Әмір Қасеновтің бұрынғы әйелінің мәлімдемесі: «18 жыл бойы өз баласын алдап келген адамға қалай сенуге болады?»

(Сурет: egemen.kz)
Достар, мен кәмелетке толмаған ұлымыздың әкесі — «КазТАГ» ақпарат агенттігінің бас редакторы, бұрынғы жолдасым Әмір Қасеновке қатысты жағдайға байланысты пікір білдіруге мәжбүрмін.
Әмір өзінің маған уақытында «ауыр ментальді жарақат» салғанымды және оның бұл жарақаты 18 жылдан бері мазалап келе жатқанын көпшілік алдында мәлімдегендіктен, мен де өз ұстанымымды айтып, істің анық-қанығын жеткізуді жөн көрдім. Егер Әмірдің өзіне басына іс түскенде әлеуметтік желіде әділдік, ашықтық пен адалдықты талап етіп шыға келгенін көрмесем, бұл тақырыпты мүлдем қозғамас едім. Иә, бұл жағдай менің намысыма тиді.
«Үйлену тойы болған түні белдікпен сабады»
Біз 2007 жылы таныстық. Ол кезде мен «Рейдер» криминалдық хроникасының редакторы едім, ал ол өзін блогер және фрилансермін деп таныстырды. Қарым-қатынасымыз басталып, ол ата-анамның үйіне қолымды сұрап келді. Көп ұзамай менің үйімде бірге тұрып, үлкен тойға дайындала бастадық. Ол өте қамқор, сезімтал болды, болашаққа жоспар құрып, бірден балалы болғысы келетінін айтты. Мен тез арада жүкті болып, тойды 2008 жылдың наурызына белгіледік.
Бірақ үйлену тойы болған күні бұл адамға деген көзқарасымды мәңгіге өзгерткен оқиға орын алды. Салтанатты шарадан кейін Әмір кенеттен өзгеріп, агрессивті әрі өтемпаз бола қалды. Алғашқы неке түнінде арамызда бір кесе шай үшін жанжал шықты.
«Сен енді менің әйелімсің, мен не айтсам, соны істейсің!» — деп, Әмір Кәсенов маған «нағыз келін» құсап, дәл қазір қызмет етуімді талап етті. Ол кезде менің аяғым ауыр, қатты токсикоз бен тойдан кейінгі шаршаудан әлім құрып тұрған еді.
Оның туыстарына ол қалағандай шай бермегенім үшін (яғни таңғы сағат 6-да келін шай құймағаным үшін) маған қатысты күш қолданылып, шалбардың белдігімен сабады.
Үлкен жанжал шығып, оған үйдегі туыстар мен қонақтар куә болды. Дәл сол түні мен оны үйден қуып шығып, бірге тұруды тоқтаттым. Аяқ-қолымның көгерген жерлері бір айдан астам уақыт кетпей қойды. Мен құқық қорғау органдарына жүгіндім, учаскелік полиция маған оның жақындауына тыйым салатын қорғау нұсқамасын берді. Содан бері екеуіміз де «жарақатпен» бөліскен сияқтымыз: мен тән жарақатын алсам, ол ментальді жарақат алды. Әмір мұндай қылығы үшін кешірім болмайтынын күтпеген сияқты.
Мен бұл егжей-тегжейлі жайттарды барлық сұрақтарға бір-ақ рет жауап беріп, бұл тақырыпқа қайта оралмау үшін, сондай-ақ маған бағытталған келемеж бен айыптауларды тоқтату үшін айтып отырмын. Әйтпесе, оның бір кездері менің күйеуім болғанын еске де алмас едім. Кейбір пікір қалдырушылар бұл тарихтың қазіргі жағдайға қандай қатысы бар екенін түсінбей жатыр. Соңына дейін оқыңыздар.
«Балаға бірде-бір киім не ойыншық алып берген жоқ»
Жүктілік кезеңін толықтай жалғыз өткіздім, тек өз күшіме сендім. Қасенов әкелік міндеттерінен мүлдем қашып, сырт айналды. Заңды некеміз 1,5 жылға созылды, 2009 жылдың соңында мен ажырасуға және алиментке арыз бердім. Содан Кәсенов сотта жұмыссыз, бейшара, кедей екенін айтып, алимент төлей алмайтынын мәлімдеді. Менің шкафымда оның сот органдарына «аяқтан тұрып кетуге уақыт беруін» өтініп жазған жүздеген түсініктемелері сақтаулы тұр. Ол «жақсы жұмыс табылса, ұлыма көмектесемін» деп уәде берген. Бірақ бала — әкесінің жұмыс тапқанын күтіп отыра алмайтын тірі жан ғой. Ұлым дүниеге келгеннен кейін маған бірден жұмысқа шығуға тура келді, себебі баланы асырау керек болды.
