Үшінші теледебат: Партиялар мүмкіндіктерін қалай пайдаланды?

«Жібек жолы» телеарнасында өтіп жатқан саяси дебаттың үшінші кезеңінде жеті партия өз бағдарламаларын ортаға салып, сайлаушының алдында саяси ұстанымдарын ашық көрсетті.

1786553801704088.jpeg

(Сурет: Видео скрині)

Бұл жолғы пікірталаста «Ақ жол» демократиялық партиясынан Ермек Абилдин мен Бесмұхамед Шаукебаев, Жалпыхалықтық социал-демократиялық партиядан Нұрайдаш Камалова мен Лариса Лей, «Әділет» партиясынан Мәди Мырзағараев пен Айжан Аймағанова, Қазақстан халықтық партиясынан Жаандос Педайбеков пен Ирина Смирнова, «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясынан Ерболат Саурықов пен Жанера Сұлтанқұлова, «Байтақ» жасылдар партиясынан Алмат Тұртайев пен Амалбек Өміртай, Respublica партиясынан Динара Шөкежанова мен Олжас Куспеков қатысты.

Дебаттың басты мақсаты – пікірталас. Бірақ оның шын мәні – кімнің сөзі халықтың мәселесіне дәл тиеді, кім нақты шешім ұсына алады дегенде. Осы тұрғыдан алғанда, үшінші кезеңде кей партияның сөзі ұран деңгейінде қалса, кейбірінің айтқаны нақты саясатқа ұласты.

«АҚ ЖОЛДЫҢ» АЙТҚАНДАРЫ:

Әсіресе «Ақ жол» партиясының ұстанымы өткір әрі нақты көрінді. Партия өкілдері жастар мәселесін жай ғана «жастарды қолдаймыз» деген кезекті ұранға айналдырмай, олардың саяси процеске араласуына нақты мүмкіндік беру қажеттігін айтты.

«Қазіргі жастар ешкімнен кем емес. Олар өз елінде адал еңбек етіп, өз еңбегімен жетістікке жетуді қалайды. Бірақ ол үшін ең алдымен әділдік, қорғаныс және заң алдындағы теңдік қажет».

Бұл – бүгінгі жастардың сұранысын дәл сипаттайтын позиция. Жастарға марапат пен әдемі сөзден бұрын мүмкіндік керек. Ал мүмкіндік бар жерде әділдік пен заң болуы шарт.

«Ақ жолдың» тағы бір салмақты тұсы – заң алдындағы теңдік мәселесін нақты қоюы.

«Қоғамда бай да бар, кедей де бар, орта тап та бар. Мүмкіндіктеріміз әртүрлі болуы мүмкін. Бірақ заң алдында бәріміз тең болуға тиіспіз».

«ӘДІЛЕТТІҢ» АЙТҚАНДАРЫ:

Ал «Әділет» партиясы болса, басты екпінді сот пен заңның бәріне бірдей жұмыс істеуіне қойды. Мәди Мырзағараев пен Айжан Аймағанованың сөздеріндегі ең өткір тұстардың бірі – соттың әлсізге де, күштіге де бірдей болуы керектігі.

«Сот әлсізге келгенде батыр, ал күштіге келгенде дәрменсіз болмауы керек».

Партияның тағы бір назар аудартқан ұстанымы – құқық қорғау жүйесінің тәуелсіздігі мен азамат қауіпсіздігі.

«У нас нет своих и чужих — есть закон». Яғни лауазым да, ақша да, байланыс та заңнан жоғары тұрмауы керек деген позиция анық айтылды.

«АУЫЛДЫҢ» АЙТҚАНДАРЫ:

Ал «Ауыл» партиясының Ерболат Саурықов пен Жанера Сұлтанқұлова арқылы көтерген мәселелерінің өзегі – ауыл мен қала арасындағы мүмкіндік теңсіздігі.

Партияның ең өткір сұрағының бірі:

«Бүгінгі таңда ауылдағы азамат пен мегаполистегі азаматтың сапалы білімге қол жеткізуі, қолжетімді денсаулық сақтау қызметін алуы және мемлекеттік қызметке қол жеткізу мүмкіндігі бірдей ме? Жоқ, бірдей емес».

Бұл жерде мәселе анық: Конституциядағы құқық бәріне ортақ болғанымен, сол құқықты пайдалануға жағдай барлық жерде бірдей емес.

ӨЗГЕЛЕРІ НЕ АЙТТЫ?

Ал қалған партиялардың ұстанымдары да өз бағыттары бойынша көрінді. Нұрайдаш Камалова мен Лариса Лей бастаған Жалпыхалықтық социал-демократиялық партия, Жаандос Педайбеков пен Ирина Смирнова қатысқан Қазақстан халықтық партиясы, Алмат Тұртайев пен Амалбек Өміртай өкілдік еткен «Байтақ» жасылдар партиясы және Динара Шөкежанова мен Олжас Куспеков қатысқан Respublica да өз бағдарламаларын таныстырып, сайлаушыға бағыттарын ұсынды.

Бірақ дебаттың қызығы да, саяси салмағы да бір жерде тоғысады: халыққа бәрін уәде ету оңай, ал сол уәденің нақты механизмін көрсету қиын.

Үшінші кезеңде «Ақ жол» заң үстемдігі мен тең мүмкіндікті нақты мысалдармен байланыстырып, «Әділет» сот әділдігі мен қауіпсіздікке басымдық берсе, «Ауыл» ауыл мен қала арасындағы алшақтықты ашық көрсетті.

Сайлаушы үшін енді мәселе – кімнің дауысы қатты шыққанында емес. Кімнің сөзі нақты мәселеге тиіп, кімнің ұсынысының артында нақты механизм тұр?

Өйткені саясатта жақсы естілетін сөз көп. Ал халыққа керегі – жақсы естілетін сөз емес, жұмыс істейтін шешім.

Mezgil.kz


Сәйкес тақырыптар