Қазақ қоғамының жаңа дәуірдегі дамуында жасампаздық ұғымының маңызы артып келеді. Бұл туралы ҚР Ұлттық музейінің директоры Берік Әбдіғалиұлы пікір білдірді.

(Сурет aikyn.kz сайтынан алынды)
Оның айтуынша, жасампаздықты тек белгілі бір идеологиялық ұстаным немесе ұран ретінде қарастыру жеткіліксіз. Ол – ұлттың дамуына серпін беретін, қоғамның жаңа қасиеттерін қалыптастыруға мүмкіндік беретін маңызды құндылық.
«Жасампаздықтықты идеология немесе ұстаным деп бөліп қарауға болмайды. Жасампаздық – біздің идеологиямыз да, ұлттық ұстанымымыз да. Оны ұлт ретінде дамуымызға, жаңа қасиеттерімізді қалыптастыруға мүмкіндік беретін құндылық, тетік, жол ретінде қарастыру керек. Ол тек – жай ғана ұран емес, тәрбие жұмысының бір бөлігі. Мемлекеттік идеология арқылы да әр адамға ұлттың жасампаздығын көрсетіп, түсіндіру керек», - дейді спикер.
Берік Әбдіғалиұлының пікірінше, жасампаздық ұлттың өзін-өзі дамытуымен тікелей байланысты. Яғни қоғамдағы әрбір азаматтың жаңа идея қалыптастыруы, еңбек етуі, елдің дамуына үлес қосуы – осы құндылықтың нақты көрінісі.
Сондықтан жасампаздықты күнделікті өмірден бөлек қарастырмай, оны тәрбие, білім, мәдениет және қоғамдық даму бағыттарымен сабақтастыра түсіндіру маңызды. Бұл ретте мемлекеттік идеологияның міндеттерінің бірі – ұлттық құндылықтарды заманауи мазмұнмен толықтырып, оны жас ұрпақтың санасына жүйелі түрде жеткізу.
Жасампаздықты осындай кең мағынада түсіну қоғамның тек бүгінгі мәселелерін шешуге емес, болашаққа бағытталған жаңа мақсаттар мен құндылықтарды қалыптастыруға жол ашады.
Mezgil.kz