1992 жылы Алматы облысы, Есік қаласында дүниеге келген Қайрат жастайынан еңбекқор, отбасына тірек болуды басты парыз санаған. Мектепті тәмамдаған соң, Отан алдындағы әскери борышын өтеп, азаматтық борышын абыроймен орындады. Әскерден кейін ол ата-анасына демеу болып, еңбекке ерте араласты. Ал 2015 жылы тағдырлы шешім қабылдап, өз өмірін халыққа қызмет етуге арнады. Осылайша Алматы қаласындағы Төтенше жағдайлар министрлігінің 6-шы мамандандырылған өрт сөндіру бөліміне өрт сөндіруші-құтқарушы болып қабылданды.

(Сурет:Ұйымдаструшылардан алынды )
Уақыт өте ол білімімен, тәжірибесімен, ерлігімен көзге түсіп, бүгінде бөлімше командирі дәрежесіне көтерілді. Бұл – жай ғана қызмет емес, үлкен сенім мен жауапкершілік. Өйткені бөлім командирі болу – тек басшылық ету емес, әр сәтте дұрыс шешім қабылдап, әріптестердің өміріне, адамдардың тағдырына жауап беру.
Қайрат Бекалиханұлының он жылдық тәжірибесінде шамамен 450 адамды өрт пен төтенше жағдайдан құтқарған, сонымен қатар 60-тен астам ірі өртті сөндірген. Ол жеке ерлігін дәріптемей, барлығын ұжымдық еңбектің жемісі деп біледі.
Қайрат тек құтқару жұмыстарымен шектелмейді. Бүгінде ол 30 жас маманға тәлім беріп, олардың кәсіби шеберлігін шыңдауға атсалысуда. Теория мен практиканы ұштастырып, сабақ өткізіп, жас өрт сөндірушілерге нақты тәжірибесін үйретеді. Бұл – болашақ ұрпаққа қалдырып жатқан баға жетпес үлес.
Қоғам үшін өрт сөндірушілердің еңбегі көзге көріне бермесе де, олардың арқасында талай отбасы аман қалады. Қайраттың өзі айтқандай, ең үлкен сыйлық – халықтың шын жүректен алғысы. Шынында да, біреудің "Алла разы болсын!" деген ықыласты сөзі мың марапаттан қымбат.
Ол үшін бұл қызмет – тек жұмыс емес, бұл – өмірлік миссия. Өз ісіне деген адалдығы мен тиянақтылығы оны нағыз халық қорғаушысына айналдырды. Оның азаматтық ұстанымы айқын: қандай мамандықты атқарсаң да, соның шынайы шебері бол, елге пайдаңды тигіз, өз ісіңді жүрекпен атқар.
Бүгінде Нұржаубаев Қайрат Бекалиханұлы – халықтың сеніміне ие, елдің қорғаны болып жүрген нағыз батыр. Оның еңбегі – тек бүгінгі күннің емес, болашақ ұрпақтың да амандығына қызмет ететін 500-дей адам өмірін сақтап қалған ұлы іс.
Mezgil.kz