«Мәслихат – халық пен биліктің алтын көпірі»: Мәслихат депутаты реформалардың мәнін түсіндірді

Қазақстанда мемлекеттік басқару жүйесін, экономиканы және әлеуметтік саланы жаңғыртуға бағытталған ауқымды реформалар жүргізіліп жатыр. Президент бұл үдерісте жергілікті өкілді органдар – мәслихаттарға ерекше жауапкершілік жүктелетінін атап өтті. Шымкент қалалық мәслихатының депутаты Алия Юсупова  реформалардың өңірлік деңгейде қалай жүзеге асатынын, депутаттардың негізгі міндеттері қандай екенін және халықтың өмір сапасын жақсартуда мәслихаттардың рөлі қандай болуы тиіс екенін айтып берді.


_gluster_2020_3_30_d6c09c322e395de4b6f62585cc000ef4_original.155753.jpg

 (Сурет gov.kz сайтынан алынды)


- Президент Қазақстанда мемлекеттік басқару жүйесін, экономиканы және әлеуметтік саланы терең жаңғырту басталғанын мәлімдеді. Бұл үдерісте мәслихаттарға ерекше миссия жүктеліп отыр. Осы тұрғыда қандай негізгі мәселелерге назар аудару қажет?

 

- Мемлекет басшысы белгілеп берген жаңғыру жолы – қазақстандықтардың өмір сапасын түбегейлі өзгертуге бағытталған нақты қадамдар. Мәслихат депутаты ретінде бұл үдерістегі біздің негізгі миссиямыз - мемлекет пен халықтың арасындағы «алтын көпір» болып қана қоймай, жергілікті жердегі нақты мәселелердің шешілуіне тікелей ықпал ету. Ең алдымен, біз бюджет қаржысының әрбір тиынының тиімді әрі ашық жұмсалуын бақылауымыз қажет. Халыққа керегі жыл сайын өсім көрсететін сандар емес, таза ауыз су, сапалы жол, заманауи мектеп пен қолжетімді медицина. Сондықтан жоспарланған әрбір жобаның соңына дейін сапалы орындалуын қатаң қадағалау - басты міндетіміз.

 

Экономикалық жаңғыруға ойыссақ, біз жергілікті кәсіпкерлікке жол ашуымыз керек. Өңірдегі бюрократиялық кедергілерді жойып, жаңа жұмыс орындарының ашылуына жағдай жасау арқылы ғана халықтың табысын арттыра аламыз. Әлеуметтік саладағы реформалар да назардан тыс қалмауы тиіс. Яғни мұқтаж жандардың мәселесін кабинетте отырып емес, ел аралап, жағдайды өз көзімізбен көру арқылы шешуіміз керек. Мәслихат жұмысының ашықтығын қамтамасыз етіп, әрбір шешімді тұрғындармен ақылдаса отырып қабылдау - «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының басты көрсеткіші. Біз тек мәселені айтушы емес, сол мәселенің оңтайлы шешімін ұсынатын және оның орындалуын талап ететін пәрменді күшке айналуымыз қажет. Түптеп келгенде, кез келген реформаның нәтижесі депутаттың жауапкершілігі мен әрбір азаматтың осы өзгеріске деген сеніміне тікелей байланысты.

 

- Тоқаевтың пікірінше, табыс ең алдымен сол табыс табылған өңірлердің дамуына жұмыс істеуі тиіс. Сіз бұл ұстанымды қолдайсыз ба? Бұл міндетті іске асыруда мәслихаттарға қандай рөл жүктеледі?

- Әрине, Президенттің бұл ұстанымы - әділетті қоғам құрудың басты шарты. Өңірдің байлығы алдымен сол өңірдің игілігіне айналуы тиіс. Бұл - жай ғана экономикалық есеп емес, жергілікті халықтың маңдай терінің қайтарымы, өтеуі. Осы орайда, мәслихат депутаты ретінде бұл бастаманың жүзеге асуындағы біздің рөлімізді өте маңызды деп санаймын.

