«Эмоциялар мен мотивацияның жеке тұлға психологиясындағы рөлі» атты психологиялық тренинг өтті

Қазақ Америка Университетінде 1 курс студенттеріне арналған «Эмоциялар мен мотивацияның жеке тұлға психологиясындағы рөлі» тақырыбында психологиялық тренинг ұйымдастырылды. Іс-шараны қауымдастырылған профессор, PhD Төленді Шолпан Қанатқызы өткізді.


WhatsApp Image 2026-05-29 at 14.06.01.png

 

Тренингтің негізгі мақсаты – студенттердің эмоциялар мен мотивация ұғымдары туралы ғылыми-психологиялық түсінігін қалыптастыру, олардың жеке тұлға дамуындағы рөлін ашып көрсету, сондай-ақ эмоционалдық интеллект пен ішкі мотивацияны тәжірибелік жаттығулар арқылы дамыту.

 

Қазіргі заманғы білім беру кеңістігінде тұлғаның психологиялық тұрақтылығы, эмоционалдық реттелуі және мотивациялық бағыттылығы ерекше маңызға ие. Әсіресе жастар арасында эмоционалдық күйзеліс, мотивацияның төмендеуі, өзін-өзі бағалаудың тұрақсыздығы және әлеуметтік бейімделу мәселелері жиі кездеседі. Осы тұрғыдан алғанда, эмоциялар мен мотивацияның өзара байланысын түсіну тұлғаның өзін-өзі дамытуы мен кәсіби қалыптасуының маңызды факторы болып табылады.

 

Іс-шара оқытушының кіріспе сөзімен басталып, студенттерге эмоциялар мен мотивацияның адамның күнделікті өміріндегі, оқу процесіндегі және болашақ кәсіби қызметіндегі рөлі туралы ғылыми түсінік берілді. Алғашқы кезеңде «Эмоцияны тап» атты интерактивті жаттығу жүргізілді. Студенттер мимика мен қимыл арқылы түрлі эмоцияларды көрсетіп, оларды анықтау арқылы эмоционалдық қабылдау және тану дағдыларын дамытты.

 

Келесі кезеңде «Менің мақсатым» атты мотивациялық жаттығу ұйымдастырылды. Студенттер өздерінің қысқа және ұзақ мерзімді мақсаттарын айқындап, ішкі және сыртқы мотивация көздерін талдады. Бұл тапсырма олардың өзін-өзі тануына, мақсат қою қабілетін дамытуға және тұлғалық рефлексия жасауына ықпал етті.

 

Тренинг барысында студенттер бірнеше топқа бөлініп, эмоциялар мен мотивацияның негізгі түрлері бойынша жұмыс жүргізді: позитивті эмоциялар, негативті эмоциялар, ішкі мотивация және сыртқы мотивация. «Эмоция картасы» тапсырмасы арқылы әр топ өз бағыты бойынша теориялық түсініктерді талдап, нақты өмірлік мысалдар келтірді және постерлік жұмыстарын қорғады.

 

Сонымен қатар «Қиын жағдайдағы таңдау» атты рөлдік ойын өткізілді. Студенттер емтихан алдындағы стресс, сәтсіздік жағдайы, жетістікке жету сияқты өмірлік сценарийлерді сахналап, сол жағдайдағы эмоциялар мен мотивациялық реакцияларды көрсетті. Бұл әдіс олардың эмпатиясын, эмоционалдық түсіну қабілетін және коммуникативтік дағдыларын дамытуға мүмкіндік берді.

 

«Мотивацияның төмендеуі және оның салдары» тақырыбындағы кейс-талдау барысында студенттер мотивацияның төмендеу себептерін анықтап, эмоционалдық жағдайды талдап, мәселені шешудің тиімді жолдарын ұсынды. Талқылау барысында ішкі мотивацияның тұлғалық даму мен жетістікке жетудегі маңыздылығы ерекше атап өтілді.

 

Сабақ барысында интерактивті оқыту, тренингтік жаттығулар, рөлдік ойындар, топтық жұмыс, пікірталас, кейс-талдау және рефлексия әдістері кеңінен қолданылды. Бұл әдістер студенттердің танымдық белсенділігін арттырып, теориялық білімді тәжірибемен ұштастыруға мүмкіндік берді.

 

Тренинг нәтижесінде студенттер эмоциялар мен мотивация ұғымдарының психологиялық мәнін терең түсініп, олардың мінез-құлыққа әсерін талдай алды. Сонымен қатар ішкі және сыртқы мотивацияны ажыратып, эмоцияларды басқару, мақсат қою және тұлғалық даму дағдыларын жетілдірді.

 

Іс-шара жоғары деңгейде ұйымдастырылып, студенттердің белсенді қатысуымен өтті. Қатысушылар өз ойларын еркін жеткізіп, топтық жұмыстар барысында шығармашылық және сыни ойлау қабілеттерін көрсетті.

 

Аталған тренинг Қазақ Америка Университетінің білім беру кеңістігіндегі тәрбиелік-академиялық қызметін нығайтуға, студенттердің тұлғалық дамуын қолдауға және психологиялық мәдениетін арттыруға бағытталды.


Mezgil.kz



Сәйкес тақырыптар