Түркістан облысы, Келес ауданы, Ораза-ата ауылында дүниеге келген Сафия ханым жастайынан тарих пен мәдениетке ерекше қызығушылық танытты. Сол бала арманның жетегінде тарих факультетінің археология кафедрасында «Музей ісі және ескерткіштерді қорғау» мамандығы бойынша білім алып, болашақ кәсіби жолына нық қадам басты.

(Сурет:Ұйымдастрыушылардан алынды )
Сафия Бөлтекқызының еңбек жолы 2006 жылдың қазан айында Орталық Мемлекеттік музейде басталды. Алғашқы қадамын этнология бөлімінде қор сақтаушы ретінде жасап, ол бұл істің қаншалықты жауапты екенін жан-тәнімен сезінді. Әрбір жәдігердің артында ғасырлар сырын сақтаған тарих жатқанын біліп, өз жұмысын ерекше ыждағатпен атқарды. Ізденімпаздығы мен табандылығының арқасында экскурсия ұйымдастыру және экскурсия жүргізу бөлімінде жоғары дәрежелі маман атанды. Қазіргі таңда ол этнология бөлімінің кіші ғылыми қызметкері ретінде өз тәжірибесін жетілдіріп, музей ісін дамытуға өлшеусіз еңбек сіңіріп келеді.
Жиырма жылға жуық үздіксіз еңбек – үлкен жауапкершіліктің, нағыз адалдықтың көрсеткіші. Сафия ханым үшін музей – тек жұмыс орны ғана емес, жүрек қалауымен таңдалған өмірлік жол. Ол әрбір жәдігерді болашақ ұрпаққа жеткізуді қасиетті борыш санайды.
Кәсіби тәжірибесінде есте қалған сәттер аз емес. Соның ішінде әртүрлі телеарналарға сұхбат беруі – оның еңбегіне берілген лайықты баға болды. Алматы қаласының ішкі саясат басқармасының қолдауымен ол музей ісінің қоғамдағы орнын кең аудиторияға танытып, 50 мыңнан астам адамға тарихи мұраның маңызын насихаттады. Бұл арқылы ол музей ісінің қоғамдағы орнын кеңінен ашып көрсетіп, ұлттық мұрамызды насихаттауға үлкен үлес қосты.
Ал болашаққа деген көзқарасы ерекше. Сафия Бөлтекқызы музей ісінің жаңа дәуірін айқын көреді. Оның айтуынша, заманауи технологияларды пайдалану – уақыт талабы. Виртуалды экскурсиялар, 3D экспозициялар, сандық архивтер мен QR-код арқылы толыққанды ақпарат беру музейлердің қолжетімділігін арттырып, оларды жастар мен туристер үшін тартымды етеді. Интерактивті экрандар мен мультимедиа құралдарының енгізілуі – музейді тек жәдігер қойылған орын емес, білім мен жаңашылдықтың орталығына айналдырады.
Сондай-ақ, музейлер тек тарихты сақтап қана қоймай, ғылыми-зерттеу және ағартушылық бағытта да дамуы тиіс. Университеттермен бірлескен жобалар, мектеп оқушыларымен серіктестік бағдарламалар – жас ұрпаққа патриоттық тәрбие беріп, тарихи сананы қалыптастырудың басты жолы.
Туризм саласымен байланыс та өте маңызды. Қазақстанның бай мәдени мұрасы еліміздің халықаралық имиджін көтеруде үлкен рөл атқара алады. Музейлерді туристік бағыттарға қосу, халықаралық көрмелерге қатысу, мультитілді қызмет көрсету – Қазақстан мәдениетінің тартымдылығын әлемге паш ететін қадамдар.
Әрине, бұл сала тек мемлекет тарапынан ғана емес, жеке демеушілер мен қоғам тарапынан қолдау тапқанда ғана өркендейді. Еріктілер қозғалысын дамыту арқылы музей ісіне қоғамды жұмылдыру – ұлт болашағына қосылған үлес болмақ. Әсіресе аймақтық музейлерді жаңғыртып, материалдық-техникалық базасын күшейту халықтың мәдени деңгейін арттырады.
Аязбаева Сафия Бөлтекқызы – өз ісіне адал, музей саласында аянбай еңбек етіп жүрген тұлға. Оның кәсіби тәжірибесі, рухани мұраға деген шексіз құрметі мен болашаққа деген нық сенімі – Қазақстан музей ісінің жаңа белестерге көтерілуіне жол ашары сөзсіз.
Mezgil.kz