Инклюзивті білім беру: Қазақстан қандай өзгерістер енгізуде?

Құқықтық және демократиялық мемлекеттің ең басты міндеті қоғамдағы азаматтарға теңдей жағдай жасау. Адамдар ұлтына, дініне, шығу тегі мен ұстанымына, физикалық мүмкіндіктеріне қарамастан бірдей құқыққа ие болуы тиіс. Бұл тек заң тұрғысынан ғана емес, сонымен бірге саналық тұрғыдан да теңдікті қажет етеді. Қазақстан ерекше күтімді қажет ететін, қолдауды қажет ететін азаматтарға арнап инклюзивті қоғам құруға барын салуда. Бұл білім беру ошақтарында, көшеде, барлық мекемелерде іске асуда.


590467e368636dfee6ab4406717c7268.jpg

 (Сурет dailymoscow.ru сайтынан алынды)


Алматы қаласында осы тақырыпқа байланысты «Инклюзивті білім берудегі жаһандық трендтер: сын-қатерлер мен шешімдер» атты дөңгелек үстел өтті. Бұл инклюзивті білім беру саласындағы алғашқы Дүниежүзілік конгресс аясында іске асқан шара болатын. Аталған жиынға Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова, Тәжікстан Республикасының білім беру және ғылым министрі Саидзода Рахим Хамро, Парламент Мәжілісінің депутаттары, Алматы қаласының әкімінің орынбасары және халықаралық сарапшылары, мемлекеттік және қоғамдық ұйым өкілдері, қоғам белсенділері, журналистер және басқалар қатысты.

 

Қазақстан инклюзивті қоғам құру жолында реформаларды іске асыруда. Білім беру саласында масштабты деңгейде жұмыстар атқарылуда. Азаматтардың физикалық мүмкіндігіне қарамастан, барлық бала тең құқылы негізде білім алуы тиіс. Барлық азаматқа тең құқықтық негізде білім берілуі шарт. Қазақстан инклюзивті білім беруді дамыту мақсатында заңнамалық базаны жетілдіруде. Инфрақұрылым тиісті негізде өзгертіліп жатыр, ал педагогтар арнайы курстардан өтіп, инклюзивті білім беру дағдыларын үйренуде.

 

Инклюзивті қоғам құру бірнеше әрекетті ортақтастыруды қажет етеді. Инфрақұрылым арнайы негізде болуы шарт. Пандустар, мекемелерде арнайы дәретхана, білім беру мекемелерінде арнайы тақталар, есту құрылғылары мен арнайы әліппелер болуы тиіс. Ал қоғам өзара түсінік, сыйластық және қолдау көрсету қасиеттеріне ие болғаны жөн.

 

Еліміз білім беру саласын барлық балаларға ортақтастырып, тең дәрежелі мүмкіндіктер ұсынуды жалғастыра бермек. Елімізде ерекше білім беру қажеттіліктері бар және «тәуекел» тобындағы балаларды ерте анықтау үшін 110 ПМПК мен 509 арнайы ұйым жұмыс істейді. Мектептерде мыңнан астам қолдау кабинеті ашылып, 29 мыңнан астам маман психологиялық-педагогикалық сүйемелдеуді қамтамасыз етеді. Оның ішінде 10 мыңнан астамы – арнайы педагогтер саналады. Қазақстан бұл шараларды әрмен қарай жалғастырады.


Mezgil.kz



Ұқсас тақырыптар