Алакөл жағалауы: туристер үшін қауіпсіз әрі қолайлы демалыс аймағы

Жетісу өңірі құрылғалы бері туризм саласын, соның ішінде Алакөл жағажайын дамыту бағытында ауқымды әрі жүйелі шаралар қолға алынуда. Облыс әкімдігінің баспасөз қызметі мәлім еткендей, Мемлекет басшысының тапсырмасына сай, аумақтың санитарлық талаптарға сай болуына ерекше көңіл бөлініп отыр.

1783443779916913.jpeg

(Сурет: Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметінен алынды.)

Атап айтсақ, Ақши мен Көктұма ауылдарының көл жағасын ұдайы ретке келтіріп отыратын «Алакөл Тазалық» коммуналдық мекемесі құрылған. Бұл ұйымда елуге жуық маман еңбек етіп, жиырмадан астам техника тазалық жұмыстарына жұмылдырылған. Қазіргі таңда жағажай аумағында жеті жүз жиырма қоқыс контейнері, қырық төрт киім ауыстыратын орын, жиырма төрт модульдік және қырық бес биодәретхана орнатылған.

Су айдынындағы қауіпсіздік мәселесі де басты назарда. Былтыр Жетісу облысында шағын жүзу құралдарының қатынасын реттейтін, су пайдалану мен қауіпсіздік ережелері бекітілді. Онда барлық талаптар мен оларды бұзған жағдайдағы жауапкершілік түрлері жан-жақты көрсетілген.

Демалушылардың тыныштығы мен қауіпсіздігі үшін жағалауда тәулік бойы күзет қызметі ұйымдастырылған. Бұл іске он төрт құтқарушы мен он бір моторлы қайық тартылған. Сондай-ақ, биылғы шомылу маусымында қоғамдық тәртіпті қадағалауға елу полиция қызметкері, он алты арнайы көлік және бес дрон жұмылдырылды. Одан бөлек, жағалау бойына қырық құтқару мұнарасы тұрғызылып, он үш шақырымға буй сызықтары тартылды, отыз тоғыз бейнебақылау камерасы мен жеті пирс пайдалануға берілді.

Мамандар күн сайын жағажай мен суда тұрақты түрде рейд жүргізіп тұрады. Бейнебақылау камералары полицияның Жедел басқару орталығына тікелей қосылған. Бұл жүйе қоқыс тастау, рұқсат етілмеген жерге көлік қою секілді құқық бұзушылықтарды дер кезінде анықтап, заңға сәйкес шара қолдануға мүмкіндік береді.

Өз кезегінде туристер жағалаудағы оң өзгерістерге жоғары баға беріп жатыр. Демалушылар тазалықтың жоғары деңгейде екенін, қажетті гигиеналық құралдардың қарастырылғанын және жайлы жағдай жасалғанын ризашылықпен жеткізуде.

Еске сала кетсек, соңғы үш жылда Алакөлде инженерлік-көліктік инфрақұрылымды дамыту бойынша іргелі жобалар жүзеге асырылды. Жолдар жөнделіп, Үшарал әуежайы жаңартылды, темір жол және әуе қатынастары жолға қойылды. Сондай-ақ, елу жеті шақырым электр желісі тартылып, екі қосалқы станса іске қосылды. Қазіргі таңда тәулігіне алты жарым мың текше метр су тазартатын кәріз жүйесінің екінші кезегі салынуда. Оған қоса, он төрт шақырымға жуық аумақты қамтитын жағалауды бекіту жобасы жүргізілуде, ол келесі жазда аяқталмақ.


Mezgil.kz

 



Сәйкес тақырыптар