 

Біріншіден, табыстың өңірде қалуы - ауыл мен қаланың ажарын ашатын нақты мүмкіндік. Мәслихаттар жергілікті бюджетті бекіту кезінде сол қаржының қайда жұмсалатынын айқындайтын негізгі орган. Біз ірі кәсіпорындардан түскен салықтар алысқа кетпей, дәл сол маңдағы мектептің жөнделуіне, аурухананың жабдықталуына немесе саябақтардың салынуына бағытталуын қатаң бақылауда ұстаймыз. Екіншіден, депутаттар халықтың үнін жеткізуші ғана емес, сол табыстың әділ бөлінісін талап етуші пәрменді күш болуы тиіс. Біз бюджеттің әрбір тармағын талқылағанда «Бұл жоба қарапайым тұрғынның өмірін қалай өзгертеді?» деген сұраққа жауап іздейміз. Егер табыс өңірде қалса, демек жаңа жұмыс орындары ашылады, шағын кәсіпкерлік ілгері басады.

 

Қазынаның берекесі де, елдің мерекесі де осы жергілікті жердегі нақты істерден басталады. Сондықтан біз әрбір тиынның туған өлкеміздің гүлденуіне жұмыс істеуін қамтамасыз ету жолында аянбай еңбек ете беруіміз керек.

 

- Мемлекет басшысы жергілікті билік жүйесінде мәслихаттардың рөлін күшейтуді тапсырды. Осы мәселеге қатысты сіздің пікіріңіз қандай? Президент атап өткен бағыттардың қайсысын ең маңызды деп санайсыз?

 

- Мемлекет басшысы атап өткен бағыттардың бәрі де уақыт талабынан, қоғам сұранысынан туған өзекті де маңызды деп ойлаймын. Біріншіден, мәслихат депутаттарының этикасы мен жауапкершілігін күшейту - бұл жай ғана бақылау емес, халықтың билікке деген сенімін қалпына келтірудің төте жолы. Депутат - тек мандат иесі емес, ол халықтың мұң-мұқтажын жергілікті әкімдікке жеткізіп, оның орындалуын талап ететін нақты күш. Екіншіден, мәслихат төрағаларының өкілеттігін екі мерзіммен шектеу - саяси жүйедегі стагнацияға жол бермейді. Бұл қадам басқару жүйесіне жаңа қан жүгіртіп, бәсекелестікті арттырады және лауазымды тұлғалардың өз жұмысына сергек қарауына септігін тигізеді. Үшіншіден, Ақордаға ағылған 83 мың арыздың басым бөлігі қарапайым тұрмыстық мәселелер екені жасырын емес. Президенттің бұл сыны - жергілікті билікке, соның ішінде мәслихаттарға арналған үлкен ескерту. Егер депутаттар өңірдегі түйткілдерді дер кезінде көтеріп, шешімін бақыласа, азаматтардың елордаға хат жазып, табалдырық тоздыруына қажеттілік қалмас еді.

 

Мемлекеттік басқаруға жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды енгізу де - уақыт талабы. Депутаттардың Мемлекеттік басқару академиясында білімін шыңдауы олардың заманауи трендтерді түсініп, халықпен жедел байланыс орнатуына, деректермен жұмыс істеуіне мүмкіндік береді. Қорыта айтсақ, Президент атап өткен бастамалар орындалған жағдайда, мәслихаттар формальды орган емес, аймақтың дамуын айқындайтын, халықтың шынайы қорғанына айналатын дербес институт болады деп ойлаймын.

 

- Президенттің айтуынша, өңірлердің дамуы, халықтың өмір сүру сапасының артуы және билікке деген сенімнің нығаюы тікелей мәслихаттардың жұмысына байланысты. Бұл жөнінде сіз не ойлайсыз?

 

- Мәслихат депутаты ретінде бұл ойды толық қолдаймын және мұны жай ғана мақтау емес, бізге жүктелген үлкен жауапкершілік пен айқын міндетті аңғартып отыр. Өңірлердің дамуындағы мәслихаттың рөліне келсек, министрліктер мен Парламент алыста болуы мүмкін, ал мәслихат депутаты - мәселесі бар тұрғынның көршісі немесе ауылдасы. Сондықтан жұрттың мұң-мұқтажын бірінші болып еститін де, соны шешуге тиіс адам да - біз. Егер біз мәселені жергілікті жерде шешсек, билікке деген сенім артады.

