2025 жыл Қазақстан үшін сыртқы саясаттағы жаңа сапалық деңгейге көтерілген кезең ретінде есте қалды. Геосаяси тұрақсыздық, әлемдік экономиканың құбылмалы ахуалы және жаһандық сенім дағдарысы жағдайында Қазақстан халықаралық аренада белсенді, прагматикалық әрі теңгерімді саясат ұстанып, өз орнын нығайта түсті. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ірі халықаралық саммиттер мен конференцияларға тұрақты қатысуы, жетекші державалар мен өңірлік серіктестермен жоғары деңгейдегі кездесулері елдің халықаралық күн тәртібіне тікелей ықпал етуге ұмтылысын айқын көрсетті.

Мемлекет басшысының сыртқы саяси белсенділігі тек дипломатиялық символизммен шектелмей, нақты экономикалық нәтижелермен, инвестициялық жобалармен және институционалдық дамумен ұштасып отыр. Сонымен қатар Қазақстан «орта держава» ретіндегі мәртебесін нақты мазмұнмен толықтырып, көпжақты диалогтың, бейтарап келіссөздердің және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықтың сенімді алаңы ретінде танылуын күшейтті.
Осы үдерістер аясында саясаттанушы Жанерке Қайратқызымен сұхбаттасып, Президент Тоқаевтың халықаралық саммиттерге қатысуының маңызын, шетелдік көшбасшылардың Қазақстанға сапарларының мәнін, 2025 жылғы негізгі бастамаларды және елдің ұзақ мерзімді дамуына ықпал ететін стратегиялық бағыттарды жан-жақты талдадық.

- Қазақстан Республикасы Президентінің ірі халықаралық саммиттер мен конференцияларға қатысуының маңыздылығын қалай бағалайсыз?
- Президенттің ірі халықаралық саммиттер мен конференцияларға қатысуының маңыздылығы ең алдымен Қазақстанның әлемдік және өңірлік саясаттағы сенімді әрі жауапты әріптес ретіндегі орнын нығайтуымен байланысты. Мемлекет басшысының мұндай алаңдарға қатысуы Қазақстанның халықаралық күн тәртібін қалыптастыруға тікелей араласуына, ұлттық мүддені ең жоғары саяси деңгейде ілгерілетуіне және сыртқы әріптестермен жасалған уағдаластықтардың нақты шешімдер мен жобаларға ұласуына мүмкіндік береді. Жалпы 2025 жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 23 халықаралық сапар жасауы Қазақстанның сыртқы саясаттағы белсенділігінің айқын көрсеткіші болды. Жоғары деңгейдегі кездесулердің географиясы барлық құрлықтарды қамтып, АҚШ, ТМД еддері, Еуропа және Азия, Араб мемлекеттері, Латын Америкасы, Азия-Тынық мұхиты өңірі елдерімен сенімге негізделген диалог орнатылды. Қазақстан бұл кездесулерді саяси байланыстармен ғана шектемей, нақты шешімдер мен практикалық келісімдерге айналдыруға бағытталған жүйелі жұмыс жүргізіп келеді.
Президенттің сыртқы саясаттағы белсенділігі елдің ішкі әлеуметтік-экономикалық дамуына да нақты әсер етеді. 2025 жылы елде 185 инвестициялық жоба іске қосылып, жалпы көлемі шамамен 1,5 трлн теңгені құрады, нәтижесінде 22,8 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны ашылды. Бұл көрсеткіштер жоғары деңгейдегі сапарлар барысында жүргізілген халықаралық келіссөздердің экономикалық қайтарымының нақты көрінісі деуге болады. Сонымен қатар, Қазақстанның халықаралық бәсекеге қабілеттілігі де артып келеді. IMD World Competitiveness Ranking рейтингінде еліміз биыл 34-орынға көтеріліп, 1 сатыға ілгеріледі. Бұл көрсеткіштер Президенттің халықаралық саммиттерге белсенді қатысуы мен сыртқы саясаттағы прагматикалық ұстанымы елдің институционалдық сапасын, инвестициялық тартымдылығын және жалпы бәсекеге қабілеттілігін нығайтуға ықпал етіп отырғанын дәлелдейді.
- Әлемдік көшбасшылардың Қазақстанға жасаған сапарлары елдің халықаралық беделі туралы нені аңғартады? Сіздің ойыңызша, осы жылы Қазақстанның халықаралық имиджі мен абыройы қалай өзгерді?
