Әділетті қоғам қалай қалыптасады, өз сөзі мен ісіне жауапкершілік таныту неліктен қазіргі азаматтық мәдениеттің маңызды бөлігіне айналып отыр және бұл үдерістерде мемлекеттік институттар, жастар мен аға буын өкілдері қандай рөл атқарады? Осы және басқа да мәселелер Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті қоғамға – шыншыл сөз» кітабын талқылауға арналған кездесуде сөз болды.

(Сурет:Алматы обылысы әкімдігінен алынды )
Мемлекет басшысының жаңа кітабы 21 тақырыптық бөлімнен тұратын мазмұнды жинақ. Оған Қасым-Жомарт Тоқаевтың 1994 жылдан бастап әр жылдары айтқан және жариялаған таңдаулы баяндамалары, сұхбаттары, мақалалары мен ой-тұжырымдары енгізілген. Жинаққа енген материалдар Президенттің мемлекет пен қоғамды дамытуға, ұлттық бірегейлікке, мәдениетке, білімге, заңдылық пен жауапкершілікке қатысты көзқарастарын көрсетеді.
Талқылауға Алматы облысы әкімінің орынбасары Ғани Майлыбаев, зиялы қауым өкілдері, ардагерлер қозғалысының, мемлекеттік басқару саласының және азаматтық қоғам өкілдері қатысты. Қатысушылар кітапта қамтылған әділеттілік, жауапкершілік, заңның үстемдігі, мемлекетті дамыту және әр азаматтың қоғам өміріндегі рөліне қатысты негізгі идеяларды талқылады.
Кездесуді ашқан Ғани Майлыбаев кітаптан Мемлекет басшысының елдің дамуы, қоғамдық құндылықтар мен азаматтардың жауапкершілігі туралы ой-тұжырымдары арқылы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын көруге болатынын атап өтті.
– Ұлы бабамыз Әбу Насыр әл-Фарабидің «Адам бойындағы ең жаман қасиет – немқұрайлылық» деген сөзі бар. Сіздердің өздеріңіз айналысып жүрген кез келген жұмыс пен іске бейжай қарамай, түрлі іс-шараларға белсенді қатысып жүргендеріңіз қуантады. Бүгін Мемлекет басшысының жарық көрген, маңызы зор кітабын талқылау үшін дөңгелек үстелге арнайы келгендеріңізге шын жүректен алғыс айтамын, – деді облыс әкімінің орынбасары.
Кітапта Қасым-Жомарт Тоқаевтың қазіргі Қазақстанның негізгі мәселелеріне арналған баяндамалары, мақалалары мен ой-толғамдары жинақталған. Олардың қатарында мемлекеттілік пен егемендік, тарих пен мәдениет, «Заң және тәртіп» қағидаты, білім мен ғылым, ұлттық экономика, цифрландыру және жасанды интеллект, халықаралық саясат, сондай-ақ экологиялық мәдениет пен «Таза Қазақстан» бағдарламасы бар. Кітаптың мазмұндық өзегі қоғамның дамуын айқындауы тиіс құндылықтар туралы Мемлекет басшысының пайымымен байланысты. Жауапкершілік, білім, еңбекқорлық, кәсібилік және заңды құрметтеу орнықты мемлекеттің негізі ретінде қарастырылады. Сонымен қатар қоғамдық диалог мәдениетіне – адамның өз сөзіне жауап беруіне, әңгімелесушінің пікірін құрметтеуіне және өз іс-әрекетінің салдарын түсінуіне айрықша мән берілген.
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор Ержан Абдрахманов бұл еңбектің қалың оқырманға, әсіресе жас ұрпаққа қызықты әрі пайдалы екенін атап өтті.
– Менің ойымша, бұл кітап халық үшін жазылған. Онда Мемлекет басшысының жүріп өткен жолы мен ертеңгі күнге деген көзқарасы көрініс тапқан. Әсіресе жастарымыздың бұл кітапты оқып, зерделегені пайдалы деп ойлаймын. Өйткені ертең елімізді одан әрі дамыту мен нығайту міндеті дәл солардың еншісінде, – деді Ержан Абдрахманов.