 

Әкімдік бюджетті жоспарласа, мәслихат оны бекітеді және қадағалайды. Аймақтардағы әлеуметтің өмір сапасы таза су, жарық көше және сапалы мектеп сияқты көрсеткіштермен өлшенеді. Осы игіліктерге бөлінген қаржының желге ұшпай, тиынына дейін тиімді жұмсалуы тікелей депутаттардың принципіне, яғни табандылығына байланысты. Президент депутаттық сауалдардың сапасын да бекер айтқан жоқ. Біз жай ғана «сұрақ қоюшы» емес, орындалуын талап етуші болуымыз керек. Әкімдердің есебін тыңдағанда, құрғақ цифрға емес, халықтың нақты ризашылығына сүйенсек қана жұмыс алға басады.

 

Қорыта айтқанда, мәслихат – бұл өңірдің тамырын ұстап отырған орган. Егер депутаттар белсенді болса, өңір деми береді, халықтың еңсесі де тіктеледі. Мемлекет басшысы айтқандай, біздің мақсатымыз - қағаз жүзіндегі көрсеткіш емес, әрбір азаматтың өз ауласында, өз ауылында оң өзгерісті сезінуі. Бұл жолда бізден тек кәсібилік қана емес, шынайы жанашырлық пен жаңашылдық талап етіледі.


IMG_2066.jpg

 

- Мемлекет басшысы стратегиялық маңызы бар міндет ретінде мемлекеттік басқару жүйесінің барлық саласына озық технологиялар мен жасанды интеллектті енгізуді атады. Бұл елге қандай мүмкіндіктер береді? Сонымен қатар, қазіргі таңда депутаттардың кәсіби деңгейі мен цифрлық құзыреттерін қалай бағалайсыз?

 

- Мемлекеттік басқару жүйесіне озық технологиялар мен жасанды интеллектіні енгізу - бұл заман ағымынан қалмаудың ғана емес, басқару жүйесін жаңа сапалы деңгейге шығарудың бірегей мүмкіндігі. Бұл қадам бізге ең алдымен шешім қабылдау үдерісін барынша жеделдетуге және адами фактордан туындайтын қателіктер мен бюрократиялық кедергілерді жоюға жол ашады. Жасанды интеллект орасан зор деректерді өңдей отырып, өңірлердегі әлеуметтік-экономикалық мәселелерді алдын ала болжауға, бюджет қаржысын нақты қажеттіліктерге қарай тиімді бөлуге септігін тигізеді. Сонымен қатар әрбір азаматтың өтініші цифрлық жүйеде жоғалып кетпей, тиісті деңгейде қаралып, нақты нәтижеге қол жеткізуіне кепілдік береді. Бұдан бөлек, ашықтық пен цифрландыру сыбайлас жемқорлықтың тамырына балта шауып, халық пен билік арасындағы сенімді нығайтатын басты құралға айналмақ.

 

Ал депутаттардың бүгінгі кәсіби деңгейі мен цифрлық құзыреттеріне келсек, бұл бағытта айтарлықтай жаңғыру үдерісі жүріп жатқанын көреміз. Әрине, цифрлық дағдылар бойынша әлі де толықтыратын тұстар бар, бірақ Мемлекеттік басқару академиясында өтіп жатқан оқу курстары мен «AI Governance 500» сияқты бағдарламалар депутаттық корпустың сапалық құрамын түбегейлі жақсартуда. Депутат тек мәселе көтеріп қана қоймай, заманауи технологияларды қолдана отырып, сол мәселенің шешілу жолын кәсіби түрде ұсына алатын маманға айналуы тиіс. Біздің цифрлық сауатымыз жоғары болған сайын, атқарушы биліктен де заманауи талаптарға сай жұмыс істеуді нақты дәлелдермен талап ете аламыз. Түптеп келгенде, кәсіби білік пен технологиялық мүмкіндіктер тоғысқанда ғана біз халықтың өмір сүру сапасын арттыру туралы Президент қойған стратегиялық міндетті мүлтіксіз орындай аламыз.

 

- Референдумға шығарылған Конституция жобасында жаңа бір палаталы Парламент депутаттары пропорционалды принцип бойынша сайланатыны қарастырылғанын Қасым-Жомарт Тоқаев атап өтті. Бұл бастамаға сіздің көзқарасыңыз қандай?

