Еңбек адамы 2025 – Сәдібекова Жанар Тұрсынқызы

Ол Шығыс Қазақстан облысы, Үржар ауданы, Қарабұта ауылында дүниеге келіп, қарапайым ауылдың таза ауасын жұтып, еңбекқорлықты бойына сіңіріп өсті. Бала күнінен алғырлығымен көзге түскен Жанар 9-сыныпқа дейін туған ауылында білім алып, кейін қазіргі Қонаев қаласындағы Д.А. Қонаев атындағы гимназияны тәмамдады.

1763305005175800.jpg

(Сурет:Ұйымдаструшылардан алынды)


Білімге деген құштарлығы оны Алматы технологиялық университетіне жетеледі. Мұнда «Нан-тоқаш, макарон және кондитерлік өнімдер» факультетінде оқып, қызыл дипломға қол жеткізді, бұл – оның табандылығының, мақсаткерлігінің және еңбексүйгіштігінің айқын дәлелі еді.

Жоғары оқу орнын тәмамдағаннан кейін Жанар Тұрсынқызы еңбек жолын туған саласында бастады. 1999 жылдан бері үздіксіз атқарып келе жатқан қызметі – 24 жыл, алғашқы қадамдарын қарапайым жұмыстан бастап, нан жинаушы, нан пісіруші, қамыр илеуші, ауысым бригадирі секілді саты-сатыдан өтті. Бұл жолдардан өту оған тек тәжірибе ғана емес, шамамен 50 мыңнан астам нан өнімін жасап шығаруды, шыдамдылық пен төзімділік, еңбекке деген құрметті де үйретті.

Жанар Тұрсынқызы нан-тоқаш цехының инженер-технологы ретінде 10 мыңнан аса өндірістік процесс пен сынақты қадағалап, жаңа өнімдерді жасап шығару, олардың сапасы мен дәмдік қасиеттерін тексеру, өндірістік желіге енгізу сияқты үлкен жауапкершілікті арқалап келеді. Сондай-ақ ол жас мамандарды тәрбиелеп, өндірістегі әрбір шикізатты қатаң құжатқа сәйкес қабылдайды.

Өз кәсібіне деген адалдығы мен жанашырлығы арқасында Жанар Тұрсынқызы ұжым арасында үлкен беделге ие. Оның әрбір жетістігінің артында ұстаздары мен тәлімгерлерінің сіңірген еңбегі бар екенін өзі жиі айтып отырады. «Ұстаздарымнан алған нұсқаулар әлі күнге дейін жұмыс барысында ойымнан кетпейді» деуі – оның қарапайымдылығы мен адамгершілігін аңғартады.

Қорытындылай келгенде, Сәдібекова Жанар Тұрсынқызы – қарапайым еңбек адамы ғана емес, еңбекті қадірлей білудің, табандылықпен биікке жетудің символы. Оның өмір жолы – бүгінгі жастарға үлкен өнеге. Бүгінгі күнге дейін ол 500 мыңнан аса нан өнімін халыққа жеткізіп, мыңдаған адамдарды қуантып келеді. Ел асырайтын, халықтың дастарханын нанмен толтыратын жауапты істі абыроймен атқарып жүрген жанды қалай мақтаса да жарасады.


Mezgil.kz


Ұқсас тақырыптар