Қазақстанда бір ұлт және көптеген этнос өкілдері тұрады. Тарихтың сан түрлі оқиғаларында, өткен шақтың қилы кезеңдерінде Қазақ даласында көптеген өзге этнос өкілдері пана тапты.

(Сурет: gov.kz сайтынан алынды)
Бірі қуғындалып келді, бірі жер аударылды, енді бірі тың игеруге әкелінді. Қазақстан сан түрлі ұлтқа ортақ отанға айналды. Қазақстан мемлекетінің басты саясатының бірі, сол сан түрлі этностар арасындағы татулық пен бірлікті сақтау болып саналады.
1991 жылы Қазақстан тәуелсіздігін қалпына келтірген сәтте, елімізде сан түрлі ұлт тұрақтап қалды. Бұл Кеңестік билік кезінде қалыптасқан этностық палитра болатын. Қазақтардың саны 40 пайызды құрады. Қазақстан шеттегі қандастарды елге көшіру бағдарламасын бастады.
Сонымен бірге қоғамдағы ұлтаралық келісімді ұстану мақсатында, бірлікті күшейту үшін салмақты саясатты қолға алды. Қазақстан билігі «Қазақстан Халықтары Ассамблеясын» құрды. Ассамблеяның мақсаты мен міндеті айқын еді. Ол этносаралық татулықты сақтауға үлес қосты. Сонымен бірге Ассамблея аясында этностардың мәдени ошақтары ашылды. Олар өз мәдениетін, тілін, дәстүрін ұмытпаудың мүмкіндігін алды. Бұл орталықтарда мемлекеттік тіл курстары да оқытылуда.
Мемлекеттік саясат ұлтаралық келісім мен татулықты сақтау тетіктерін күшейтуден тұрады. Жылдар өтіп, мемлекеттің іргесі бекем бола түсуде. Ұлтаралық саясат та өзгеріп, жаңа деңгейге шығуда. Қоғамдағы демографиялық көрсеткіштер де өзгеруде. 1991 жылы қазақтардың саны 40 пайыздың маңында болса, қазіргі таңда 70 пайыздан жоғары көрсеткішке жетті. Қазақстан Ассамблея институтын түрлендіріп, оны «Халық Кеңесіне» өзгертуде. Бұл ұлтаралық байланысты дамытуға және қоғамдағы өзге мәселелерді терең талқылауға мүмкіндік береді.
Қазақстан ұлтаралық келісім, татулық моделінен ешқашан бас тартпақ емес. Бірлік моделі ғана мемлекетті алға сүйрейді.
Mezgil.kz