 

- Президент ұсынған пропорционалды сайлау жүйесіне көшу бастамасы еліміздің саяси жүйесін демократияландыру жолындағы өте маңызды әрі дер кезінде жасалған қадам деп есептеймін. Бұл жүйенің басты артықшылығы - қоғамдағы түрлі саяси көзқарастар мен әлеуметтік топтардың Парламентте барынша әділ өкілдік етуіне жол ашады. Егер бұрын жекелеген тұлғалардың танымалдылығы алдыңғы орынға шықса, ендігі жерде саяси партиялардың нақты бағдарламалары мен идеологиялары арасындағы бәсеке күшейе түспек. Бұл өз кезегінде еліміздегі партиялық жүйенің дамуына серпін беріп, саяси ұйымдардың халық алдындағы жауапкершілігін арттырады.

 

- Президент референдумда азаматтар ұсынылған Негізгі заң жобасын қолдаса, елдің саяси жүйесі түбегейлі өзгеріске ұшырайтынын айтты. Жаңа конституциялық модельге көшу туралы сіздің пікіріңіз қандай? Бұл жүйе пропорционалды және мажоритарлық сайлау жүйелерінің арасындағы тепе-теңдікті қалай қамтамасыз етеді?

 

- Жаңа конституциялық модельдің басты ерекшелігі - орталық пен өңірлер арасындағы тепе-теңдіктің сақталуы. Президент атап өткендей, мәслихаттар деңгейінде мажоритарлық жүйенің қалуы жергілікті жердегі нақты мәселелердің белсенді азаматтар тарапынан шешілуіне, партияда жоқ азаматтардың да саяси додаға қатысуына мүмкіндік жасап, демократиялық құндылықтарды тереңдете түседі.

 

Пропорционалды жүйе жалпыұлттық деңгейдегі саяси идеологиялардың бәсекесіне жол ашса, мажоритарлық жүйе жергілікті жерлерде халықтың сеніміне ие, бірақ партияға кірмеген іскер азаматтардың билікке келуіне мүмкіндік береді. Бұл модель сайлау үдерісін жүйелеп қана қоймай, әрбір депутаттың өз округі алдындағы жеке жауапкершілігін күшейтеді, бұл өз кезегінде елдің саяси мәдениетін жаңа деңгейге көтереді деген пікірдемін.

 

- Қазақстанның дамуы мен республиканың халықаралық аренадағы беделін арттыру үшін Негізгі заңға енгізілуі мүмкін қандай өзгерістерді ең маңызды деп санайсыз?

 

- Негізгі заң жобасындағы адам құқықтарын қорғау тетіктерінің күшейтілуі - Қазақстанның халықаралық имиджі мен инвестициялық тартымдылығын анықтайтын негізгі көрсеткіш. Инвесторлар тек пайданы емес, заңның үстемдігі мен адам құқықтарының сақталу деңгейін бірінші кезекке қояды, себебі бұл - капиталдың қауіпсіздігі мен тұрақтылықтың белгісі.

 

Сонымен қатар адам құқықтары жөніндегі уәкілдің мәртебесін Конституцияда бекіту және оның дербестігін арттыру да мемлекеттің халықаралық стандарттарға сай екенін паш етеді. Бұл қадамдар Біріккен Ұлттар Ұйымы мен Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы сияқты беделді құрылымдардың алдында Қазақстанның демократиялық көрсеткіштерін жақсартады.

 

- Президент мемлекет қауіпсіздігін қорғау үшін саяси-дипломатиялық құралдарды барынша пайдаланатынын айтты. Мемлекет басшысының мұндай ұстанымы нені білдіреді деп ойлайсыз?

 

- Президенттің мемлекет қауіпсіздігін қорғау үшін саяси-дипломатиялық құралдарды барынша пайдалану туралы ұстанымы Қазақстанның сыртқы саясаттағы салмақты, прагматикалық және бейбітсүйгіш ел екенін айқындай түседі. Бұл, ең алдымен, еліміздің кез келген халықаралық немесе өңірлік дау-жанжалдарды тек келіссөздер үстелінде, халықаралық құқық нормалары аясында шешуді жақтайтынын білдіреді. Мұндай тәсіл геосаяси тұрақсыздық кезеңінде ұлттық мүддені қорғаудың ең тиімді жолы, өйткені ол мемлекеттің егемендігін әскери текетірестерге жол бермей-ақ нығайтуға мүмкіндік береді. Түптеп келгенде, дипломатияға басымдық беру - бұл мемлекеттің ішкі тұрақтылығы мен экономикалық дамуын сыртқы сын-қатерлерден сақтап қалудың ең ұтымды әрі тиімді жолы.

