Алматыдағы этномәдени бірлестіктер сайлауға белсенді қатысуға шақырды

Алматы қаласындағы этномәдени бірлестіктердің өкілдері мегаполис тұрғындарына үндеу жасап, маңызды қоғамдық-саяси науқаннан шет қалмауға шақырды. Олар белсенді азаматтық ұстаным, саналы таңдау және әрбір адамның қатысуы мықты, тұрақты әрі біртұтас мемлекеттің негізін қалайтынын атап өтті.

 1786028294161885.jpeg

(Сурет: Алматы қаласындағы этномәдени бірлестігінен.)


Бірлестік өкілдерінің айтуынша, Қазақстан әрдайым этносаралық келісім мен өзара құрметтің үлгісі болып келеді. Елімізде түрлі ұлт өкілдері бейбіт өмір сүріп, өз дәстүрлерін сақтай отырып, ортақ болашақты бірге қалыптастыруда. Олардың пікірінше, алдағы сайлау қоғамның бірлігі мен азаматтардың ел дамуына белсенді атсалысуға дайын екендігінің тағы бір дәлелі болмақ.

 

Алматы қалалық Орыс мәдени орталығының төрағасы Всеволод Лукашев сайлаудың мемлекет үшін де, әрбір азамат үшін де маңызды кезең екенін атап өтті.

 

«Баршамызды сайлау күтіп тұр. 23 тамыз күні бәріміз бірге сайлауға барамыз. Өйткені біз Жаңа Қазақстан үшін таңдау жасаймыз», – деді Всеволод Лукашев.

 

Үндеуге қатысушылар Қазақстанның басты күші халықтың бірлігінде екеніне сенімді. Ұлтына, жасына, мамандығына немесе діни сеніміне қарамастан, ел тұрғындарының барлығын мемлекетіміздің одан әрі дамуына деген ортақ жауапкершілік біріктіреді. Олардың айтуынша, әрбір дауыс маңызды, ал сайлауға қатысу – өз еліне, оның тарихына және келер ұрпаққа деген құрметтің көрінісі.

 

Этномәдени бірлестіктердің өкілдері бүгінде қоғамдық келісім, сенім және өзара қолдау ахуалын сақтау аса маңызды екенін айтты. Олар жоғары азаматтық белсенділік қазақстандық қоғамның кемелдігін, демократиялық құндылықтарға адалдығын және тұрақтылықты, бейбітшілікті әрі жасампаз дамуды нығайтуға деген ұмтылысын көрсететініне сенім білдірді.

 

Үндеу соңында олар Алматы тұрғындарын 23 тамыз күні сайлау учаскелеріне келіп, саналы таңдау жасап, ел болашағына өз үлесін қосуға шақырды. Олардың пікірінше, әрбір азаматтың қатысуы әл-ауқат, бірлік және жауапкершілік басты құндылықтар саналатын қуатты мемлекеттің негізін қалайды.


Mezgil.kz


Сәйкес тақырыптар