Профессор кітапта педагогтерге, ғалымдарға, мәдениет қайраткерлеріне және қоғамның одан әрі дамуына өзіндік үлес қосып жүрген басқа да азаматтарға ерекше назар аударылғанын атап өтті.
Сөз сабақтастығын жалғастырған Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ақын, жазушы әрі журналист Сәуле Досжан тарих, мәдениет және рухани құндылықтар мәселелеріне тоқталды. Осы тұрғыда Мемлекет басшысының кітабы ұрпақтар сабақтастығы, ұлттық жадыны сақтау және мәдени мұраға қоғамның жауапкершілігі туралы ой қозғауға негіз болды.
Алматы облыстық ардагерлер ұйымының төрағасы Ерболат Тұрымбетов жастар мәселесіне назар аударды. Ол жастардың кәсіби және тұлғалық дамуына жағдай жасау, олардың еңбекке, білімге және қоғам алдындағы жауапкершілікке деген құрметін қалыптастыру қажеттігін айтты.
Талқылаудың тағы бір маңызды бөлігі «Заң және тәртіп» тұжырымдамасына арналды. Заң ғылымдарының кандидаты, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Алматы облысы бойынша филиалының директоры Қазбек Дәуталиев кітаптың қазіргі Қазақстанның саяси-құқықтық бағдарларын тереңірек түсінуге мүмкіндік беретінін атап өтті.
– Қазір біз өте маңызды кезеңді бастан өткеріп жатырмыз. Жаңа дәуір жағдайында Қазақстан үшін басты саяси-құқықтық бағдар – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың дүниетанымы деп есептеймін. Кітапта Президенттің қысқа әрі мазмұнды ойлары жинақталған. Мемлекеттік қызметшілер үшін бұл еңбек күнделікті жұмыста жақсы бағдар болып, мемлекеттік саясатты тереңірек түсінуге көмектесе алады, – деді Қазбек Дәуталиев.
Оның айтуынша, Қазақстанда шамамен 86 мың мемлекеттік қызметші бар, оның 4 мыңнан астамы Алматы облысында еңбек етеді. Сондықтан кітапта айтылған идеялардың мемлекеттік саясатты тікелей жүзеге асыруға қатысатын азаматтар үшін практикалық маңызы зор.
Кездесу барысында қатысушылар мемлекеттік бастамалардың азаматтардың күнделікті өмірінен қалай көрініс табатынын да талқылады. Заңдылық, жауапкершілік, өзге адамдарды құрметтеу және өз жұмысын адал атқаруға дайын болу әділеттілік идеялары нақты мазмұнға ие болатын қоғамдық ортаны қалыптастырады.
Талқылау барысында әртүрлі буын өкілдері бас қосты. Зиялы қауым өкілдері тарихи жады мен мәдениет мәселелеріне, ардагерлер жастар тәрбиесіне, ал мемлекеттік басқару саласының мамандары ел дамуының құқықтық және институционалдық аспектілеріне тоқталды. Бұл тақырыптардың барлығы кітап мазмұнына жан-жақты қарауға мүмкіндік берді.
Кездесуді қорытындылай келе, қатысушылар әділеттілік, жауапкершілік және заңды құрметтеу идеялары күнделікті өмірде жүйелі түрде жүзеге асырылуы қажет екенін атап өтті. Адамның өз жұмысына, отбасына, айналасына және мемлекетке деген көзқарасы арқылы елдің болашағына тікелей әсер ететін қоғамдық ахуал қалыптасады.
Дөңгелек үстел Мемлекет басшысының кітабын мазмұнды талқылауға мүмкіндік беріп, әртүрлі буын өкілдерінің бүгінгі таңда Қазақстанның қоғамдық дамуын айқындайтын мәселелер жөніндегі өз көзқарастарын ортаға салуына жол ашты.
Mezgil.kz