Қазақстан мен Әзербайжан: 30 жылдық стратегиялық әріптестік пен болашаққа бағытталған ынтымақтастық

Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылы орнағаннан бері екі елдің байланысы жыл өткен сайын тереңдеп, берік достық пен сенімге негізделген ынтымақтастыққа ұласып келеді. Соңғы үш жыл ішінде Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев Қазақстанға жеті рет түрлі деңгейдегі жұмыс сапарымен келсе, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та Әзербайжанға алты рет барып, екіжақты қатынастардың қарқынын айқын көрсетті.

1761221089490201.jpg

(Сурет:https://baq.kz/)


Бүгінде Баку мен Астана тек екіжақты емес, көпжақты форматтарда да белсенді әрі тиімді серіктестік орнатып отыр. Екі ел БҰҰ, Түркі мемлекеттері ұйымы, Ислам ынтымақтастығы ұйымы, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес секілді халықаралық және өңірлік ұйымдар аясында табысты жұмыс атқарып келеді. Халықаралық аренада да бір-бірін әрдайым қолдап, жаһандық және өңірлік мәселелер бойынша ортақ ұстаным танытып отыруы – шынайы бауырластықтың көрінісі.


2005 жылы қабылданған Стратегиялық әріптестік және одақтастық қатынастар туралы шарт екі ел байланысының жаңа кезеңін бастап берді. Биыл осы маңызды құжаттың қабылданғанына 20 жыл толып отыр. Осы шарт негізінде екі мемлекет экономикалық тұрғыдан да бір-біріне маңызды әріптеске айналды. Қазіргі таңда Әзербайжанда қазақстандық капиталдың қатысуымен 250-ге жуық коммерциялық құрылым жұмыс істейді. Өзара сауда көлемінде де айқын өсім байқалады: 2024 жылы тауар айналымы 470 млн долларды құраса, 2025 жылдың тоғыз айында бұл көрсеткіш 550 млн долларға жуықтаған. Мұндай оң динамика Орта дәліздің әлеуетін тиімді пайдаланып, көлік-логистикалық инфрақұрылымды жаңғыртудың нәтижесі.


Бүгінгі екінші кеңес барысында энергетика саласындағы ынтымақтастық басты тақырыптардың бірі болды. Бұл бағытта екі елдің де әлеуеті зор. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей:


«Қазақстан мұнайын Баку – Тбилиси – Жейхан бағдары бойынша тасымалдау жөніндегі бірлескен жұмысты ерекше атап өткім келеді. Былтыр Әзербайжан арқылы бұл стратегиялық шикізат транзиті бір жарым миллион тоннаға жуықтады. Алдағы уақытта бұл көлемді айтарлықтай ұлғайту қажет. Теңіз табанына төселетін электр кабельдері жобасы ұлттық энергия жүйесін дамытуға серпін береді. Бұл біздің “жасыл” энергия экспортындағы позициямызды күшейтеді. Әзербайжан аумағы арқылы қазақстандық уран өнімдерін шетел нарықтарына жеткізу ісінде де ауқымды жұмыс жүргізіліп жатыр. Осы орайда барлық негізгі бастамалар мен жобаларға қолдау көрсеткені үшін Әзербайжан Президентіне ризашылығымды білдіремін», – деді Мемлекет басшысы.


Жалпы алғанда, Қазақстан мен Әзербайжанның қарым-қатынасы бүгінде ортақ тарихи тамыр мен рухани жақындыққа сүйенген, болашаққа бағытталған стратегиялық ынтымақтастық үлгісі болып отыр.


Mezgil.kz


Ұқсас тақырыптар