Қазақстан – ерекше қорғалатын табиғи мұралары мен бай биоәртүрлілігімен мақтана алатын ел. Бүгінде республика аумағының 10%-дан астамын қамтитын 29,3 миллион гектар жер ерекше қорғалатын табиғи аумақтар ретінде белгіленген.
(Суретhttps://www.gov.kz/:)
Елімізде омыртқалы жануарлардың 835 түрі мекендейді, оның ішінде 178-і – сүтқоректілер, 489-ы – құстар, 49-ы – бауырымен жорғалаушылар және 12 түрі – қосмекенділер. Алайда, бұл байлықтың ішінде 132 түрі мен кіші түрі сирек кездесетін немесе жойылып кету қаупі бар жануарлар санатына жатады.
Қуантатыны, мемлекеттің жүйелі табиғат қорғау шаралары нәтижесін беріп келеді. Мәселен, құлан, арқар, қарақұйрық және тоғай бұғысы секілді сирек кездесетін тұяқтылардың саны жыл сайын артып келеді. Ал киіктердің популяциясы нағыз жетістікке айналды: 2003 жылы 21 мың бас болса, 2024 жылы олардың саны 2,8 миллионға жетті. Бұл – әлемдік киік санының 98 пайызы Қазақстанда деген сөз.
Жойылып кеткен немесе азайып кеткен жануарларды қайта табиғатқа енгізу жұмыстары да қарқынды жүріп жатыр. Мысалы, Нидерландыдан Іле-Балқаш табиғи резерватына 2 Амур жолбарысы әкелініп, арнайы бейімдеу жұмыстары басталды. Сонымен қатар, 2023 жылдың маусымында Чехия мен Германиядан 7 бас Пржевальский жылқысы («керқұлан») әкелініп, «Алтын Дала» резерваты аумағында бейімделуде. Биыл оларды табиғи ортаға жіберу және жаңа жануарлар тобын енгізу жоспарланған.
Қазақстанның флорасы да алуан түрлі: 6000-нан астам өсімдік түрі кездеседі, олардың 387-сі Қызыл кітапқа енген.
Биоәртүрлілікті сақтау – әрқайсымызға жүктелген ортақ міндет. Табиғатты аялап, ресурстарды ұқыпты пайдалану, экологиялық бастамаларға қолдау білдіру арқылы біз тұрақты болашаққа сенімді қадам жасай аламыз.
Mezgil.kz