Жаңа Конституцияда адам құқықтары мен бостандықтары басты құндылық болып бекітілмек

Жаңа Конституция жобасында адам құқықтары мен бостандықтарының мемлекеттің негізгі басымдығы ретінде айқындалуы – Қазақстан Республикасының құқықтық, демократиялық және әлеуметтік мемлекет ретіндегі дамуын нығайтатын маңызды стратегиялық қадам болып табылады деп ойлаймын. Аталған қағидат Конституцияның мазмұнында жүйелі түрде көрініс тауып, мемлекеттің адамға бағдарланған саясатын айқындайды.


image-1-1.jpg

 

Конституцияның негізгі құқықтар мен бостандықтарға арналған бөлімін әзірлеу барысында халықаралық құқықтың жалпыға бірдей танылған нормалары мен Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық келісімдердің талаптарының ескерілуі ұлттық заңнаманың халықаралық стандарттарға сәйкестігін арттырады. Нәтижесінде адам мен азаматтың жеке, әлеуметтік-экономикалық және саяси құқықтарының мазмұны кеңейтіліп, оларды іске асыру мен қорғау тетіктері күшейтілген.

 

Жоба аясында өмір сүру құқығының абсолюттілігі, жеке тұлғаның қол сұғылмаушылығы, жеке деректерді қорғау және қылмыстық процестегі «Миранда ережесінің» бекітілуі азаматтардың құқықтық қорғалу деңгейін арттыруға бағытталған маңызды құқықтық кепілдіктер ретінде бағаланады. Сонымен қатар, сөз бостандығы, ғылыми және шығармашылық еркіндік, сондай-ақ интеллектуалдық меншік құқықтарын қорғау мәселелеріне ерекше назар аударылған.

 

Әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғауға, зайырлы мемлекеттілік қағидаттарын сақтауға, неке институтының ер мен әйелдің тең құқықты және ерікті одағы ретінде белгіленуіне қатысты нормалар қоғамдағы тұрақтылықты, әлеуметтік әділеттілікті және дәстүрлі құндылықтарды нығайтуға бағытталған.

 

Қорытындылай келе, Конституция жобасы – отандық және халықаралық құқықтық тәжірибені ескере отырып әзірленген, мемлекеттің құқықтық негіздерін жетілдіруге, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды күшейтуге және Қазақстан Республикасының ұзақ мерзімді дамуына берік құқықтық іргетас қалыптастыруға бағытталған маңызды нормативтік-құқықтық құжат болып табылады.

 

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Ақпараттық технологиялар және жасанды интеллект факультеті компьютерлік ғылымдар кафедрасының доценті Гусманова Фарида Равильқызы


Mezgil.kz



Ұқсас тақырыптар