Қазақстанның алтын-валюта қорын толықтыруға бағытталған стратегиялық мақсат аясында «Тау-Кен Самұрық» АҚ-ның еншілес кәсіпорны – «Тау-Кен Алтын» аффинаж зауыты 99,99% жоғары сынамалы 30 мыңыншы алтын құймасын өндіріп, оны Қазақстан Ұлттық банкіне жолдады.
(Сурет:https://www.gov.kz)
Зауыт 2019 жылдан бастап жобалық қуатына толық шыққан. Содан бері өндіріс көлемі тұрақты өсіп келеді. Мәселен, 2024 жылы кәсіпорын 54,6 тонна алтынды аффинаждаған. Бұл көрсеткіш – жобаланған көлемнен екі есеге жоғары.
Кәсіпорында алтынды тазартудың заманауи электрохимиялық әдісі қолданылады. Бұл технология металлдың кемінде 99,99% тазалығын қамтамасыз етеді. Құймалар FLAMELESS TUNNEL деп аталатын жалынсыз пештерде дайындалады. Сонымен қатар, күміс өндіруде ALS Acidless Separation – қышқылсыз вакуумды айдау технологиясы пайдаланылады.
2013 жылы іске қосылған сәттен бері «Тау-Кен Алтын» зауыты Ұлттық банкке 360 тоннадан астам тазартылған алтын жеткізген. Өндірілген өнімдер халықаралық LBMA Good Delivery сертификатына ие. Бұл сертификат – алтын құймасының үлгісі, сапасы, салмағы, сыртқы пішіні және өндіруші кәсіпорынның сенімділігі мен ашықтығы халықаралық стандарттарға толық сәйкес екенін дәлелдейді. Good Delivery мәртебесі бар бағалы металдар әлемдік биржаларда ешқандай шектеусіз саудалана алады, бұл өз кезегінде алтынның құнын айтарлықтай арттырады.
Mezgil.kz