 

- Тоқаевтың пікірінше, Қазақстанның табысты дамуының басты факторлары - бірлік пен тұрақтылық. Бұл факторлардың маңызы қаншалықты жоғары?

 

- Президент атап өткендей, бірлік пен тұрақтылық - бұл жай ғана ұрандар емес, Қазақстанның мемлекеттігін сақтап қалудың және экономикалық өрлеудің басты қозғаушы күші. Геосаяси текетірестер белең алған қазіргі заманда бұл факторлардың маңызы стратегиялық деңгейге көтерілді. Ішкі бірлік болмаған жерде кез келген реформа өзінің тиімділігін жоғалтады. Тұрақтылық - бұл инвесторлар үшін ең басты кепілдік. Халықаралық капитал тек заңы үстем және ішкі ахуалы тыныш елдерге ғана келеді. Бірлік пен тұрақтылық нығайған сайын, Қазақстан сыртқы сын-қатерлерге төтеп беруге қауқарлы, дербес және мықты мемлекет ретінде дами түседі деген ойдамын.

 

- Президенттің айтуынша, өткен жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанның ЖІӨ көлемі 306 млрд долларды құрады. Бұл — ТМД елдері арасындағы екінші көрсеткіш және аймақтағы ең жоғары нәтиже. Қазақстанның биыл әлемдегі ең ірі 50 экономиканың қатарына енуіне қандай факторлар әсер етті деп ойлайсыз?

 

- Әрине, мен экономика саласы бойынша сарапшы емеспін. Дегенмен елдің мерейін тасытқан көрсеткіштерді саралап, талдау жасап отырамын. Бұқаралық ақпарат құралдарынан да жиі оқып, бақылап келемін. Қазақстанның ЖІӨ көлемінің 306 миллиард долларға жетіп, ТМД-да екінші, ал аймақта бірінші орынға шығуы бұл экономиканы әртараптандыруға бағытталған кешенді реформалардың тікелей жемісі деп есептеймін. Ең алдымен, өңдеу өнеркәсібі мен машина жасау саласындағы ірі жобалардың іске қосылуы шикізатқа тәуелділікті азайтып, қосымша құны жоғары өнімдердің үлесін арттырды. Сонымен қатар орасан зор инвестиция тартылды. Инвестициялық ахуалды жақсарту мақсатында жүргізілген құқықтық реформалар мен цифрландыру үдерісі шетелдік капиталдың тек мұнай-газ саласына емес, сонымен қатар IT, жаңартылатын энергия көздері мен ауыл шаруашылығына да бағытталуына жол ашты. Осы факторлардың жиынтығы еліміздің әлемдік нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін арттырып, жаһандық деңгейдегі 50 мықты экономиканың қатарына нық орнығуына мүмкіндік берді деп ойлаймын.

 

- Мемлекет бастамашы болған аса маңызды инфрақұрылымды жаңғырту бағытындағы бұрын-соңды болмаған ауқымды жұмыстарды қалай бағалайсыз?

 

- Жасыратыны жоқ, біз ұзақ уақыт бойы өткен ғасырдан қалған, әбден тозған инфрақұрылымдық жүйенің ресурсын сарқа пайдаландық. Қазіргі жүріп жатқан «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасы мен жол құрылысындағы бұрын-соңды болмаған бетбұрыс - бұл жай ғана жөндеу емес, мемлекеттің экономикалық дамуына, әлеуметтік тұрақтылығына әсер ететін маңызды фактор. Өйткені жылу электр орталықтары мен магистральдық құбырларды жаңарту арқылы біз қыс ортасындағы апаттардың алдын алып жатырмыз. Мыңдаған шақырым жолдар мен теміржолдардың салынуы Қазақстанды жаһандық саудадағы маңызды хабқа айналдырып, аймақтар арасындағы байланысты жаңа деңгейге шығаруда. Шалғайдағы ауылдарға сапалы ауыз су, электр жарығы, көгілдір отын тартылуда. Оның игілігін көріп жатқандарда да көп. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыстардың ел дамуындағы маңызы айрықша деп есептеймін!


Mezgil.kz



Ұқсас тақырыптар