- Әлемдік көшбасшылардың Қазақстанға сапарлары, ең алдымен, елдің халықаралық диалог алаңы ретіндегі тартымдылығының артқанын, сондай-ақ Қазақстанмен саяси және экономикалық деңгейде жұмыс істеуге деген сұраныстың жоғары екенін көрсетеді. 2025 жылы Қазақстанға мемлекет және үкімет басшыларының шамамен 30 рет сапар жасауы осы үрдісті айқын дәлелдейді. Сонымен қатар, бұған дейін германдық зерттеу орталықтарының бағалауында Қазақстанға «орта держава» (middle power) мәртебесі берілген болатын. Ал 2025 жыл бұл бағалаудың кездейсоқ емес екенін нақтылап берді деуге болады. Қазақстан халықаралық имиджін тек өңірдегі ірі мемлекет ретінде ғана емес, көпжақты келіссөздер мен экономикалық байланыстарды тоғыстыра алатын сенімді және бейтарап платформа ретінде нығайта түсті. Жалпы алғанда, 2025 жылы Қазақстанның халықаралық саясаттағы белсенділігі айтарлықтай артты. Ел халықаралық күн тәртібіне тікелей араласып, өңірлік және жаһандық мәселелер бойынша арағайын, үйлестіруші және бастамашы рөлін күшейтті. Бұл Қазақстанның халықаралық беделі мен саяси салмағының жаңа деңгейге көтерілгенін аңғартады. Сонымен қатар Қазақстанның рөлі тек ресми-институционалдық деңгейде ғана емес, мәдени-гуманитарлық өлшемде де айқын күшейіп келеді. Бұл үрдіс соңғы жылдары жүйелі әрі қарқынды сипат алуда. Атап айтқанда, биыл өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі қорытындылары Қазақстанның мәдениетаралық, дінаралық және конфессияаралық диалогты дамытудағы беделді әрі жаһандық орталық ретіндегі мәртебесін тағы бір мәрте растады.
- 2025 жылы Қасым-Жомарт Тоқаев көтерген бастамалардың қайсысын ең маңызды деп санайсыз?
- Менің ойымша, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев көтерген бастамалар ұзақ мерзімді стратегиялық мақсаттарға бағытталған. Мемлекеттік саясат қоғамдық тұрақтылықты сақтау, баршаға ортақ әрі инклюзивті экономикалық өсуді қамтамасыз ету, сондай-ақ адами капиталды нығайту қағидаттарына негізделіп отыр. Бұл тұрғыда «адам – ең басты құндылық» деген ұстаным Президенттің ішкі саясатында айқын көрініс табады. Осы логика аясында 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялау символдық қана емес, мазмұндық тұрғыдан да маңызды қадам болды. Бұл бастама адал еңбектің, кәсіби шеберліктің және нақты экономика секторында еңбек ететін азаматтардың мемлекет үшін ерекше құндылық екенін айқындауға бағытталған. Жұмысшы мамандықтарына көрсетілген құрмет қоғамдағы еңбекке деген көзқарасты қайта бағалауға, әлеуметтік әділеттілік пен еңбек беделін нығайтуға ықпал етті. Сонымен қатар Президенттің 2026 жылды Білім және ғылым жылы деп жариялау жөніндегі бастамасы да стратегиялық мәнге ие. Бұл шешім білім мен ғылымды ұлттық дамудың негізгі тіректерінің бірі ретінде айқындап, елдің ұзақ мерзімді құндылық бағдарын қалыптастырады. Себебі кез келген мемлекеттің тұрақты дамуы ортақ құндылықтар жүйесіне сүйенеді, ал білім мен ғылым — экономикалық әрі технологиялық прогрестің басты қозғаушы күштері.
2025 жылғы салмақты бастамалардың қатарында цифрлық трансформация, жасанды интеллектті дамыту және экономиканы жаңғыртуға бағытталған қадамдарды ерекше атап өтуге болады. Бұл бағыттар Президенттің 2025 жылғы Жолдауында негізгі басымдық ретінде көтеріліп, нақты институционалдық шешімдермен бекітілді.
Аталған бастамалардың басты артықшылығы бұл еңбек өнімділігі, кадр даярлау және технологиялық даму арасындағы өзара байланысты ескеріп, біртұтас жүйе ретінде қарастыруында. Мұндай кешенді тәсіл Қазақстанның ұзақ мерзімді бәсекеге қабілеттілігінің берік негізін қалыптастырып, экономиканың сапалы дамуына жол ашады. Халықаралық бастамаларға келсек, Президент Тоқаев БҰҰ Бас Ассамблеясының 80-сессиясында сөйлеген сөзінде «жаһандық сенім дағдарысына» қарсы бірлескен әрекет етудің маңызын ерекше атап өтті. Осы бағыттағы нақты әрі практикалық қадамдардың бірі ретінде Алматы қаласында БҰҰ-ның өңірлік орталығын ашу бастамасын атауға болады. Бұл Қазақстанның халықаралық диалогты дамытуға, көпжақты ынтымақтастықты нығайтуға және өңірлік тұрақтылықты қамтамасыз етуге қосып отырған нақты үлесін көрсетеді.