Криминалдық журналистикада қалу мүмкін емес еді — ауыр әрі негативті жаңалықтардан бойымды аулақ ұстағым келді. Сондықтан мамандығым бойынша кез келген жұмысты істедім: газет-журналдарға мақала жаздым, радиостанциялармен жұмыс істедім, рок және мотофестивальдар, ивенттер ұйымдастырдым, спорт тілшісі болдым. Тапқан әрбір теңгем ұлымның тамағына, киіміне, жаялықтарына, ойыншықтарына жұмсалды. Әмір Қасенов ұлына бірде-бір рет киім немесе ойыншық сатып алып берген емес.
Балам 2 жасқа толғанша омырауда болды, бірақ мен тұрақты жұмысқа шығуға мәжбүр болдым. Мені жаңадан ашылып жатқан «Tengrinews.kz» интернет-порталына тілші етіп шақырды. Сол порталдың оқиға орнынан жазылған ең алғашқы материалының авторы мен болдым! Басшылығым күндіз баланы емізіп келуіме рұқсат беретін. Бірнеше жылдан кейін «Тенгридің» өңірлік желісінің жетекшісі болдым. Бұл агенттікте 13 жыл жұмыс істедім.
«14 мың теңге алимент — бұл мазақ»
Бүгін менің ұлым мектепті бітіріп, осыдан 2 сағат бұрын ғана аттестатын алды. Мен оны мақтан тұтамын. Бірақ оның әке қамқорлығы мен махаббатын көрмегені ішімді ашытады. Ал «КазТАГ» (немесе Әмір Қасенов тағы қай жерде тіркелгенін білмеймін) маған алимент ретінде жіберетін сол бір сорлы 14 000 теңге жасөспірім баланың бір күндік шығынын да өтемейді.
Менің сұрағым келеді: үлкен тарихы бар тұтас бір порталдың бас редакторы Әмір Қасенов мұндай мардымсыз жалақымен өзінің үш баласы бар екінші отбасын қалай асырап отыр? Бұл жерде «жеке өмір» деп тығылу орынсыз: азаматтық жауапкершілік басталған жерде жеке өмір аяқталады. Егер сен оқырманға күмәнді ақпарат берсең, оқырман мұның артында кім тұрғанын білгісі келеді.
Көптеген адамдар оның әкелігі мен алиментке қатысты бұл оқиғаның банкпен арадағы дауына қандай қатысы бар екенін түсіне алмай жатыр. Мен де сұрақ қойғым келеді:
Егер адам 18 жыл бойы өз туған баласын алдап келсе, оған қалай сенуге болады және оның «КазТАГ»-тың мыңдаған аудиториясын алдамайтынына кім кепіл?
Бұл басылымның бухгалтериясы мен қаржылық істерінде тағы не болып жатқаны өте қызық. Неліктен Астанадағы жеке сот орындаушысы (ЖСО) Рустам Болақбаев оның нақты табысын анықтап, баланың пайдасына қарызды өндіріп бере алмай отыр? Неліктен Матаев пен оның бухгалтериясы сот орындаушысына ресми жауап бермейді? Сұраныстарды таңдап қарай ма?
Әлеуметтік желіде әділдік туралы айтатын Әмір Қасенов мырза, өзі «көкек әке» бола тұра, қандай әділдік туралы айтып отыр? Мен омыраудағы баламен үш жұмыста жанұшырып жүргенде әділдік қайда болды? Мен әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықты және өз балаларына деген жауапсыздықты ақтауды мүлдем дұрыс емес деп санаймын. Мұндай адамдардың қолын алуға болмайды.
Мен ешқандай реніш сақтаған жоқпын (менің менталды денсаулығым Әмір Кәсеновке қарағанда мықтырақ сияқты). Оған басына түскен барлық қиындықтарды лайықты түрде жеңіп шығуын тілеймін.
Бұл менің осы мәселеге қатысты жалғыз пікірім.
Mezgil.kz