Алматы облысында Райымбек ауданының 90 жылдығы кең көлемде атап өтілуде. Үш күнге созылған айтулы мерекенің екінші күнінде Нарынқол ауылындағы Б. Мұқай атындағы Райымбек аудандық Мәдениет үйінде «Тарландар туған топырақ» атты ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

(Суреттер: Алматы облысы әкімдігінен.)
Шарада Алматы облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Әнуар Үмбетәлиев, ТҮРКСОЙ Бас хатшысының орынбасары Саид Юсуф сөз алып, көпшілікті Райымбек ауданының 90 жылдығымен құттықтады. ЮНЕСКО қамқорлығындағы Халықаралық Мәдениеттерді жақындастыру орталығы директорының орынбасары Салтанат Әшімова Қазақстан Халық Жазушысы, Қазақстанның Еңбек Ері Олжас Сүлейменовтің құттықтауын жеткізді. Мұқағали Мақатаевтың келіні Бақытгүл Айдарова да тағылымды сөздерін айтты.
Шара барысында ҚР ҰҒА Ш.Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының аға ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты Рашид Оразов Райымбек ауданының тарихы архив құжаттары жайында, белгілі этнограф-ғалым, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры, тарих ғылымдарының докторы Тәттігүл Картаева Райымбек ауданының тарихи этнографиясы турасында, Халықаралық Ш.Айтматов академиясының академигі, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры, филология ғылымдарының докторы Бұлдыбай Анарбай Сағиұлы М.Мақатаевтың «Райымбек! Райымбек!» поэмасындағы тарихи тұлғалар мен туған жердің табиғаты тұрғысында сөз қозғады. Тарих ғылымдарының кандидаты, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің қауымдастырылған профессоры Меңдігүл Ноғайбаева «Аспантау аймағы жылнамасы сипатындағы салыстырмалы сабақтастық: Бұрынғы және бүгінгі тарихи кезеңдер», Түркия Ұлттық қауіпсіздік академиясының қызметкері, әскери ғалым, философия докторы (PhD) Үміт Шахин «Қазақтың батырлық дәстүріндегі ұлттық кодтың көрінісі: Райымбек Түкеұлы және жадының жаңғыруы» тақырыбында тағылымды ой айтты. Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, Ақпарат саласының үздігі, «Мұқағали» республикалық әдеби-мәдени танымдық журналының бас редакторы Дүйсен Мағлұмов ««Мұқағали» журналы – мұқағалитанудың қайнар көзі», Райымбек ауданының Құрметті азаматы, ҚР Білім беру ісінің үздігі, ардагер ұстаз Дариға Саламатова «Райымбек ауданы рухани-мәдени өмірінің айнасы және Мұқағали Мақатаевтың әдеби-мемориалды музейінің тарихы» тақырыбында баяндама жасады.
Шара барысында «Аспантауым, атамекенім!» атты тарихи-танымдық кітаптың тұсаукесер рәсімі өтіп, жиын соңы Сүйінбай атындағы Алматы облыстық филармониясының концерттік бағдарламасына ұласты.
Айтулы мерекеге орай «Руханият салтанат құрған 90 жыл» атты аудандық кітапхана мен «Хантәңірі» газетінің 90 жылдығына арналған Журналистер форумы өтті. Ондааудандық кітапхана, «Хантәңірі» газеті, өнер мектептерінің көрмелері ұсынылды. «Хантәңірі» халық театрының театрландырылған қойылымына орын берілді.
Салтанатты шараның ашылуында Райымбек ауданының әкімі Дастан Құдабаев құттықтау сөз сөйлеп, аудандық кітапхананың 90 жылдығына арналған «KITAP ADAM» кітабының тұсаукесер рәсімін атқарды. Сондай-ақ Қазақстан Жазушылар одағына және Қазақстан Журналистер одағына мүшелікке қабылдау рәсімі өтті.
Райымбек ауданының жұртшылығы кешке қарай Нарынқол ауылының орталық алаңында өнер жұлдыздарының гала концертін тамашалады. Концертте Сұлушаш Нұрмағамбетова, Нұрлан Албан, Қанат Ибрагимов, Лашын Мұратқызы, Әбдіжапар Әлқожа, Баян сұлу, Еркеш Хасен, Нұрсұлтан Нұрбердиев, Сүйінбай атындағы Алматы облыстық филармониясының әншілері ән шырқап, көпшілліке көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Мерекелік концерт соңы от шашумен жалғасты.
Mezgil.kz