Қазақ халқының рухани және дәстүрлі құндылықтарын заманауи форматта насихаттауға бағытталған ерекше мәдени-ағартушылық жоба болып табылатын #QAZAQSTAN комиксі көпшілікке жол тартты.

Комикс Алматы облысы Дін істері басқармасымен әзірленді. Жоба өңірдің мәдени өміріндегі маңызды оқиғаға айналып, тәрбиелік, рухани және ағартушылық мазмұнымен ерекшеленеді.
Он бөлімнен тұратын #QAZAQSTAN комиксі 13 жастағы Димаш есімді бала мен оның атасы арасындағы тәрбиелік мәні зор диалогтар арқылы өрбиді. Әр бөлімде патриотизм, үлкенге құрмет, ұрпақ сабақтастығы, руханият пен дәстүрдің маңызы көркем иллюстрациялар арқылы бейнеленеді. Комикстің бөлімдері — «Абай әлемі», «Сенің батырларың кім?», «Ата-бабаң кім?», «Ұлт ұстазы», «Батыр – суперқаһарман», «Төрт түліктің патшасы», «Өз халқының перзенті», «Қара жамылған әйел», «Пайдасыз білім» және «Қазақтың жаны» — қазақ халқының даналығы мен тарихын, ұлттық мәдениет пен адамгершілік құндылықтарын танытады.

Комикстің әр бөлімі негізінде 10 видеокомикс те әзірленді. Бұл бейнеформат қазіргі ақпараттық кеңістіктегі жаңа коммуникациялық үрдістерді ескере отырып, жастарға түсінікті және қызықты анимациялық стильде дайындалған. Видеокомикстер көрерменге қазақтың рухани мұрасын көрнекі бейнелер, дыбыс пен диалог үйлесімі арқылы әсерлі жеткізеді.
Ата мен немере арасындағы әсерлі сұхбаттар арқылы комикс авторлары қазақ халқының дүниетанымын, рухани тереңдігін және Отанға деген сүйіспеншілігін көркем тілмен жеткізе алған.

#QAZAQSTAN комиксі енді Алматы облысының кітапханалары мен білім беру мекемелерінің қорына енгізіліп, рухани құндылықтар мен ұлттық сананы нығайту бағытындағы ағартушылық жұмыстарда қолданылатын болады.
Сондай-ақ, комикстің электрондық нұсқаларын YouTube бейнехостингінде https://www.youtube.com/@QQComics сілтемесі арқылы «Танымдық комикстер сериясы» парақшасында тамашалауға болады.
Mezgil.kz