- 2025 жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қай шетелдік сапарлары Қазақстанның сыртқы саясаты үшін айқындаушы мәнге ие болды? Сондай-ақ Астанаға келген шетелдік көшбасшылардың қандай сапарларын стратегиялық тұрғыдан маңызды деп атар едіңіз?
- 2025 жылы Қазақстан Президенті әлемнің жетекші державаларының басшыларымен жоғары деңгейдегі кездесулер өткізді, соның ішінде АҚШ, Ресей және Қытай Халық Республикасының лидерлерімен тікелей диалог орнатылды. Сонымен қатар, Президент Еуропалық одақ деңгейіндегі жетекшілермен, сондай-ақ жекелеген еуропалық мемлекеттер басшыларымен екіжақты форматтағы кездесулер өткізді. Бұл кездесулер Қазақстанның әлемдік державалармен теңгерімді әрі сенімге негізделген диалогты жүйелі түрде жалғастырып келе жатқанын, сондай-ақ елдің халықаралық аренадағы беделі мен саяси салмағының артқанын көрсетеді. Сонымен қатар бұл кезеңде C5+ форматтарының (Орталық Азия +) қарқынды дамуы байқалды. Орталық Азия мемлекеттері арасындағы саяси диалог, координация және ықпалдастық тереңдеп, аймақтық мүддені ұжымдық түрде ілгерілетуге мүмкіндік беретін жаңа тетіктер қалыптасты. Бұл Қазақстанның өңірлік көшбасшылық рөлін күшейтті десек те болады.
- Осы жылы Қазақстан экономикасының өсу қарқынын қалай бағалайсыз? Сіздің ойыңызша, қай салалар бойынша даму байқалады?
- Әлемдік тұрақсыздыққа және халықаралық экономикалық конъюнктураның күрделілігіне қарамастан, Қазақстан жоғары экономикалық даму көрсеткіштерін сақтап отыр. Үкімет ұсынған ресми деректерге сәйкес, 2025 жылы экономикадағы өсім қарқыны оң болып, шамамен 6,4 пайызды құрады. Негізгі өсім драйверлері ретінде көлік, құрылыс, тау-кен өнеркәсібі, ауылшаруашылығы салалары атап көрсетілді. Бұл көрсеткіштер жыл қорытындысының нәтижелі болғанын аңғартады.
- Қазақстанның шетелдік әріптестерімен ынтымақтастығының қай бағыттарын елдің ұзақ мерзімді дамуы мен халықаралық аренадағы ұстанымын нығайту тұрғысынан аса маңызды деп есептейсіз?
- Меніңше, Қазақстанның ұзақмерзімді дамуы мен халықаралық ұстанымын нығайту тұрғысынан ынтымақтастықтың үш негізгі бағыты ерекше маңызды. Біріншіден, технологиялық және индустриялық кооперация жоғары технологиялық салаларды дамыту арқылы ел экономикасында қосылған құнды ұлғайтуға мүмкіндік береді. Екіншіден, көлік-логистика және транзиттік ынтымақтастық Қазақстанның Еуразия кеңістігіндегі логистикалық хаб ретіндегі рөлін бекітуге және сауда ағындарын әртараптандыруға жағдай жасайды.
Үшіншіден, адами капитал мен инновациялық экожүйені дамыту шешуші маңызға ие. Бұл бағыт кадр даярлау жүйесін, ғылыми зерттеулерді және тиімді реттеу тетіктерін қамтиды. Адами капитал экономиканы нақты әртараптандыруға, қосылған құны жоғары өнім өндіруге және елдің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, жасанды интеллект пен цифрландырудың нәтижелі жүзеге асуы да адами капиталдың сапасына тікелей тәуелді. Аталған бағыттарды Қазақстан көпжақты келіссөздер мен кездесулердің барлық форматтары аясында жүйелі түрде жүзеге асырып келеді. Еліміз халықаралық серіктестерінен үйренуге болатын тәжірибені қабылдап, бірлесіп әрекет етуге мүмкіндік беретін тетіктерді тиімді пайдалануды жалғастырады деп ойлаймын.
Mezgil.kz