшін Жамбыл облысында жел қондырғыларының бөлшектерін шығаратын зауыт салынады.

 

Жел қондырғыларының бөлшектерін шығаратын зауыт Шу қаласында орналасады. Зауыт аумағында жел электр станциясына арналған қалақшалар, гондолдар мен өзге де бұйымдар шығарылады деген жоспар бар. Жобаның бастапқы құны 114 млн доллар болмақ. Жобаның құрылысы 2024 жылдың күзінде басталып, зауытты салу бойынша Қазақстан мен Қытай тарапы келісім жасасты. Зауыт тек қана экология мен жасыл экономикаға ғана оңтайлы болмай, сонымен бірге аймақтың халқына қосымша жұмыс орындарын ашады.

 

Ұлытау облысында да жел электр станцияларын салу іске асады. Жезқазған және Сатпаев қалаларының арасында орналасатын қуаттылығы 100 мегаватт болатын жел станциясы бірнеше аймақты жарықпен қамтамасыз етпек және экологияның жақсаруына үлес қосады. Алғашқы жобады 16 турбина қолданылады.

 

Қазақстан 2060 жылға дейін жасыл экономиканы қарқынды дамыта бермек. Себебі «Париж келісімі» аясында ауаға бөлінетін көмір қышқыл газын азайту міндеттемесін өз мойнына алған болатын. Аталған міндетті толық іске асырудың бірден бір жолы жасыл экономиканы дамыту және осы бағыттағы жұмыстар қарқынын арттыру болып саналады.

 

Тұрақты дамудың негізгі мақсаты – ұзақ мерзімді перспективада экономикалық өсуді, әлеуметтік тұрақтылықты және экологиялық тепе-теңдікті қамтамасыз ету екені түсінікті. Экономика үздіксіз даму үшін энергия тапшылығы болмауы тиіс және экологиялық апаттардың алдын-алу маңызды болып саналады. Аталған қос міндетті шешу үшін жасыл экономиканы дамытудың маңыздылығы зор.

 

Жасыл экономика ХХІ ғасырдағы ең жиі айтылатын сөздің біріне айналды және тұрақты даму тұжырымдамасының құрамдас бөлігі болып кетті. Жасыл экономикаға көшу елеулі өзгерістерді қажет етеді. Бюджеттік, салықтық, экологиялық, ғылыми-техникалық саясатта құрылымдық реформалар жүргізіп, табиғи ресурстарды пайдаланудың теңгерімді саясатын әзірлеп, қабылдау міндеттемелері тұр. Қазақстан бұл мәселелерді оңтайлы шешу үшін арнайы заңға өзгертулер мен толықтырулар енгізуде. Жасыл экономиканы дамыту және оның қажеттілігі туралы қоғамда түсінікті қалыптастыру үшін ақпараттық жұмыстар атқарылуда. «Жасыл экономиканы» дамыту ұзақ уақыт пен көбірек қаржыны қажет етеді. Алайда негізгі мақсат энергияның тапшылығын азайта отырып, экологияны жақсарту арқылы көздеген мақсатқа қол жеткізу. Бұл бағытта Қазақстан дұрыс позицияда келе жатыр.


Mezgil.kz



Ұқсас тақырыптар