Алматыда көне мұраны жаңа форматта таныстыратын ерекше көрме ашылды. 2 сәуір күні Әбілхан Қастеев атындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық өнер музейінде «Таңбалы: Бабалар коды» атты халықаралық көрменің ашылуы өтті. Шара Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен, «Таңбалы» мемлекеттік тарихи-мәдени және табиғи музей-қорығының ұйымдастыруымен өтіп жатыр.

(Сурет: шара ұйымдастырушыларынан)
Көрменің басты ерекшелігі – Таңбалы петроглифтерін заманауи өнер мен цифрлық технология арқылы жаңа қырынан көрсету. Жоба «Таңбалы» музей-қорығы мен фотосуретші Владислав Кимнің бірлескен жұмысы. Мұнда көне жартас суреттері жай ғана тарихи мұра ретінде емес, «бабалар коды» ретінде ұсынылған. Яғни, ата-бабаларымыздың дүниетанымы, мифологиясы, табиғат пен ғарыш туралы түсінігі осы таңбалар арқылы берілген.
Экспозицияда жартас суреттерінің фотокартиналары, петроглифтер негізінде жасалған арт-объектілер және жасанды интеллект қолданылған цифрлық жұмыстар қойылған. Көрмеде қолданылған мультимедиялық шешімдер келушілерге киелі кеңістіктің ерекше атмосферасын сезінуге мүмкіндік береді.
Көрменің негізіне ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енген «Таңбалы» музей-қорығының петроглифтері алынған. Бұл – әлемдік маңызы бар бірегей жартас өнері ескерткіші. Фотосуретші Владислав Ким көне таңбалардың көркемдік ерекшелігін, мағынасын және символдық мәнін бүгінгі көрерменге жақын әрі әсерлі етіп жеткізуге тырысқан.
Автордың айтуынша, бұл – Таңбалы петроглифтерін осындай форматта таныстырған алғашқы жоба. Оның сөзінше, басты мақсат – тек Қазақстанның сұлулығын көрсету емес, дәл Таңбалының өзіндегі петроглифтерді жаңа қырынан таныту.
Таңбалы аумағында шамамен 5000-ға жуық петроглиф бар. Соның ішінен ұзақ еңбектің нәтижесінде 50 жұмыс дайындалған. Ал Қастеев музейіндегі көрмеге солардың 13-і ғана қойылған. Бұл – арнайы іріктелген, алғаш болып ұсынылған жұмыстар.
Экспозицияда «күнбасты» бейнелер, ғұрыптық көріністер, сондай-ақ жол мен жаңаруды білдіретін символикалық композициялар бар. Автордың айтуынша, әр жұмыстың артында өз тарихы жатыр.
Көрменің қонақтары қатарында ЮНЕСКО-ның Алматыдағы аймақтық өкілдері, шетелдік жартас өнері мамандары, Бүкіләлемдік мұра нысандарының басшылары, сондай-ақ отандық археологтар, тарихшылар, этнологтар, мәдениеттанушылар мен музей саласының мамандары бар.
Айта кетейік, «Таңбалы: Бабалар коды» халықаралық көрмесі Әбілхан Қастеев атындағы Ұлттық өнер музейінде 24 сәуірге дейін жалғасады.
Mezgil.kz