«Халық үні» тәуелсіз байқаушылар тобының фронтмендері Қызылорда қаласына арнайы барып, өңірлік штабтың жұмысымен танысты.

(Суреттер: Шара ұйымдастырушыларынан алынды)
Сапар барысында болашақ байқаушыларға арналған оқыту семинары ұйымдастырылып, сайлау процесіндегі құқықтық нормалар мен байқаушының құқықтары мен міндеттері жан-жақты түсіндірілді.
Оқыту барысында тәжірибелі мамандар байқаушылардың сайлау күні заң талаптарын сақтай отырып жұмыс істеуінің маңыздылығына ерекше тоқталды. Семинарда нақты тәжірибелік жағдайлар талданып, қатысушылардың сұрақтарына жауап берілді.
«Халық үні» байқаушылар тобының оқытушы мүшесі Нұргелді Әбдіғани: «Байқаушының ең басты құралы – құқықтық сауаттылық. Заңды жетік білетін байқаушы ғана сайлау процесінің ашықтығы мен әділдігін қамтамасыз етуге нақты үлес қоса алады. Біздің мақсат – әрбір байқаушыны теориялық әрі тәжірибелік тұрғыдан сапалы дайындау», – деді.
Өңірлердегі мұндай кездесулер алдағы уақытта да жалғасып, еліміздің барлық аймақтарында кәсіби әрі заң талаптарын жетік меңгерген байқаушылар корпусын қалыптастыруға бағытталмақ.
Mezgil.kz