Еңбек адамы 2025 – Еркін Шойұлы Исабеков

Ол 1973 жылдың 4 маусымында Талдықорған облысы, Қаратал ауданы, Кәлпе станциясында дүние есігін ашты. Қарапайым ауылда дүниеге келген баланың тағдыр жолы да ауыл тіршілігінің ыстығы мен суығында шыңдалды. Әке-шешесінің адал еңбегі, ауылдың маңдай терлі тіршілігі – Еркіннің болашақ мінезін қалыптастырды. Жастайынан қолы епті, еңбектің қадірін түсінген ол әр істі ыждаһатпен атқаруды үйренді.

1763306143649994.jpg

(Сурет:Ұйымдастырушылардан алынды )


Үштөбе қаласындағы №51 мектепті ойдағыдай тәмамдаған соң, жас жігіттің арманы асқақ еді. Ол Алматыға жол тартып, 1990 жылы Сәтбаев университетіне құжат тапсырды. Бұл – әрбір талапты жастың көксеген биігі болатын. Алайда тағдыр оған бір сынақ дайындады: жинаған балы аздау болып, мақсаты орындалмады. Бірақ сол сәтсіздіктің артында басқа бір жол, өмірлік мамандыққа бастайтын соқпақ тұрған еді.

Еркін Алматыдағы СПТУ-14 оқу орнына түсіп, дәнекерлеуші мамандығын таңдады. Бұл кәсіп алғашында қарапайым көрінгенімен, уақыт өте келе оның өмірлік ісіне, өнеріне айналды. Себебі дәнекерлеуші – жай ғана темірді жалғаушы емес, ол – от пен болатты бағындырып, көзге көрінбейтін, бірақ қоғамға аса қажет дүниені жасайтын еңбек адамы.

“Студенттік жылдардағы бір естелік ерекше ойға оралады. Арнайы технология пәнін әйел мұғалім жүргізетін. Қызығы сол, ол кісі қолына маска ұстап, дәнекерлеп көрмегенімен, әрбір процесті сондай нақтылықпен түсіндіретін. «Металл қызғанда осылай болады, оттың түсі бұлай өзгереді» деп, көз алдыңа елестетіп беретін. Сабағы сондай әсерлі еді, бейне бір өндіріс орнында тұрғандай күй кешетінсің.”- деп еске алды Еркін Шойұлы. Уақыт өте келе Еркін Шойұлы сол ұстазының айтқандарын тәжірибеде қолданып, нәтижесін көрді. Бұл – шынайы ұстаздықтың күші, адал білімнің құдіреті.

Училищені тәмамдаған соң Еркін еңбек майданына кірісті. Бүгінгі күнге дейін қолынан маскасын, дәнекерін тастаған емес. Күн сайынғы еңбегінде ол темірді иіп, болатты бағындырады. Қарапайым көзге дәнекерлеу – тек от пен темірдің шарпысуы сияқты көрінуі мүмкін. Ал шын мәнінде, ол – үлкен жауапкершілік, аса мұқияттылықты талап ететін іс. Темірдің әрбір жігі, әрбір қоспасы – болашақтағы қауіпсіздік, бүтіндік, берік тірек. Еркін үшін бұл тек мамандық емес, өмірлік өнер, тіпті тағдырдың өзімен таңдалған жол.

Кейін келе ол 6-разрядты газэлектрдәнекерлеуші атанды. Бұл деңгей – жай ғана атақ емес, еңбектің шыңы, шеберліктің биік көрсеткіші. Ондай разрядқа кез келген адам жете бермейді, ол үшін жылдар бойы төккен терің, сіңірген еңбегің, жинаған тәжірибең керек. Еркін осының бәрін абыроймен еңсерді.

Ол – көп сөйлемейтін, бірақ істеген ісімен көзге түсетін жан. 30 жылдан астам уақыт ішінде ол жүздеген нысанның құрылысына қатысып, 500-ден аса жобада қолтаңбасын қалдырды. Оның еңбегімен салынған ондаған тұрғын үй, өндірістік ғимарат пен әлеуметтік нысандар бүгінде халыққа қызмет етіп тұр. «Менің еңбегім халыққа пайдасы тисе болды» деген қарапайым қағиданы ұстанып келеді.

Еңбек – оның өмірінің мәні. Еркін үшін дәнекерлеу сәті – оттың жалыны мен болаттың түйіскен жерінде өнердің туындауы сияқты. Әрбір ұшқын – жаңа өмірдің нышаны, әрбір жалын – берік болашақтың шамшырағы. Осындай адалдықпен, жанкештілікпен еңбек етіп келе жатқан азамат – жастар үшін үлкен үлгі.

Бүгінде Еркін Исабеков – болаттай берік мінездің, қайсарлықтың және адал еңбектің символына айналған жан. Оның өмірі – еңбекке бас иген әрбір жасқа сабақ. Осындай азаматтар барда елдің еңсесі биік, болашағы берік болмақ. Өйткені нағыз тірек – от пен темірді жуасытып қана қоймай, еңбектің қасиетін ұлықтай білген қарапайым еңбек адамдарының қолында.

Еркін Шойұлы – темірді иіп, отты бағындырып, өмірін маңдай терімен өрнектеген нағыз еңбек ері. Оның өмір жолы – бір қарағанда қарапайым көрінуі мүмкін, бірақ шын мәнінде асқақ рухтың, табандылықтың, адалдықтың айнасы.


Mezgil.kz


Ұқсас тақырыптар