Жаңа қазақстандық фильмдерді Кинопоиск арқылы таныту мүмкіндігі кеңейеді

Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаев Yango Group компаниясының бас директоры Даниил Шулейкомен кездесті.

1790868120844233.jpeg

(Сурет:https://www.gov.kz)

Тараптар креативті индустриялар, цифрлық технологиялар, жасанды интеллекті мен білім беру салаларындағы ынтымақтастықты дамыту, сондай-ақ қазақстандық контентті кеңінен таныту мәселелерін талқылады.

Отандық киноны цифрлық платформаларда насихаттауға ерекше назар аударылды. Кинопоисктегі қазақстандық жаңа фильмдер санын арттыру, фильмдердің тұсаукесерлеріне ақпараттық қолдау көрсету, сондай-ақ отандық туындыларды платформаның тақырыптық топтамаларына және көрерменге ұсынылатын фильмдер тізіміне енгізу мәселелері сөз болды.

Тараптар туындыларды заңсыз көшіру мен таратуға қарсы күрес пен авторлық құқықты қорғауға бағытталған заңнамалық бастамаларды бірлесіп ілгерілету мәселесін де талқылады. Сонымен қатар өнер мен кино саласында жасанды интеллектіні қолдану, креативті индустрияларды цифрландыру және заманауи цифрлық дағдыларды дамыту жайы қарастырылды.

Білім беру саласындағы ынтымақтастық аясында Yandex Qazaqstan сарапшылары мен тәлімгерлерінің Креативті индустрияларды дамыту қорының іс-шараларына қатысу мүмкіндігі қарастырылды.

Арман Қырықбаев Yandex Qazaqstan компаниясының «Creative Qazaqstan» жобасын да атап өтті. Қазақстанның қазіргі креативті экономикасына арналған бұл жоба «Хабар» және «Qazaqstan» телеарналарында жүзеге асырылып жатыр.

Кездесу соңында тараптар кино, креативті индустриялар, жасанды интеллекті мен цифрлық білім беру салаларындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға, сондай-ақ қазақстандық контентті кеңінен танытуға мүдделі екенін растады.

 Mezgil.kz



Сәйкес тақырыптар