Ұлттық статистика бюросының деректеріне сүйенсек, жыл сайын Қазақстанда жүздеген бала өз өміріне қол жұмсауға әрекет етеді. Мамандардың айтуынша, мұндай әрекеттердің себептері көпқырлы. Соның ішінде эмоциялық күйзеліс, отбасындағы түсініспеушілік, мектептегі буллинг, әлеуметтік желідегі қысым, жалғыздық сезімі, жауапсыз бала махаббат және басқа бар. Суицидтің алдын алу үшін оның нақты себебін анықтау қажет. Әр сәтте әр түрлі себеп болуы мүмкін. Сол үшін әр баламен жеке жұмыс істеп, көңіл бөліп, дер кезінде шешім қабылдау маңызды саналады.

(Сурет 365info.kz сайтынан алынды)
Психологтардың пікірінше, суицидке итермелейтін басты факторлар келесідей болып келеді.
Қарым-қатынастың тапшылығы. Бала өз ойын жеткізе алмаған сәтте, оның сөзін тыңдайтын адам табылмаса, ол өзін керексіз сезінуі мүмкін.
Эмоциялық тұрақсыздық пен күйзеліс те суицидке себеп болуы мүмкін. Жасөспірімдер кейде өз сезімдерін бағындыра алмайды. Эмоцияға берілгіш келеді.
Ата-ананың алшақтығы да қайғылы жағдайда себеп болуы ықтимал. Ата-ана баласымен ашық сөйлеспей, жабық тақырыптарды көп енгізетін болса, бала өз сырын бөлісетін жан таппай қалуы да мүмкін.
Мектептегі зорлық, қорқыту немесе елемеу жағдайлары да аса қауіпті. Буллинг – ең қауіпті факторлардың бірі болып саналады.
Мұндай жағдайда бірден әрекетке көшу керек. Үнсіз қалмау маңызды. Жағдайды анықтау үшін, әңгімелесуден бастаңыз. Балаңызбен ата-ана сияқты емес, дос сияқты сөйлесіңіз. Баланы сынамай, оны тыңдауға, түсінуге тырысыңыз. Кейде бір жылы сөз өмірді сақтап қалуы мүмкін. Балаңызды қалай жақсы көретініңізді айтыңыз.
Баланың мінезіндегі өзгерістерді мектептегі психологқа айтып, оны ақпараттандыру керек. Мектепте қандай да бір буллинг фактісі бар болса, оны тоқтату әрекеттерін жасаған дұрыс. Ол үшін мектеп инспекторы, психолог және сынып жетекшісіне ақпаратты айтыңыз.
Бала өзін бақытты сезінсе, ата-ана махаббатына бөленіп өссе, оның өмірге деген құлшынысы жоғары болмақ. Осыны естен шығармау қажет!
Mezgil.kz