Халықтың өз ұсынысын білдіріп, тұрып жатқан жерінің көркеюіне тікелей ат салысуына мүмкіндік беретін «Халық қатысатын бюджет» жобасының жүзеге асып келе жатқанына биыл алты жыл болды.

(Сурет:Алматы қаласы әкімдігінен алынды)
Бағдарламаның ережесі 2019 жылы бекітіліп, 2020 жылдан бастап нақты іске қосылды. Содан бері тұрғындар өз ауласын, көшесін немесе қоғамдық кеңістікті абаттандыруға қатысты ұсыныстарын білдіріп, дауыс беру арқылы үздік жобаларды анықтап жүр. Бағдарламаның басты ерекшелігі – тұрғындардың өздері қандай мәселенің бірінші кезекте шешілуі керек екенін ұсына алуы. Ол үшін budget.open-almaty.kz сайты арқылы түрлі санат бойынша өтінім беруге болады. Мысалы, ауланы жөндеу, абаттандыру, жарықтандыру, шатырды қалпына келтіру және тб. ХҚБ-ға қатысу тәртібі арнайы сайтта толық көрсетілген. Егер тұрғындарға өтінім беру барысында қандай да бір қиындық туындаса, тиісті мамандар жоба дайындау мен өтінім рәсімдеу тәртібін кезең-кезеңімен түсіндіріп, көмек көрсетеді. Ал жобаның жеңіске жетуі үшін ең маңыздысы – дауыс жинау. Қай жоба көп дауыс жинаса, сол басымдыққа ие болады. Сондықтан тұрғындардың белсенділігі шешуші рөл атқарады. Бұл ретте жоба авторы тек өз үйінің тұрғындарымен шектелмеуі мүмкін. Егер белгілі бір үйде тұрғын саны аз болса, көрші үйлерден, шағын аудан тұрғындарынан да дауыс жинауға болады.
ХҚБ жобасының жеңімпазын анықтауда тұрғындардың дауысы маңызды болғанымен, бұл жобаны іске асыру кезіндегі жалғыз талап емес. Жобаның техникалық және қаржылық сметасы да мұқият тексеріледі. Мысалы, арнайы ABC бағдарламасында құрылыс пен абаттандыру жұмыстарына қажетті материалдар мен жабдықтардың бекітілген құны көрсетілген. Яғни жоба авторы сметаны толтыру кезінде өз бетінше қалаған бағасын жаза алмайды.
Жоба бізге келіп түскеннен кейін арнайы мамандар тиісті аумаққа барып, қандай жұмыстар атқарылуы керек екенін анықтайды. Сарапшы мамандар қажетті материалдарды, жұмыс түрлерін тіркеп, нақты ақаулар мен мәселелерді тіркейді. Соның негізінде смета жасалып, ол ABC жүйесіне енгізіледі. Осылайша жобаны жүзеге асыруға қанша қаражат қажет екені нақты есептеледі. Одан кейін ашық конкурс өткізіледі. Конкурста белгіленген талаптарға сәйкес ең төмен баға ұсынған мердігер жеңімпаз атанады. Бірақ оның ұсынған жұмыстары жоба авторының бастапқы жобасына толық сәйкес келуі тиіс.
ХҚБ аясында жүзеге асқан жобаның сапасына да ерекше мән беріледі. Жоба авторы нысанның техникалық қадағалаушысы бола алады. Егер мердігер сапасыз материал қолданса немесе орнатылған нысан техникалық сипаттамаға сәйкес келмесе, тиісті шаралар қабылданады. Орнатылған нысандар мен орындалған жұмыстарға екі жылдық кепілдік мерзімі қарастырылған. Осы кезеңде жөндеу жұмыстарының сапасына қатысты мәселе анықталса, мердігер компаниядан тиісті міндеттемелерін орындау талап етіледі. Егер міндеттерін орындаудан бас тартып жатса, мердігерді сотқа да береміз.
Бұдан бөлек, жобаны іске асырудың алдында сарапшы комиссиясы жұмыс істейді. Егер ұсынылған жоба қаланың даму жоспарына сәйкес келмесе, жоба қанша дауыс жинағанына қарамастан конкурс кезеңіне жіберілмеуі мүмкін. Сарапшылар кеңесінің құрамына қоғамдық ұйымдардың өкілдері, әкімдік қызметкерлері, депутаттар және жобаға мүдделі басқа да органдардың өкілдері тартылады. Барлық мәселе белгіленген тәртіп бойынша талқыланып, шешім қабылданады.
Биыл Бостандық ауданында ХҚБ аясында бірден 13 жоба жүзеге асырылып жатыр. Биылғы жобаларда әсіресе жаңа қоғамдық орындарды абаттандыруға басымдық берілген. Мәселен, №37 емхана мен №215 мектептің аралығындағы Радостовец көшесінің бойында құрылыс жұмыстарынан кейін толық қалпына келтірілмей жатқан аумақты абаттандыру, жаяу жүргіншілер алаңы мен балалар ойын алаңын жасау, аумақты жарықтандыру жұмыстары атқарылып жатыр. Сондай-ақ Дулати көшесінің бойындағы мешіт маңы да абаттандырылып жатыр. Асқаров пен Саин көшелерінің бойындағы ретсіз орналасқан гүлзарлар да қайта ретке келтіріліп, аумақтың көркін жақсарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. ХҚБ арқылы шешіліп жатқан мәселенің тағы бірі – Үлкен Алматы өзенінің жоғары бөлігіндегі инфрақұрылымды жақсарту. Бұл аумақта абаттандыру жұмыстары жүргізілмеген. Одан бөлек өзен арқылы өтетін көпірлердің аздығы да тұрғындар үшін қиындық туғызып жүрген екен. Ол мәселені шешіп, төрт көпір салдық.
Бостандық ауданында келесі жылға арналған «Халық қатысатын бюджет» жобасына өтінім қабылдау тамыз айының соңында басталып, қыркүйек айының ортасына дейін жалғасады. Дәл қазір өз аумағындағы мәселені шешкісі келетін тұрғындардың жобаны ойластырып, көршілермен ақылдасып, ұсыныстарын дайындайтын уақыт.
Mezgil.kz