Бүгін Жетісу облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Жетекші журналистер мен сарапшылар клубының кезекті кеңейтілген отырысы өтті.
Бұл жолғы отырыста өңірлік БАҚ өкілдері, сарапшылар, қоғамдық ұйым мүшелері және Ассамблея белсенділерінің басын қосты. Іс-шараның мақсаты – этносаралық татулықты нығайтудағы медианың рөлін талқылау, ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және қоғамда бейбітшілік пен келісімді сақтауда бұқаралық ақпарат құралдарының ықпалын арттыру. Отырысты клуб төрағасы - Атсалим Саламович Идигов жүргізді. Ол «Язык вражды – факты о порождении конфликтов в обществе» тақырыбында баяндама жасап, қоғамдағы өшпенділік тілінің таралуы және оның әлеуметтік шиеленістерге әкелу қаупі туралы өзекті ойларымен бөлісті. Клуб отырысының негізгі спикері – ақын, жазушы, журналист, халықаралық «Алтын қалам» әдеби сыйлығының иегері, «7-su.kz» желілік басылымының тілшісі - Айдын Кәлімхан болды. Ол «Көпұлтты қоғамдағы қақтығыстарды реттеуде БАҚ рөлі» тақырыбында сөз сөйлеп, медиа құралдарының этносаралық қатынастардағы жауапкершілігі мен ықпалына тоқталды.
Кездесу барысында келесі мәселелер кеңінен талқыланды:
* Этносаралық қатынастарда туындауы мүмкін шиеленістердің алдын алу жолдары;
* БАҚ-тың конфликт жағдайларына ықпал ету тетіктері;
* Ақпарат таратудың жауапкершілігі мен журналистік этика қағидалары;
* Тіл мен стиль бірлігі, шынайылық және бейтараптық принциптері. Клуб мүшелері мен қатысушылар медианың қоғамдық тұрақтылықты сақтаудағы маңызды рөлін атап өтіп, бұл бағыттағы жұмыс жүйелі түрде жалғаса беруі керек деген ортақ пікірге келді. Жетекші журналистер мен сарапшылар клубы – бұл пікір алмасу мен ынтымақтастықтың маңызды алаңы. Ол этносаралық татулық пен келісімді сақтау, сондай-ақ қоғамдағы ақпараттық мәдениетті дамыту бағытындағы жұмыстың өзегіне айналып отыр.
Mezgil.kz